ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін тәулігіне 1 млн баррельге ұлғайтуға келісті

Қазақстан ОПЕК+ шартын өрескел бұзғалы тұр.

25 Маусым 2018 10:13 Автор: Бауыржан Мұқан
ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін тәулігіне 1 млн баррельге ұлғайтуға келісті, мұнай, ОПЕК, энергетика, Бозымбаев, Иран, Ресей , Сауд Арабиясы, АҚШ

Сенбі күні ОПЕК ұйымы мүшелері ұйымға кірмейтін Қазақстан секілді өзге де мұнай экспорттаушы елдермен шілде айынан бастап мұнай өндірісін арттыруға келісті.

Өндірістің артуына бірден бір мүдделі тараптың бірі – АҚШ. Бүгінге дейін АҚШ президентінің ОПЕК шартын сынағанын жазған едік. Ақ үй басшысының пікірінше, мұнай экспорттаушы елдердің өндірісті азайтуы мен бағаны қолдан көтеріп ұстап тұруы еркін нарық заңдылығына қайшы келген. Кешегі кездесуден кейін Дональд Трамп оптимистік твитін жазған: «ОПЕК енді өндірісті айтарлықтай арттырады деп үміттенемін. Бағаны түсіру керек» деген еді Ақ үй басшысы.

АҚШ-тан бөлек Қытай мен Үндістан да мұнай өндірісінің артуын тілеп отыр. Бұл мемлекеттер өндірістің аздығы мен бағаның қымбаттығы әлемнің экономикалық ахуалына кері әсерін тигізбек.

Саудияның энергетика министрі Халид әл-Фалихтың айтуынша, экспорттаушы мемлекеттер өндірісті тәулігіне 1 млн баррельге дейін арттырады. Бұл нарықтағы ұсыныстың 1 пайызына тең. Ал Саудияның өзі өндірісті бірнеше жүз мың баррельге көбейтпек. Нақты саны аталмай отыр.

Ал өз кезегінде Ресей энергетика министрі Александр Новак өндірісті тәулігіне 200 мың баррельге көбейтетінін мәлімдеді. Журналистердің өндірісті арттыруға Трамптың ОПЕК мүшелерін твиттердегі жазбасымен бірнеше рет сынағаны әсер етті ме деген сұраққа Новак былай деп жауап берді: «Біз шешімді твиттердегі жазбаға қарап емес, терең сараптама мен нарықтағы жағдайға қарап қабылдаймыз».

Қай елдердің өндірісті көбейтетінін әлі белгісіз
Өндіріс жағынан үшінші ірі мемлекет Иран өз кезегінде әріптестерінің осындай шешім қабылдағанына АҚШ-ты кінәлап отыр. Иран өкілдерінің айтуынша, мұнай бағасының өскеніне алдымен АҚШ-тың өзі айыпты. Ақ үйдің Иран мен Венесуэлаға қарсы қойған санкциясы АҚШ-тың өзіне кесірін тигізді.

Айта кетейік, биыл мамыр айында Трамп Иранға қарсы санкцияны қайта қосқан еді. Нәтижесінде, Тегеран енді мұнай өндірісін үштен бірге азайып кетпек. Бұл дегеніңіз Иранға ОПЕК-тің кешегі шешімінен ешқандай да пайда жоқ.

Иранның мұнай министрі Бижан Зангане ОПЕК-тің өндірісті ұлғайтуына амалсыз көнгенімен, Саудияның өндірісті арттыруына қарсы шығып отыр. Оның айтуынша, Саудия тәуліктің өндірісті тек 100 мың баррельге ғана көбейтуге тиіс.

Ал Саудия министрі Фалихтың айтуынша, өндірістің 1 млн баррельге артуы мемлекеттер арасында квотамен әділ бөлінуі керек. «Кей мемлекеттер өндірісті ұлғайтып, кейбірі бұрынғы көлемді сақтап қалады», деді Фалих. Оның айтуынша, ОПЕК ұйымы келесі отырысқа дейін кезектен тыс тағы бір жиын шақырып, сонда қай мемлекеттің өндірісті қаншаға арттыруы керектігі келісілуі тиіс. Кешегі саммитке қатысушылардың пікірінше, мұнай экспорттаушы 24 елдің 8-10 мүшесі ғана өндірісті арттыруы ықтимал.

Естеріңізге сала кетейік, ОПЕК+ келісімі 2016 жылдың 28 қыркүйегінде келісілген еді. Құжатқа сай, мұнай экспорттаушы елдер қара алтынды тәулігіне 1,8 млн баррель кем өндіруге келіскен. Дегенмен, соңғы кезде Венесуэла, Ангола мен Ливиядағы өндірістің күрт төмендеуі нарықтағы көлемнің керісінше 2,8 млн баррельге азайып кетуіне себеп болған. Оған Иранға қарсы салынған санкцияны да қосып қойыңыз. Саудия энергетика министрінің айтуынша, тіпті жыл соңына дейін нарықта тәулігіне 1,8 млн баррель көлемінде тапшылық орнауы мүмкін.

Қазақстан ОПЕК-ке «бағынбайды»
Өндірісті азайту келісімі аясында Сауд Арабиясы белгіленген жоспарды артығымен орындап келген болса, Қазақстан өндірісті белгілеген 20 мың баррель кемітудің орнына, керісінше осы құжаттан кейін өндірісті арттырып жіберген еді. Оған себеп Қашағанның өндірістік қуаттылыққа шығуы еді. Нәтижесінде ОПЕК ұйымы Қазақстанның энергетика министрлігіне келісімшартты орындауды сұрап ресми хат та жазған еді.

Қашағанның іске қосылғанынан кейін республикадағы қара алтын өндірісі қарқын алып келеді. 2017 жылы рекордтық 86 млн тоннаға жеткен еді. Ал биыл бұл көрсеткіш 10 млн тоннаға жетіп жығылуы ықтимал. Олай болса, Қазақстан ОПЕК+ шартын өрескел бұзғалы тұр.

Кешегі саммитте министр Қанат Бозымбаев Қазақстанның қазір тәулігіне 1,8 млн баррель өндіріп жатқанын, жыл бойы осы көлемді ұстап тұратынын айтты. Ал оның орынбасары Мағзұм Мырзағалиев елдің өндірісті тағы 100 мың баррельге арттырғысы келетінін жасырмады.

Бауыржан Мұқан