Оңтүстік өңірден 1488 отбасы солтүстікке қоныс аударды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2470

Оларды тұрғын үймен қамтуға келер жылдың бюджетінде қаржы қарастырылған.

Оңтүстік өңірден 1488 отбасы солтүстікке қоныс аударды

Елімізде өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаға сәйкес, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші көп оңтүстік өңірдің тұрғындары солтүстікке көшірілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде 1488 отбасы немесе 4925 адам солтүстікке қоныс аударған. Олардың 2523-і – еңбекке қабілетті. Соңғы деректер бойынша, 1424 адам жұмысқа орналасып, 87 адам кәсіпкерлікпен айналысуда.

Жылы ұясынан қозғалып, солтүстікке қоныс аударған адамдарды тұрғын үймен қамту – маңызды фактор. Сондықтан, бағдарламада қоныстанушыларға арнап тұрғын үй салу және баспана сатып алу тетігі қарастырылған. Бұл тәсіл алдымен Солтүстік Қазақстан облысында апробациядан өткізіледі. Кейін басқа өңірлерде қолданылмақ.

"Қазіргі таңда 2019-2021 жылдары аталған мақсатқа қажетті 15 млрд теңге бюджетте қарастырылған. Алдағы үш жылда Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған үш мыңға жуық отбасыны тұрғын үймен қамту ету жоспарланып отыр", – деді деді министр үкімет отырысында.

Жалпы, өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға биыл 112,9 млрд теңге бөлінген. Бұл сомаға жыл қорытындысы бойынша 571 мың адам жұмысқа орналасуы керек. Мадина Әбілқасымованың баяндауынша, 10 айының қорытындысы бойынша бөлінген соманың 82,5 млрд теңгесі игерілген. 563 мың адам жұмыспен қамтылған. Олардың 71%-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған.

"Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаппай оқытуды көздейді. Тегін техникалық және кәсіптік оқыту шеңберінде 1 қыркүйектен бастап 20 мың жас оқуға қабылданды. Қазандағы жағдай бойынша 40 мыңға жуық бағдарлама қатысушысы қысқа мерзімді оқытуға жіберілді. Республика бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған 18 мың адам жұмысқа орналастырылды", – деді министр.

Оның айтуынша, оқуды аяқтағандарды толықтай жұмысқа орналастыру үшін жаңа тетіктер қарастырылған.

"Біріншіден, оқу орталықтары мен орындарына талаптарды күшейту керек. Атап айтқанда тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогтардың болуы шарт. Сондай-ақ қосарлы білім беру элементтерін пайдалануға тиіс. Бұдан бөлек, бітірушілердің кемінде 60%-ын жұмысқа орналастыру керек. Екіншіден, оқыту ұйымдарын сапалы құраммен қамтамасыз ету үшін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы оқу орталықтары мен орындарының реестрін қалыптастырмақ. Үшіншіден, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін кеңейту көзделген. Төртіншіден, цифрландыру және технологиялық жаңғырту жағдайында еңбек ресурстарын қайта даярлаудың жаңа тетігі ұсынылды. Ол үшін жұмыс берушілерге жұмыскерлерді, қысқартылатын жұмыскерлерді қайта даярлауға мүмкіндік беріледі. Бірақ оқудың кемінде 50%-ын қаржыландыруы керек. Бесіншіден, "Мәңгілік ел жастары – индустрияға!", яғни "Серпін" жобасы бойынша жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды дайындаудың мемлекеттік қолдау шаралары біріктірілді. Түлектер оқыған өңірлеріне жұмыс істеуге жіберіледі", – деді Мадина Әбілқасымова.

Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазандағы жағдай бойынша 42 млрд теңгеге шағын несие берілген. Оның 31 млрд теңгесін ауылдықтар, ал 11 млрд теңгесін қалалықтар иеленген.

"Жыл басынан бері 9801 шағын несие берілді. Жылдық жоспардың 70%-ы орындалды. Несиелердің 8778-ін ауылдықтар иеленді. 6717 несие стартап-жобаларға, 620 несие зәкірлі кооперацияны дамытуға, 2464 несие өз ісін кеңейтуге берілді. Шағын несие алғандар 9117 қосымша жұмыс орнын ашты. "Бастау-Бизнес" жобасы бойынша 10 айда 24 мың адам оқытылды. Оның ішінде 16 мың қатысушы бизнес-жобаларын қорғап шықты. 5,1 мың адамға шағын несие берілді", – деді Мадина Әбілқасымова.

Министрдің сөзінше, шағын несиелерді соңғы қарыз алушыларға жеткізуді тездету үшін бағдарлама жобасында бірқатар өзгеріс қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, ауылдық елді мекендерде зәкірлі кооперацияны дамыту үшін шағын несие мөлшері 5 мың айлық есептік көрсеткіштен 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Зәкірлі кооперация қатысушыларына, ауылдардағы және шағын қалалардағы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге жұмыс орындарын құру бойынша қойылатын талаптар жеңілдетілді.

"Қазандағы жағдай бойынша бағдарламаның үшінші бағыты аясында 128 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. Оның ішінде 22 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. 26 мың адам жастар практикасына және 80 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Электрондық еңбек биржасы арқылы 336 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналастырылды", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, бағдарлама аясындағы шағын несие беру жүйесіне екінші деңгейдегі 7 банк және 2 шағын несие беру ұйымы қатысуда. Биыл шағын несие беруге бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 17 млрд теңге. Бүгінде 11,1 млрд теңге игеріліп, 1 042 жоба қаржыландырылған.

"Салық органдарының мәліметіне сәйкес, 2017 жылы шағын несие алған бағдарлама қатысушылары 7,6 млрд теңгенің өнімін шығарды. Шамамен 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, сақтап қалды. Сонымен қатар бюджетке 299 млн теңге салық төленді. Осы жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер айтарлықтай артады деп күтілуде", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің мәліметінше, қарыз алушылардың басым бөлігі сауда, қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс салаларында қызмет атқарады. Шағын несиелерді кепілдендіру бойынша 2018 жылы 1,9 млрд теңгеге 320 шарт жасалған. Іс жүзінде әрбір үшінші қарызға кепілдік ұсынылған.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың сөзінше, қазір 337 колледжде 36,6 мың адам техникалық және кәсіптік білім алуда. Оның 21,5 мыңы – әлеуметтік әлсіз топтың өкілдері.

"2018 жылы 20 200 адам қабылданды. Әкімдіктердің ақпараты бойынша қазіргі уақытта өткен жылы түскен студенттердің 3900-і оқуды бітіріп, 72%-ы жұмысқа орналасты. Биыл 3900 түлек, келесі жылы 5300 түлек оқу бітіреді", – деді білім және ғылым министрі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу