Өзбекстанның екі таңдауы: Қытайдан – жол, Ресейден – технология

4037

Ресей Өзбекстанмен жалпы құны 27 миллиард доллардың келісіміне қол қоя отырып, Орталық Азияда Бейжің  инвестициясымен бәсекеге түсіп отыр.

Өзбекстанның екі таңдауы: Қытайдан – жол, Ресейден – технология

Қазанның 19-да Өзбекстан мен Ресей өкілдері Тәшкентте өткен екі күндік аймақаралық форум соңында бас-аяғы 785 келісім мен меморандумға қол қойды. Мұны  UzDaily басылымы хабарлап отыр. Сол құжаттардың 242-сі – сауда және экономикалық ынтымақтастыққа, 136-сы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты.

Осы шарттардың біріне сәйкес, Навои еркін экономикалық аймағында заманауи автокран құрастыратын бірлескен кәсіпорын ашылып, оған Ресей 10 миллион доллар инвестиция салмақ. Сонымен қатар, тараптар екі елдің қаржы институттарымен 864,6 миллион доллардың 6 келісіміне қол қойды. Сол институттардың қатарында Өзбекстанның Сыртқы экономикалық әрекет жөніндегі  ұлттық банкі мен Ресейдің "Сбербанкі" бар.

"Рейтердің" мәліметінше, "Газпром" Өзбекстанның "Джел" газ кенішінен жылына 300 миллион текше метр көгілдір отын өндіруді жоспарлап отыр. Бұған қоса, ресейлік бизнесмен Андрей Филатов өзбектің мемлекеттік газ фирмасымен газ кеніштерін дамыту және химиялық зауыт салу туралы құжатқа қол қойған.

Және де Мәскеу мен Тәшкент Өзбекстанның алғашқы атом электр станциясын салуға қолайлы жер табу мақсатында геологиялық барлау жұмыстарына кірісіп отыр. Болашақ АЭС Навои облысында бой көтеріп, оның құрылысына жұмсалатын 11 миллиард доллардың көбін Ресей Өзбекстанға жеңілдетілген несие ретінде бермек.

UzDaily-дің тағы бір мәліметінше, Ресеймен жасалған келісімдер аясында өзбек жерінде 79 бірлескен кәсіпорын құрылып, 23 сауда үйі мен көтерме сауда орталықтары ашылады.

Ресейдің Gazeta басылымының редакциялық мақаласына жүгінсек, Ресей – Өзбекстанның негізгі сауда серіктесі. Алайда, бұл мәртебеге Қытай тәрізді  мемлекеттер де таласуға дайын.

"Бейжің Өзбекстанда Орталық Азияның Қазақстаны мен Түркіменстанында қолданып отырған "инвестицияны ресурстар мен ниеттестікке айырбастау" стратегиясын  қолдануға талаптанып отыр",  – дейді аталған интернет-газеттің тілшісі.

Өзбекстан – табиғи ресурстарға бай мемлекет. Өзбек үкіметінің дергінше, елдің алтын кеніші 5300 метрикалық тоннаға жетсе, уран қоры 190 000 тоннадан кем емес. Сонымен қатар, бұл республика – әлемдегі ең ірі уран экспорттаушы елдердің бірі.

Қытайдың өзбек уранындағы мүддесі салмақты. Әлемдік ядролық қауымдастықтың 2014 жылғы мәліметінше, Қытайдың мемлекеттік Ядролық қуат тобы 2021 жылға дейін Өзбекстаннан 800 миллион долларға уран сатып алуға келіскен. Ал, 2013 жылы Тәшкент Қытайға 1663 тонна элементарлық уран жөнелтіпті.

Бір белдеу, бір жол
Көптеген сарапшылардың болжамынша, Қытай өзінің "Бір белдеу, бір жол" бастамасы үшін Орталық Азияны маңызды аймақ деп есептейді. Айта кету керек, бұл бастама 2013 жылы Астанада жарияланып, Қытайды Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Африкамен, Еуропамен, Латын Америкасымен сауда жолдары арқылы байланыстыруды мақсат тұтып отыр. Бейжіңнің мәлімдеуінше, жаңа бастаманың көздегені – аймақтық сауданы кеңейту. Алайда, кейбір бақылаушылардың ойынша, Қытай шын мәнінде "Бір белдеу, бір жол" арқылы өзінің әлемдегі геосаяси ықпалын күшейткісі келеді.  

"Бір белдеу, бір жол" бойынша Өзбекстанда жүзеге асқан негізгі жобалардың бірі – Қамчық теміржол туннелі. Оны Қытайдың мемлекеттік "Теміржол туннелдері тобы" "Өзбек теміржолдары" ұлттық тасымалдаушы компаниясымен бірлесіп салды. Бұл құрылысқа мемлекеттік "Қытай Экспорт-импорт банкі" 350 миллион доллар несие бөлген. 2016 жылы пайдалануға берілген 19-шақырымдық туннель – Өзбекстанның шығысындағы Ангрен-Пап теміржол линиясының бір бөлігі.

Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, осы бастама бойынша, Өзбекстандағы инвестициялық жобаларға бас-аяғы 1.44 миллиард доллар жұмсалады.

Өзбектің мемлекеттік статистика комитетінің дерегінше, елдің сыртқы сауда айналымы 23 миллиард долларға жетсе, соның ішінде Қытай 4,4 миллиард долларлық сауда келісімдерімен бірінші орында тұр. Ал, Ресей 4,1 миллиардпен – екінші тұр.

"Ресей Өзбекстан өнеркәсібін модернизациялауға қажетті технология ұсынады. Қытай мен Еуропа арасында тауар тасымалдайтын жолдар салу – бір басқа. Ал, Ресейдің Өзбекстанда жаңа индустрия құруға талпынысы – бір басқа", – дейді "Ұлттық стратегиялық мәселелер" академиялық журналының бас редакторы  Аждар Куртов "Известия" газетіне берген сұқбатында.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу