Орталық Азия Қытай үшін газымен де құнды

4564

Қазақстан Қытайға көгілдір отын экспортын арттыруды көздеп отырғанда, Түркіменстан баяғы клиентін қайта табуы мүмкін.

Орталық Азия Қытай үшін газымен де құнды

Өткен айда "ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясы мен PetroChina International бесжылдық келісімшартқа қол қойды. Оның мақсаты – 2019 жылдан бастап Қытайға қазақтың табиғи газ экспортын екі есеге арттырып, жылына 10 миллиард текше метрге жеткізу.

Қытай таяуда әлемнің жетекші газ импорттаушысына айналады деген болжам бар. Сондықтан, Қазақстан өзінің өндірістік әлеуетін пайдаланып, бұл мүмкіндікті өз экономикасының кәдесіне мейлінше жаратудан үмітті.

Орталық Азия-Қытай газ құбырының құрылысы 2009 жылы басталды. Сол кезде Астананың негізгі жоспары – еліміздің батысында өндірілген газбен халқының саны көп, бірақ, өзбектің көгілдір отынына тәуелді оңтүстікті газбен қамтамасыз ету болды. Және де Қазақстанның шығысын Қытаймен байланыстыратын бұл құбыр елімізді аймақтың Қытайға газ экспорттайтын хабына айналдыруды көздеді.

"Біз ішкі нарықтың газға сұранысын толық қамтамасыз ете отырып, шетел нарығына газ экспортын арттыруға қабілеттіміз", – дейді "ҚазТрансГаз" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев. Бұл мәлімдемені жақында Жапонияның Nikkei Asian Review басылымы жариялады.

Қазақстан өзінің ішкі газ құбыры инфрақұрылымын кеңейту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Дәлірек айтсақ, Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырына үш жоғары технологиялық компрессорлық станция қосылды. Бұл құбырдың ұзындығы – 1,454 шақырым. Ол бастау алып, еліміздің оңтүстігінде түркімен мен өзбек газын тасымалдайтын Орталық Азия-Қытай газ құбырымен байланысады.

Бір сауалға әзірге нақты жауап жоқ: қазіргі құбыр желісі қосымша қанша газ тасымалдауға қауқарлы? Кейбір мәліметтерге жүгінсек, – 55 миллиард текше метр. Ал, өткен айда жарияланған статистикаға қарағанда, 2017 жылы Орталық Азия-Қытай құбырымен 38.7 миллиард текше метр газ жөнелтілген. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштен 13 пайызға көп.

"Жоспар бойынша, Орталық Азия-Қытай газ құбырымен тасымалданатын отын көлемі жылына 51,37 миллиард текше метрге жетіп, әуелдегі меже – 55 миллиард текше метрге жақындауы керек. Демек, бұл жүйе өзінің бар күшін 2019 жылдың басында пайдалануға кіріседі", – деп жазды маусымдағы мақаласында "Азат Азия Радиосы" Қазақстанның ресми өкілдерінің сүйене отыр.

Әлемдік энергия ұйымының BP статистикалық шолуына сүйенсек, Қытай 2017 жылы Орталық Азиядан 36,2 миллиард текше метр газ импорттаған. Соның 31,7 миллиарды Түркіменстаннан, 3,4 миллиарды – Өзбекстаннан, 1,1 миллиарды Қазақстаннан тасымалданған екен.

BP-дің 2016 жылғы дерегі бойынша, Қытай Орталық Азиядан шамамен 34,1 миллиард текше метр газ сатып алыпты: 29,4 млрд – Түркіменстаннан, 4,3 млрд – Өзбекстаннан, 4 млрд – Қазақстаннан.

Кейбір бақылаушылардың есебінше, Орталық Азиядан Қытайға газ экспорты 55 миллиард текше метрлік межені бағындыратын болса, бұл әлемнің екінші экономикасына біздің аймақтан жеткізілген газ көлемінің орасан артқанын білдіреді.

Экономистердің ойынша, Қазақстан Қытайға газ экспортын 2019 жылы 10 пайызға көбейткеннің өзінде, Түркіменстаннан кейінгі орында тұрады. Ашхабад Қытайға газ жеткізуден әлемде көш бастап тұр. Одан кейінгі сатыда – Аустралия. Бұл континент былтыр шығыстағы көршімізге 23,7 миллиард текше метр сұйытылған газ экспорттаған екен. Дегенмен, BP-дің дерегінше, Түркіменстанда экономикалық қиындықтарға байланысты газ өндірісі мұнай эквивалентімен алғанда миллиондаған тоннаға азайып кеткен.

Болжамдарға қарағанда, 2019 жылы Түркіменстанда жаңа клиент пайда болады. Ол – Ресей. Мәскеу бұрын бұл мемлекеттен газ импорттаған негізгі ел еді. Алайда, 2016 жылдың басында РФ түркімен газын сатып алуды мүлде доғарды. Дегенмен, биыл қазан айында "Газпром" басшысы Алексей Мюллер Ресейдің 2019 жылы қаңтардың 1-нен бастап түркімен газын қайта импорттау жоспарын жариялады. Бұл жаңалық басты тақырыпқа айналса да, оның толық мән-жайы әзірге белгісіз.

Түркіменстан бірнеше амбициялық құбыр жобасын қолға алып отыр. Бірақ, бірқатар сарапшылардың пікірінше, бұл мәселеде Қазақстанның перспективасы жақсы. Өйткені, Қытайдың газға сұранысы жалғаса беретіні өз алдына, Қазақстанда өндіріс ішкі нарықты газбен қамтамасыз етіп, экспортқа жауап беретіндей деңгейге дамып келе жатыр.

Тағы бір назар аударатын жайт: Ресей өзінің табиғи газын "Сібірдің күші" құбырымен экспорттау туралы Қытаймен келісім жасасты. Бұл жобаның шығыны артқан. Бірақ, екі жақ бұл жолмен көгілдір отынды 2019 жылдың соңында тасымалдай бастап, осы құбырдан бір жылда өтетін газ көлемін 38 миллиард текше метрге жеткізуді көздеп отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу