Отандық балық қазақтың емес, басқаның табағын таңдады

Қазақстанда балық өндірісінің ренессансы басталды.

28 Маусым 2018 17:14 Автор: Жанат Ардақ
Отандық балық қазақтың емес, басқаның табағын таңдады, балық шаруашылығы, ренессанс, өңірлер, статистика

Қазіргі күйзелісті шақта көптеген салалар бір саннан тұратын өсімін де «қанағат» етіп отырса, ал балық шаруашылығы екі шамалы өсіммен қарқынды түрде алға кетті.

Атап айтқанда, жаңа ауланған балық көлемі де, сондай-ақ мұздатылған балық өнімдерінің өндірісі де жыл басынан бері, былтырмен салыстырғанда, бірден 10%-ға ұлғайған. Ал консервіленген балық өнімдері бұдан да асып, 11%-дық өсімге қол жеткізді.

Осылайша, қазақстандық балық өнеркәсібі нарықта биылғы жылғы бес ай ішінде 12,4 мың тонна жаңа ауланған, тоңазытылған және мұздатылған өнім өткізді. Дайындалған және консервіленген балық пен уылдырық көлемі 4,8 мың тоннаны құрады.

Ауланған күйде сатылатын балық көлемі бойынша әзірге Шығыс Қазақстан облысы ешкімге дес бермей тұр. Өңір жыл басталғалы 4 мың тонна осындай өнім сатып, көлемін бір жыл бұрынғыдан бірден үш есеге дерлік арттырған. Айта кеткен жөн, ШҚО Қазақстанда жаңа ауланған күйінде саудаланатын барлық балықтың үштен бірін, яғни 32,2%-ын жалғыз өзі береді.

Екінші орыннан Атырау облысы табылды: оның жалпы еліміз  көлемдегі үлесі 24,7%-ға тең. 2018 жылдың бес айында өңір 3,1 мың тонна балық өндірді. Алайда бұл көрсеткіш облыстың былтырғы бес айдағысынан бірден 41,4%-ға кем.

Консервіленген, дайын әрі ұзаққа шыдайтын күйінде сатылатын балықтың ең үлкен үлесі Батыс Қазақстан облысына тиесілі: оның еншісіне Қазақстан шығаратын осы өнімдердің 38,5%-ы немесе 1,9 мың тоннасы тиеді. Өңір өз көрсеткішін бір жыл бұрынғыдан 13,7%-ға жақсартқан. Оның ізін ала, жаңа құрылған Түркістан облысы келеді: 2018 жыл басынан бері Қазақстан сатқан «ыдысқа салынған балық өнімдерінің» 25,9%-ы немесе 1,2 мың тоннасы осы оңтүстікқазақстандық өңірде жасалды. Рас, ол бұл өндірісін өткен жылғыдан 10,5%-ға кемітіп алды.

Ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Алматы қаласы «жаңа ауланған, тоңазытылған және мұздатылған балықтың» 58 тоннасын, «дайындалған, консервіленген балықтың, уылдырық пен оларды алмастырушылардың» 44 тоннасын, ал Астана қаласы тиісінше 14 және 125 тоннасын шығарған.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, өзге өңірлердің көрсеткіші келесідей: СҚО тиісінше 4 және 400 тоннасын, БҚО 629 және 1 мың 852 тоннасын, Атырау облысы 3 мың 59 және 63 тоннасын, ШҚО 3 мың 991 және 338 тоннасын, Қарағанды облысы 309 және 198 тоннасын, Жамбыл облысы 167 және 38 тоннасын, Алматы облысы 1 мың 362 және 110 тоннасын, Түркістан облысы 522 және 1 мың 247 тоннасын өндірген.

Бірқатар облыстар балықты жаңа ауланған күйінде емес, «дайындалған, консервіленген» күйде сатуды жөн көреді. Бұлар санатында Қызылорда облысы осы өнімдердің 2 мың 266 тоннасын, Павлодар облысы – 241 тоннасын, Қостанай облысы – 90 тоннасын, Ақтөбе облысы 64 тоннасын шығарған. 

Тұтастай алғанда, биыл Қазақстан 22 мың 60 тоннадай балық өндіреді деп күтілуде. Қазірдің өзінде 5 мың 316,8 тонна балық әртүрлі күйде әлемдік нарықтарға жол тартқан. Сөйтіп, шетелге өткізілген отандық экспорт былтырғы ұқсас мерзімге қарағанда, бірден 33,3 пайызға артып отыр. Осы қарқынын бәсеңдетпесе, алған бетінен жазбаса, балық экспорты тіпті ет экспортын басып озуы ғажап емес.

Дегенмен, Қазақстан отандық балық және балық өнімдері бойынша өз қажеттіліктерін тек 50,5%-ға ғана қамтамасыз етіп отыр. Қалғанының барлығын шетелден тасымалдайды. Бұл ретте импорт жыл басынан бері 2,2 пайызға артқан.

Оның үстіне балық пен балық өнімдерінің бағасы дүкендер мен базарларда жыл санап өсіп барады. Атап айтсақ, ең көп сұранысқа ие жаңа ауланған және мұздатылған балық былтырдан бері 11%-ға қымбаттаған. Мамыр айының қорытындысы бойынша жаңа ауланған балықтың 1 келісі қазір орташа алғанда 649,4 теңгеге түседі. Мұздатылғаны одан да қымбат: әр келісі 887,9 теңге немесе 2017 жылғыдан бағасы тағы 7,3%-ға өскен. Балық консервілері де қалысар емес: олардың бағалары 10,3%-ға көтеріліп, бір банкісі орташа есеппен 557,4 теңгеге жетті.

Energyprom сарапшыларының айтуынша, жаңа ауланған балықтың бағасы әсіресе, Алматыда ұшынып тұр және әр келісі 925 теңгеге түседі. Атырауда әр келісіне орташа 839 теңге, ал Астанада 727 теңге сұралады. Ең арзан балықты Павлодар қаласында (453 теңге), Таразда (431 теңге) және Петропавлда (418) табасыз. 

Қалай болғанда, отандық кәсіпкерлер үшін сұранысы мол, табысы да зор сала дамып келеді. Бұл бизнесте қазірдің өзінде алпауыттар пайда болуда. Қазақ елінің басты «балықты» өңірлерінде мысалы, «Балық Продукт-Восток» компаниясы, «Рыбпром» ЖШС, «ТПО АС» (барлығы Шығыс Қазақстан облысында), «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі, Жамбыл атындағы кооператив, Амангелді атындағы компания (барлығы Атырау облысында), «J.F.M. COMPANY» ЖШС (Түркістан облысы) секілді біраз ірі кәсіпорындар жұмыс жасауда. Олар әлемдік нарықты еркін меңгеріп, өркен жаюда.

Жанат Ардақ