ОПЕК нарықтағы билігінен қалай айрылып қалды

4581

Президенттер Дональд Трамп пен Владимир Путин және Саудия корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман 2019  жылы және одан кейін де әлемде мұнай бағасын анықтамақ. Бірақ, үшеуінің ұстанымы – үш түрлі.

ОПЕК нарықтағы билігінен қалай айрылып қалды

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) халықаралық энергетикалық нарықтағы билігін жоғалтып алғаны кейінгі кездері айқын көрініп отыр. Бұған үш адамның әрекетттері (немесе твиті) себепші. Олар: АҚШ президенті Дональд Трамп, Кремль басшысы Владимир Путин, Саудия монархиясының тақ мұрагері – Мұхаммед бин Салман бекзада.  

ОПЕК ортақ мақсатын анықтай алмай жатқанда, Құрама Штаттар, Ресей, Сауд Арабиясы әлемдік нарыққа мұнай жеткізуде үстем күшке айналды. Олар бірлесіп, биыл ОПЕК-тің 15 елі өндіре алмаған көлемде мұнай шығарып, нарыққа экспорттаған.

2017 жылдың басында ОПЕК пен оған серіктес елдер мұнай өндірісін қысқартуға кірісіп, әлемде көмірсутегінің бағасын өсіргені белгілі. Алайда, биыл маусымда Сауд Арабиясы мен Ресей сол шектеуді босату бастамасын көтеріп, көп кешікпей энергикалық шикізат өндірісін рекордтық деңгейге немесе соған пара-пар дәрежеге дейін арттырды. Олардан қалыспай, АҚШ-та да мұнай өндірісі күтпеген жерден қарқын алып, америкалық компаниялар Техастағы Пермиян бассейнінен құбыр тартып, шикізатты Мексика шығанағы жағалауына жеткізе бастады.

Өндіріс артқан шақта, сұраныстың соншалықты өспейтіні белгілі болып отыр. Сонымен қатар, президент Трамптың санкциядағы Иран мұнайын сатып алушыларға жеңілдік жасауы да шикізат бағасының түсуіне ықпал етті. Ал, Энергия жөніндегі халықаралық агенттік дамыған мемлекеттердің қоймаларында 2017 жылдың басынан бері азайған отын қоры қайта көбейіп, бес жылдағы орташа деңгейден асып кететінін болжап отыр.

Сауд Арабиясы келесі айдан бастап, экспортты тәулігіне 500 мың баррельге дейін кемітетінін жариялап, өзге елдерді де өндірісті 1 миллион баррельге дейін қысқартуға үндеп отыр. Бұл ұсынысты Путин немқұрайды қабылдаса, Трамп твитпен әр-Риядқа ренішін жеткізді.

Бин Салманға мұнайдан түскен долларлар өзінің Сауд Арабиясын трансформациялау туралы амбициялық жоспарын жүзеге асыру үшін қажет. Бұған қоса, қаражат азайса, халық ашынады деген қауіп бар. Халықаралық валюта қорының есебінше,  бұл корольдіктің бюджетінде тепе-теңдікті сақтау үшін мұнай бағасы келесі 73,3 доллар төңірегінде болуға тиіс. Brent жақында бұл межеден 5 доллар төмендеді. Сондықтан, кейбір сарапшылардың ойынша, Саудия үшін мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімді үшінші жылға созу өте маңызды.

"Трамп та, Путин де бин Салманды қиындыққа душар ете алады. Ресей президенті өз елінің мұнай өндірісін тағы да азайтуға соншалықты ынта танытып отырған жоқ. Өйткені, РФ-ның бюджеті мұнай бағасына бұрынғыға қарағанда азырақ тәуелді. Ал, ресейлік компаниялар өздері  инвестиция салған кеніштерден көмірсутегін өндіргісі келеді. Келесі айда Венада өтетін кезекті конференцияда Ресей өндірісті әрі қарай да қысқартуға келісетініне кепілдік жоқ. Путинге мұнай нарқы 70 долларды төңіректесе де қолайлы", – деп жазады "Блумберг" агенттігі.

Қазір америкалық сенаторлар Сауд Арабиясына Йеменде соғыс жүргізгені үшін және диссиденттік журналист Джамал Хашоггидің өлтірілуіне байланысты қатаң санкция жариялау мәселесін қарастырып жатыр. Осындай шақта Трамп әр-Риядтың өндірісті қысқартып, мұнай бағасын қайта өсіру жоспарына қарсылықты қаттырақ білдіруі мүмкін. Дегенмен, кейбір сарапшылардың ойынша, Трамп пен Мұхаммед бин Салман саяси қатынастарды сақтап қалуға тырысады. Себебі, Саудия - Вашингтонның Таяу Шығыстағы маңызды одақтастарының бірі.

Дегенмен, Сауд Арабиясына Трамптың твиттеріне қарағанда, Техастың мұнай кеніші қауіптірек. Өйткені, онда соңғы 12 айда өндіріс деңгейі Нигерия шығарған мұнай көлеміне жетіп қалған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу