Өңірлік франшизаның өрісі кеңейіп келеді

14281

Алматыдағы мәскеулік "Шоколадница" мейрамхана желісі қызметін тоқтатты.

Өңірлік франшизаның өрісі кеңейіп келеді

Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының вице-президенті  Бекнұр Қисықов abctv.kz тілшісіне берген сұхбатында қызметін тоқтатқан желі мен еліміздегі франшизаның жай-жапсарын әңгімелеп берді.

Вице-президенттің мәліметіне қарағанда, "Шоколадница" Мәскеуде  өткен ғасырдың 60-шы  жылдарында пайда болған. Оның франшизаға шығуы өте қуантарлық жағдай.

"Менің білуімше, - дейді Бекнұр Қисықов, - мейрамхананың Мәскеудегі  желісі бұрынғысынша  жұмыс істеп жатыр. Астанада да дәл осындай жағдай. Алматыдағы қызметіне келетін болсақ, бұған франшизаның қандай да бір әсері болды дей алмаймыз. Кез келген кәсіптің даму, құлдырау кезеңі болады. "Шоколадницаның"  иелері бір брэндпен жұмыс істеуден жалыққан болу керек".

Бекнұр Қисықовтың топшылауынша, бұл жерде дағдарыстың да салқыны бар.

"Біздің елімізде бизнестің 90%-ы дағдарысқа дейінгі кезеңге бейімделген. Яғни барлығы тұрақты табыстың болуына үйреніп қалған. Ал дағдарыс кезінде кәсіп жүргізудің әдісі өзгереді. Бұрынғыдай мол табыс түспегенімен, әупірімдеп өмір сүруге болады. Кәсіпкерлердің дені болашақта табыс табу үшін қызметін жалғастыра беруге ұмтылады. Ашығын айту керек, біздің кәсіпкерлер мұндай жағдайға әлі бейімделмеген. Десек те осының өзі елімізде нарықтың қарқынды жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Бұл - жұмыс істегісі келмейтіндер кетеді, олардың орнын  басқалар басады деген сөз", - дейді Бекнұр Қисықов.

Бизнесті дамытудың әлемдік үлгісімен жүруге тура келеді

Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының вице-президенті Бекнұр Қисықовтың мәлімдеуінше, биыл еліміздегі франчайзинг саласында үлкен өзгеріс болады.

"Бірқатар бизнес түрлерінің қызметі  тоқтайды. Есесіне жаңа кәсіп түрлері мен кәсіпкерлер пайда болады. Ең мықты брэндтер ғана өзін-өзі сақтап қалады. Алдағы уақытта нарықта  демократиялық құндылықтарға бейімделген бизнес түрлері ғана дамиды. 

Біздің елімізде  кәсіпкерлер аз айналымнан  көп пайда тауып үйренген. Ендігі жерде бизнесті дамытудың әлемдік үлгісімен жүруге тура келеді. Яғни айналым көп, пайда аз. Бұл – тұтынушылар үшін тиімді", - дейді Бекнұр Қисықов.

Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының дерегіне сәйкес, қазіргі таңда елімізде 450-ге тарта франшиза желісі жұмыс істейді. Ал Бекнұр Қисықов  франчайзинг нарығы еліміздің экономикалық ахуалына бейімделіп жатқанын айтады.

"Қазақстандық франчайзинг даму үстінде. Аймақтарда отандық сауда белгілері де қарқын алып келеді. Дегенмен барлығының тауар айналымына доллар құнының қымбаттауы кері әсерін тигізіп тұр, - дейді Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының вице-президенті  Бекнұр Қисықов.

Оның болжамынша, болашақта аймақтарда франчайзинг қарқын алады. "Қазіргі таңда  өңірлердегі кәсіпкерлердің арасында франшизаға деген қызығушылық артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қауымдастыққа хабарласып жатқандардың саны күн сайын көбейіп келеді. Олар франшизамен айналысуға қатысты кеңес сұрап, бизнестерін франчайзингке шығаруға өтініш білдіріп жатыр", –  дейді Бекнұр Қисықов.

Ол іссапармен Қызылорда, Ақтөбе қалаларын аралаған кезде бірқатар компаниялардың франшизаға дайын екеніне көз жеткізген.

"Осы жылы оншақты аймақтық компания көпшілік тұтынатын тағам, мейрамхана бизнесі, балаларды дамыту орталығы және тағы да басқа бағыттағы франчайзингтік қызметін жария етеді деген сенімдемін. Әрине  фаст-фуд саласында шетелдік компаниялардың желісі өте көп. Дегенмен тұтынушылардың  талабы күннен-күнге күшейіп келеді. Олардың талғамы да өзгерген. Тұтынушылар жаңа тағам түрлерін татып көргісі келеді. Аймақтардың  дәл осы сұранысты қанағаттандыруға күші жетеді", – дейді Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының вице-президенті Бекнұр Қисықов.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу