Өңделген сиыр еті Қытайға экспортталады

Ендігі міндет - салқындатылған сиыр еті мен тірі малды экспорттауға қол жеткізу.

10 Маусым 2018 12:54 Автор: Фархат Әміренов
Өңделген сиыр еті Қытайға экспортталады, ет экспорты, Қытай, ауыл шаруашылығы өнімдері, сиыр еті, шектеулер

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 345 млн АҚШ долларын құраған екен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 32%-ға артық. 2016 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 261 млн АҚШ долларын құраған болатын.

Сондай-ақ, 2017 жылы Қазақстан аспанасты еліне жалпы құны 180,5 млн АҚШ долларына тең ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаған. 2016 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалып отыр. Атап айтқанда, былтыр 2016 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 34,3%-ға артып, 134,4 млн доллардан 180,5 млн долларға дейін ұлғайды. Бұйыртса, биыл аталған көрсеткіштерге де түзету енгізілмек. Өйткені, Қазақстан Қытайға сүйексіз сиыр етін экспорттауға мүмкіндік беретін келісімге қол жеткізді.

Ел президентінің Қытайға жасаған ресми сапары аясында ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың бас кеден басқармасы біздің мемлекеттен аспанасты еліне экспортталатын сиыр етіне арналған инспекция, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы хаттаманы бекітті. Бұл құжат мұздатылған сүйексіз сиыр етін Қытайға экспорттауға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – Қытай тарапымен салқындатылған сиыр еті мен тірі малды экспорттау үшін келіссөздер жүргізу.

Еске сала кетейік, Қазақстан сиыр және қой етімен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отыр. Қазір біздің ел мал санын көбейту арқылы ет экспортының әлеуетін арттыруға ұмтылуда. Бұл ретте Қытай Қазақстан үшін үлкен нарық ретінде таңдалып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ведомстваның негізгі міндеттерінің бірі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыру үшін жаңа нарықтар ашу. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізу.

«Осыған дейін Қазақстанның Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары вакцинациялау арқылы аусылдан босталыған таза аймақ мәртебесін алды. Соның нәтижесінде Қазақстаннан ветеринарлық сертификаттар бойынша Қытайға мал өнімдерін және тірі жануарларды жеткізуге жол ашылды. Сондай-ақ, 2016 жылы Қытай халық республикасы Қазақстанның 9 аймағына вакцинациясыз аусылдан босатылған таза аймақ мәртебесін берді. Бұдан бөлек, нодулярлы дерматитке қатысты шектеулер еліміздің барлық аймағынан алынып тасталды», - деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның Қытайға ет экспорттауы қиямет-қайым еді. Өйткені, Қытай тарапы ет экспортына қатаң шектеулер қойған болатын. Соңғы жылдары аталған шектеулер жұмсара бастады. Соның нәтижесінде былтыр Қазақстан Қытайға алғаш рет асыл тұқымды жылқы етін экспорттауға мүмкіндік алды. 2017 жылы отандық компаниялар 190 мың АҚШ долларына тең 68,9 тонна жылқы етін Қытай шекарасынан ары асырды.

Негізінен Қазақстаннан Қытайға экспортталатын ауыл шаруашылығы тауарларының негізгі бөлігін бидай, мұздатылған балық, күнбағыс тұқымы, күнбағыс майы, соя майы, рапс майы, мақта талшығы және басқа да майлы дақылдар құрайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, аталған өнімдерді экспорттауда айтарлықтай өсім бар. Мәселен, мұздатылған балық экспорты 2,2 есе (1301 тоннадан 2883 тоннаға дейін немесе 1,4 млн АҚШ долларынан 3,2 млн АҚШ долларына дейін), күнбағыс майы 2,3 есе (11,5 мың тоннадан 27 мың тонаға дейін немесе 10,1 млн АҚШ долларынан 21,9 млн АҚШ долларына дейін), соя майы 7,3 есе (578 тоннадан 4238 тоннаға дейін немесе 0,5 млн АҚШ долларынан 3,4 млн АҚШ долларына дейін) артқан.

Фархат Әміренов