"Ордабасы" тең нәтижеге қуанды

1140

Қазақстан премьер-лигасының 5-турында "Ордабасы" жеңіліп тұрған жерінен тең нәтижеге қол жеткізді.  

"Ордабасы" тең нәтижеге қуанды

5-тур ойындарының үш кездесуі 9 сәуір күніне белгіленген еді. Алдымен алматылық "Қайрат" өз алаңында "Жетісуды" қабылдады. Кездесу барысында бірінші болып есеп ашқан "Қайрат" оп-оңай жеңіске жетеміз деп ойласа керек. Алайда, екінші тайм басталған тұста Рати Ардазашвили таразы басын теңестірді. Грузиялық легионерді маңғыстаулық "Каспий" керек қылмай, командадан шығарып жіберген еді. Матчтың 74-минутында Андрей Ульшин айып соққысынан әдемі гол салды. Бірақ, 80-минутта Мәди Хасейін қайтадан гол салып, есепті теңеп қойды. Матч аяқталуға санаулы минут қалғанда Руслан Теверов деген шабуылшы "Жетісуды" жеңіске жетеледі. Талдықорғанның командасы алғаш рет жеңіске жетті.

Бұл ойыннан кейін "Тобыл" мен "Астана" арасындағы матч басталды. Екі команда да терезесі тең ойнады. Тіпті "Тобылдың" гол салатын мүмкіндіктері көбірек болды. Дегенімен, сәттілік жолдас болып, "Астана" жеңіске жетті. Марин Томасов сол аяғымен соққы жасап, қақпадан саңлау тапты. 1 гол басымдылығы "Астанаға" жеңіске жетуге жеткілікі еді. Ойынның соңғы минуттарында "Тобыл" топырлатып соққы жасағанымен, таблодағы көрсеткішті бірдей қыла алмады.

Кешке басталған ең маңызды матч "Ордабасы" мен "Ақтөбе" ойыны жанкүйерлерге қатты ұнады. Трибунада жанкүйер толып отырды. Бірінші таймда Артем Кучин пенальти белгілеп, кейіннен шешімінен бас тартты. Видео асиистенттер дер кезінде көмегін тигізді. Одан кейін "Ақтөбе" ойыншысы Уго Видеомон шеберлігін көрсетіп, есеп ашты. Сергей Малыйды алдап өтіп, әдемі гол салған француз деңгенйінің жоғары екенін байқатты. Бұл Угоның осы маусымдағы бірінші голы болатын.  Ал ойынның 96-минутында Сергей Малый Айбар Жақсылықов берген пасты тіземен қақпаға бағыттап жіберіп, таразы басын теңестірді. Есеп 1:1.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу