Онлайн-несие оңдырмайды

7068

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, өткен жылы халыққа 110 млрд теңге қарыз берілген. 

Онлайн-несие оңдырмайды

Қазір шұғыл ақша қажет болса, мәселе оп-аңай шешіледі. Себебі онлайн-несие бар.

21 жастан асқан адамдарға несиені оңды-солды үлестіретін қызметтің бұл түрі клиенттен жеке басты куәландыратын құжат қана талап етеді. Жұмыс орнынан табыс жөнінде анықтама, зейнетақы жарнасын аударатыныңызды растайтын құжат, несие тарихы қажет емес. 15 минуттың ішінде қалтаңызды қампайтып, әмияныңызды толтырып аласыз. Бәленің бәрі қарызды қайтарған кезде басталады.

49 мыңның машақаты
Шымкент қаласының тұрғыны, бағдарламашы Достияр Тілеубеков несие төлеуге ақша таппай, онлайн-сервистен 49 мың теңге алған. Сөйтіп қарыз үстіне қарыз жамаған. 

Ол онлайн-несиені 72 мың теңге етіп қайтаруға тиіс еді. Алайда көрсетілген соманы дер кезінде тауып бере  алмай, 3 айдың ішінде қарызын 142 мың теңгеге өсіріп алған. Өйткені қарызды кешіктірген әр күнге өсімпұл қосылып отырған. Ал ұялы байланыс операторларының бірінде жұмыс істейтін Толқын Бекбосынқызы қажеттілік туған соң 30 мың теңге несие алған. Бірақ келісімшартты оқымаған. Бұл туралы ол: "Бір айдан кейін 48 мың теңге төле деген хабарлама келді. Қалай, сонда маған 60% үстемеақы қосылған ба? Амал жоқ, тиісті соманың барлығын төлеуге мәжбүр болдым. Бұдан кейін онлайн-несие деген жаққа аттап баспадым", – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда ең алғашқы онлайн-несие 2014 жылы рәсімделген. Бүгінде елімізде 2 мыңдай  компания онлайн-несие берумен айналысады. Былтыр  онлайн-несиеге қатысты 1 миллионға жуық келісімшарт жасалған. Жалпы саны 248 мың клиент онлайн-несие алған. Бұлардың 76-сы ғана құқықтарының бұзылғанын айтып, тұтынушылар құқығын қорғау қызметіне шағымданған.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, өткен жылы халыққа 110 млрд теңге онлайн-несие үлестірілген.

Күніне 2%, жылына 700% қосады
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, шағын несие ұйымдары берген ақшаларының үстіне күніне 2%, жылына 700% қосады. Халықты теспей соруды доғару үшін өсімпұлды азайту керек.

Осыдан біраз бұрын депутаттар онлайн-несие нарығын реттейтін заң жобасын талқылады. Халық қалаулылары сыйақының жылдық мөлшерлемесін 100% көлемінде шектеу және несие бойынша артық төлемнің ең жоғарғы мөлшерін 100%-дан асырмау мәселесін қарастырды. Осыған қатысты Мақсат Халық: "Бұл – орташа ставка. Ал кейбір сервистер күніне 2,5%-дан ұстайды, оны бір жылға шақсаңыз, 900%-дан асып кетеді. Бұл ақылға сыймайтын көрсеткіш. Нарықтың дәл осы саласын шұғыл түрде заңмен реттеу қажет", деді..

"Ала берсем, ала берсем..."
Шағын несие ұйымдары осындай ашкөздікпен өмір сүреді. Олар 700%-дық алымның 100%-ға түсуіне қарсы.

"Егер реттеуші жылдық мөл­­шер­лемеге шектеу қой­са, бұл шешім жалпы на­рыққа жа­ғымсыз әсер етеді. Шағын несие ұйым­дарының бір бөлігі нарық­тан кетеді. Мөлшерлемені шектеу нарықтық экономикаға қайшы. Себебі  мемлекеттің қызмет құнын қалыптастыруға тікелей араласуы нарықты бұзады", – дейді "Чес­тное слово" халықаралық онлайн-сер­висінің бас директоры Анд­рей Петков.

Kazfintech қауымдастығының мәлі­ме­тін­ше, несиенің мерзімі мен мөлшерлемесі орта­ша көрсеткіш жағдайында он­лайн-сервис бизнесінің та­быс­тылығы шамамен 7%-ды құрайды. 

"Салыстыратын бол­сақ, стоматологиялық биз­нес­тің табыстылығы – 14,7%, ал мей­рамхана (кофехана) биз­не­сінің табыстылығы – 26%", – дейді қауымдастық өкілдері.

"Барлық дамыған елдердің қар­жылық технологиялар н­а­ры­­ғында шектеу бар. Олардың көпшілігінде не­сие мөлшерлемесіне тікелей шек­теу қойылмаған. Мысалы АҚШ-тың көптеген штат­тарын­да мөлшерлемеге шектеу жоқ, ал орташа ставка – жылы­на 600%. Сол үшін пайыздық мөлшерлемеге емес, қарыздың жиынтық борышына шектеу қойсын", – дейді онлайн-сервис өкілдері. Мысалы, Ұлыбританияда 2016 жы­лы мемлекет қарыздың жи­ын­тық борышына 100% шек­теу қойды. Дәл осындай шектеу Чехияда, Латвияда бар. Ресейдің Орталық банкі борыштың ең жоғары мөлшерін 150% көлемінде шектеуді жоспарлап отыр.

"Аталған елдердің ба­р­лы­­ғында қаржылық-тех­но­ло­гия­лық сектор дамып жа­тыр", – дейді онлайн-несие берушілер.

Онлайн-кредиторлардың бұл ойы адамның күлкісін келтіреді. Олар АҚШ-ты алға тартады. Қазақстан мен АҚШ-тың әлеуметтік жағдайы жер мен көктей екенін еске алсақ, шағын несие ұйымдарының қарақан бастарының күйін күйіттеп отырғанын бірден түсінуге болады

"Шағын несие ұйымдарына 100%-дық мөлшерлеме жетіп артылады. Мөлшерлеме қысқарса бизнестің табыстылығы азайып қалады деген жалған сөз. Ал "пайызды шектемеу керек" деп жүргендерді шағын несие ұйымдарының сыбайластары деп білемін. Тіпті кейбір халық қалаулылары онлайн-кредиторлардың сойылын соғып шыға келеді. Маман ретінде айтарым, бұл жерде ешқандай аяушылық қажет емес. Иә, онлайн-несие берушілердің саны азаюы мүмкін, есесіне нарықта тұрақты әрі мықты компаниялар ғана қалады. Ал арамдықпен, алаяқтықпен оңай олжаға кенелгісі келгендер қайраңда қалады. Бұл заң осыдай реформа үшін қажет", –  дейді экономист Мақсат Халық.

Маманның мәлімдеуінше, онлайн-несие беретін компаниялар керек. Өйткені банктер үлкен қалаларда шоғырланған. Шалғай ауылдарда тұратын азаматтарға да мұқтаждық туғанда жүгінетін қаржы көзі қажет. Бұл тұрғыда онлайн-несие таптырмас қызмет. Тек оның жұмысы заңмен реттелуге тиіс.

Сақтансаң сақтайды
Қанша үгіттесек те, мұқтаж адам несие алудан бас тартпайды. Сондықтан оқырманға онлайн-несие алғанда қаперде ұстайтын бірнеше ақыл-кеңесті ұсынамыз. Ең алдымен http://kazfintech.kz/ сайтына кіріп, сіз несие алатын компания kazfintech қауымдастығына кіре ме, жоқ па, соны тексеріп алыңыз. Компанияның сайты, кеңсесі, барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беретін қолдау қызметі бар ма, оны да анықтаңыз.

Жеке куәлігіңізді бөтен адамдарға бермеңіз, кей терминалдар несие бергенде адамның түріне мән бермей, тек құжат бойынша рәсімдей береді. Өзі несие алмаса да, сондай алаяқтарға тап болған талай адам тұтынушылар құқығын қорғау қызметіне жүгініп, әуре-сарсаңға салынып жүр.

Жанат Нұржауқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу