banner

Өскеменде өндірілген өнім өтпей тұр

Мұнаралы құрылыс крандарын шығаратын кәсіпкер тұтынушы таппай жүр. 

Өскеменде өндірілген өнім өтпей тұр

"Азия-Кран" ЖШС директоры Серікқазы Құрманғалиевтің бас сұқпаған есігі, тоздырмаған табалдырығы жоқ. Алайда салмағы 6,3 тоннаға дейін жететін  ауыр жүктерді 45 қабатты үйдің биіктігіне дейін көтере алатын мұнаралы крандарға ешкім тапсырыс берер емес.

Біздің елге ТБ-630 маркалы мұнаралы крандар Еуропа мен Қытайдан әкелінеді екен. Өскемендік кәсіпкер сол техниканың отандық баламасын ойлап тапқан. Өзінің айтуынша, "Азия-Кранның" өнімі еуропалық және қытайлық баламаларынан сапа жағынан артық болмаса, кем түспейді. Бұл крандар 40 градус аязда да жұмыс істей алады.  Ал бағасы шетелдік крандардан 10-20 мың долларға арзан. Ең бастысы бұл крандар экспортқа арналған. Бұған қоса отандық мұнаралы крандарда технологиялық талаптар мен сапа стандарттары қатаң сақталған.

"Елдегі құрылыс алаңдары мен логистикалық орталықтарда тұрған крандардың 70%-ы Қытайдан әкелінген. Одан кейінгі үлес Ресейге тиесілі. Ең қызығы  Қытайдан келіп жатқан крандардың 99%-ы ішкі нарыққа арнап жасалған. Экпорттық талапқа жауап бере алмайды. Бұл крандардың басым бөлігі бұрын қолданыста болған. Сыртын жалтыратып бояйды да, жалған құжатпен бізге сатады. Ал біздің елде кранның ескі я жаңа екенін анықтайтын зертхана жоқ" –  дейді Серікқазы Құрманғалиев.

Кәсіпкер кран құрастыруға қажеті берік металдарды Ресейден әкелетінін айтты. Өнімнің сапасын көрсететін мемлекеттік стандарт пен төтенше жағдайлар министрлігі берген қауіпсіздік сертификатын көрсетті. Арнайы тұғырға орнатқан жағдайда 38 метрден 140 метрге дейінгі биіктікке жүк шығара алатынын баяндады.

Айта кетейік, кранның кабинасы ауа баптағышпен және терезе тазалайтын құрылғымен жабдықталған. Кран жүкті 50 метр радиуста тасымалдай береді. Тек білік ұзарған сайын жүк салмағы 1,3 тоннаға дейін азайып отыруы шарт. Осы жоба қолға алынған кезден бастап "Азия-Кран" брендімен үш кран ғана сатылған екен. Оның бірі Астананың, екіншісі Алматының, ал үшіншісі Талдықорғанның құрылыс алаңдарында жұмыс істейтін көрінеді.

"Өткенде бір құрылыс компаниясы сырттан 12 кран кіргізді. Соның көбі қолданыста болған, бір-біріне қосалқы бөлшектері сәйкес келмейтін болып шықты. Ал бағасы менің крандарымнан 12 мың долларға қымбат. Ұсынысымыздан бас тартқан әлгі компания енді бізден қосалқы бөлшек сұрап жүр. Осындай жайттарды алға тартып, талай басшының алдына бардық, талай жиында сөз сөйледік. Крандарымызды өткізіп беруге әрекет жасаған ешкім болмады. Қырсыққанда құрылыс саласындағы тендер кезінде крандарға бөлек конкурс та жарияланбайды екен" – дейді кәсіпкер.

"Азия-Кран" ЖШС директоры кәсіпорынның жылына 50-60 кран шығаруға қуаты жететінін айтады.

"Тапсырыс болса Қазақстанның нарығын толық, ал Ресей нарығын жартылай жабар едік. Өйткені оларда да сырттан келген крандардың сапасын анықтайтын зертхана жоқ. Ал біз экономикалық одақ аясында кедергісіз жұмыс істей аламыз" –  деді abctv.kz-ке Серікқазы Құрманғалиев.  

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу