Оңтүстік Мойынты алаңындағы алтын кенішін түрік компаниясы иеленді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5215

"Тау-кен Самұрық" ұлттық компаниясы мемлекеттің ОМА-дағы алтын кен орнындағы 100% үлесін түріктерге сатқанын жариялады.

Оңтүстік Мойынты алаңындағы алтын кенішін түрік компаниясы иеленді

Бұған дейін негізінен мұнай және құрылыс салаларында белсенді әрекет еткен түрік инвесторлары қазақ жеріндегі қатты пайдалы қазбаларды да барлап, өңдеу бойынша ірі жобаларды іске асыруға ынтызарлық білдіруде. Енді олар алғашқы ірі қадамдарын жасап отыр. 

"Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясы Қарағанды облысындағы Алайғыр кен орнындағы полиметал кенін өндіру және қайта өңдеу, сондай-ақ Оңтүстік Мойынты алаңындағы алтынды барлау бойынша қолданыстағы жобаларды іске асыруға стратегиялық инвесторларды тартуда. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік республикасына бүгінгі сапары барысында "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясының өкілдері түріктің Lidya Madencilik компаниясымен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Ол Оңтүстік-Мойынты алаңындағы (ОМА) алтыны бар кен орнын сатуды қарастырады", – деп мәлім етті аталған ұлттық компания.

Құжатты Қазақстан тарапынан "Тау-Кен Самұрық" ҰТК" АҚ басқарма төрағасы Қанат Құдайберген, ал түрік тарапынан LidyaMadencilik бас директоры Мустафа Аксой қолдарын қойып, бекітті.

Айтқандай, ОМА алтынды кенорнын барлау бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының мемлекет иелігінен шығарылғандығы туралы "Тау-Кен Самұрық" 2017 жылғы маусым айында жариялаған болатын. Содан былтырдан бастап, инвестор келгенше, ОМА-да геологиялық барлау және дала жұмыстары жүргізілмейді.

ОМА-ны сату туралы халықаралық деңгейде жарнама орналастырылғаннан кейін осы активке қызығушылық білдерген тек Lidya Madencilik компаниясынан ғана жалғыз ұсыныс келіп түсіпті. Ал қазақстандық инвесторлардың мол инвестицияны қажет ететін бұл жобаға тісі батпапты. Бұған ОМА-ның толық барланбағаны, яғни барлау жұмыстарына шығын шығаруды қажет ететіні де әсер етсе керек.

Сондықтан өткен жылғы қыркүйек пен 2018 жылғы тамыз айлары аралығында "Тау-Кен Самұрық" пен түріктің Lidya Madencilik компаниясының басшылығы арасында келіссөздер жүргізілген.

Оның қорытындысында, ынтымақтастық шарттары келісілді. Атап айтқанда, түріктер ешкіммен бөліспей, тұтас иелену, яғни ОМА кен орнының 100% үлесін сатып алу бойынша мүдделерін ілгерілеткен. Ел үкіметі оны мақұл көрген. Өйткені "түрік компаниясының Түркиядағы алтын кен орындарын игеруге байланысты жұмыстарда жеткілікті тәжірибесі бар" көрінеді.

Ресми ақпаратқа жүгінсек, Lidya Madencilik компаниясы осыдан он екі жылдай бұрын, 2006 жылы негізі қаланған жас кәсіпорын. Бірақ ол тарихы бай Calik Holding компаниялар тобының тау-кен өндіру жөніндегі бөлімшесі болып табылады. Басқаша айтқанда, түрік компаниясы оны өздері үшін жаңа саланы игеру мақсатында арнайы құрған.

Әйтпесе, Calik Holding энергетика, құрылыс, жылжымайтын мүлік, тоқыма өнеркәсібі, қаржы және телекоммуникация салаларында жұмыс жасауға маманданған екен. Тұтастай алғанда, 22 елде, оның ішінде, Орталық Азия, Балқан өңірі, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде өкілдіктері бар. Calik Holding-тің жалпы активтері 2017 жылдың соңында 10,26 миллиард доллар мөлшерінде бағаланды.

Lidya Madencilik болса, сонша алпауыт емес: ол Түркиядағы көлемі бойынша екінші орындағы Çöpler Gold Mine кен орнының 20% үлесіне ие. Бұдан басқа, компания қоржынында геологиялық барлау және жобалық құжаттама әзірлеу сатысындағы бірнеше жобалар бар, оның ішінде, Gediktepe, Hot Maden Project алтын-мыс кен орындары, Бурса, Балыкесир және Гюмюшхан (Түркия) аудандарындағы бірқатар кен орындары бар.

Яғни, "Оңтүстік Мойынты алаңы" оның алыс шетелдегі алғашқы қадамы.

ОМА-ның жайына келсек, ондағы алтынды барлауға арналған келісімшарт 2015 жылдан бастап күшіне енген (2015 жылғы 4 ақпандағы № 4535 контракті). Әзірге тек 2021 жылға дейін әрекет етеді. Ары қарай түріктер өздерінің лайықты инвестор, пайдалы бизнес субъектісі екенін дәйектеп, рұқсатты ұзартулары қажет.

Түріктерге алтын іздеу үшін қимылдайтын өрісі 234 шаршы шақырым жерді алып жатыр, кен орнының ауданы сонша ауқымды құрайды.

Келісімшарттық аумақта 2015-2016 жылдары дала геологиялық барлау жұмыстары жүргізілген, 16 бұрғы салған. Сонда 8,4 тонна алтынның болжамды қоры табылды. Дегенмен, игеру барысында түріктер одан да көп қазына табуы ғажап емес. Қазіргі нарықтағы бағада осынша алтынның өзі шамамен 150 миллиард теңге тұрады. 

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, түріктер тарапы бұл жобаға шамамен 10 миллион доллар инвестиция салмақ. Осы қаржыға түркиялық инвестор ұлан-ғайыр Оңтүстік Мойынты алаңында ірі және орта алтын кен орындарын және ілеспе қазыналарды анықтау бойынша мұқият геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ізінше алтын концентратын өндіруге кірісуі керек.

Себебі, ОМА-да кварц ресурстары да мол саналады. Сонымен қатар мышьяк, висмут, қорғасын, мырыш, мыс, күміс кездеседі.

Кен орны Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында орналасқан.Одан 110 шақырым жерде Балқаш қаласы тұр.

Ал ең жақын темір жол стансасы "Весна" деп аталады және ол небары 18 шақырымда орын тепкен. Бұған қоса, дәл іргесінен, 5-8 шақырым жерде "Астана – Шу" темір жол бағыты өтеді. Ендеше инфрақұрылым түзу, құрал-жабдықтарды тасу қиындық келтірмесе керек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу