Өңірлерді қай салалар асырап отырғаны анықталды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4901

Шымкенттің ОҚО-дан бөлініп, өз алдына отау тігуінің алғашқы экономикалық қорытындысы белгілі болды.

Өңірлерді қай салалар асырап отырғаны анықталды

Ұлттық экономика министрлігі ел басшылығына есеп тапсырып, бірнеше өңірдің өндіріс бойынша артта қалғанына дабыл қақты. Бір айта кетерлігі, бұл қатарды Шымқаласынан "айырылған" жаңа Түркістан облысы толықтырып отыр. 

Жалпы, биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша өндірістің, тиісінше, барлық саладағы бизнестің табысының өсуі 17 өңірдің 14-інде тіркеліп отыр. Осының арқасында, тұтастай алғанда, Қазақстанның өндірістік өсуі, 2017 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда, 105,2%-ды құрады. Бұл 4 пайыз көлемінен аспай жүрген еліміздің ЖІӨ-сінің өсімінен жоғары.

Бұдан да биік меже бағынуы мүмкін еді. Алайда есепте айтылғандай, Қызылорда, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары бұл салада құлдырауға жол беріп, көркем көрсеткішті кері тартқан. Әйтпесе, осының алдында, осы жылғы бес ай қорытындысы бойынша 105,4 пайызға жеткен болатын.  

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, өнеркәсіптік өндірістің өсімі бойынша көшбасшылар анықталды. Бұл ретте бірінші орынға Атырау облысы шығып отыр, жыл басынан бері оның өндірісі 112,6 пайызға шығандады. Сарапшылардың айтуынша, егер бүкіл еліміз дәл осындай қарқынмен ілгерілесе, Қазақстан әлемдегі дамыған елдер қатарына ғасыр ортасында емес, алдағы он бес жылдық ішінде қосылып қалуы ықтимал болар еді.

Екінші орынды 111,1 пайыздық көрсеткішімен Жамбыл облысы иеленіп отыр. "Үштікті" Қостанай өңірі тұйықтайды, оның өсімі 110,7 пайыз.

Өзге өңірлерге тоқталсақ, Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсібі 107,1 пайызға, Ақмола облысында 105,4 пайызға, Ақтөбе облысында 105,1 пайызға, Павлодар облысында 104,6 пайызға, Алматы қаласында 104,4 пайызға, Алматы облысында 103,7 пайызға, Қарағанды облысында 102,4 пайызға, Астана қаласында 102,3 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 102,2 пайызға, Маңғыстау 101,2 пайызға артты.

Осы орайда "республикалық маңызы бар қала" ретінде Алматы мен елорданың қатарына қосылған Шымкент қаласының көрсеткіші назар аудартады. Осы жаңа мегаполис өз құрамында болғанда, Оңтүстік Қазақстан облысы алдыңғы айларда 107 пайыздай өсім паш етіп, көшбасшылардың қатарында болыпты. Алайда маусым айында шымқаланы бөлек шығарып, жаңа өңір болып құрылысымен, Түркістан облысының өндірісі бір-ақ ай ішінде 96,1 пайызға дейін күрт құлдырады. Ал Шымкент мегаполисі жартыжылдық қорытындысы бойынша 103%-дық өсіммен, лидерлерге жақын жүр. Оның үстіне мамандар Шымкенттің ескерілмеген әлеуеті зор екенін ескертеді. Мысалы, егер алты айды алмай, алдыңғы мамыр айындағы көрсеткішімен салыстырсақ, Шымкенттің өндірісі өткен маусым айының қорытындысында, яғни бір ай ішінде адам сенбес 163,9 пайыз өсімге қол жеткізген!

Негізі, аутсайдерлер сапынан жаңа облыс қана емес, Батыс Қазақстан облысы (небары 98,6 пайыз) және Қызылорда облысы (95,3%) табылуда.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстанда қай облыстың экономикасын қандай салалар алға сүйреп келе жатқанын, қай өңірді қандай өндіріс асырап отырғаны да мәлім болды. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің басқарма басшысы Әсел Шауенованың мәліметінше, мәселен, Атырау облысында шикі мұнай өндірісі көлемінің жоғарлауы есебінен өнеркәсіптік өндіріс артуда. Жамбыл облысының тұғыры "фосфатты шикізат, фосфор, фосфорлы тыңайтқыштар және портландцемент өндірісі" арқасында жоғарылады.

Қостанай облысында "темір шекемтастары және қойыртпаларының, жеңіл автомобильдердің, ұн және макарон өндірісі" өсім нүктелеріне айналған.

ШҚО-ны "мыс кендері және қойыртпалары, күнбағыс майы, тазартылған алтын, тазартылған мыс және жеңіл автомобильдер өндірісі" өрге бастады.

Ақмола облысында "құрамында алтыны бар кендерінің өндірісі өсті",  бұдан бөлек "ұнның, шарикті немесе аунақшалы мойынтіректер өндірісі" алда.

Ақтөбе облысы "хром кендері мен қойыртпалары, мырыш қойыртпалары және мыс-мырыш кендері, феррохром және натрий бихроматы өндірісін" мақтан тұтады.

Павлодар облысының "мыс қойыртпасы, дизельдік отын және болаттан жасалған құбырлар өндірісі" биікке өрлеуде.

Бір қызығы, Алматы қаласының мерейін "күнбағыс майы, өңделген кофе және шай, және теледидар қабылдағыштары өндірісі" тасытуда.

Алматы облысының көрсеткішін "өңделген сүт, қант және электр аккумуляторлар өндірісі" жақсартуда.

Шымкент қаласы биыл "мақта талшығының, керосин және трансформаторлар өндірісі" арқасында асқар межелерді өз бетінше алуда.  

Қарағанды облысында "жазық илек, тазартылған алтын, легірленбеген болат және оқшауланған сымдар өндірісі" оң үрдістерге арна салуда

Астана қаласы шенеуніктерге емес, "преформалар, тазартылған алтын және қара металдан жасалған конструкциялар өндірісіне" сүйенеді.

Солтүстік Қазақстан облысы "тазартылмаған рапс майы, өңделген сүт және ұн өндірісі" арқасында көрсеткішін көркемдеуде.

Бұл рейтингте Маңғыстау облысы "шикі мұнай өндірісі көлемінің жоғарлауы есебінен" кері тартушылар қатарына қосылудан құтылды.

Ал Батыс Қазақстан облысы "газ конденсаты өндірісінің төмендеуі" кесірінен, Түркістан облысы "уран кендері өндірісінің құлдырауы", Қызылорда облысы "шикі мұнай өндірісінің құлауы" кесірінен дабылды "аймаққа" кіріп кеткен. Өйткені бұл өңірде кеңес кезінен бері қарқынды түрде игерілген "қара алтын" кенорындары қазір түгесілуге таяды.

Бірақ жалпы алғанда, еліміз бойынша 2018 жылдың 1-ші жартысында мұнай өндірісі былтырғыдан 106,2%-ға ұлғайды. Кен өндірісі де 105,5%-ға артқан.

Экономиканың мұнайға тәуелділіктен қаншалықты кете бастағанын көрсететін тағы бір көрсеткіш те оң үрдіске ие: өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 5,2%-ға өсті. Тамақ өнімдері өнімдер шығаруды 105,2%-ға, қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі 112%-ға, химиялық өнеркәсіп өнімдері 111%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі 105,6%-ға, металлургия өнеркәсібі 103,4%-ға және машина жасау 117,2%-ға артып отыр.

Сарапшылардың байламынша, бұл көрсеткіштер Қазақстанның күйзеліс аймағынан шығып, қарқынды дамуға бет алғанын аңғартады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу