Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салық органдарына есеп бермейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7882

БЖТ жасаған азаматтар аз салық төлеп, көп жеңілдіккке ие болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салық органдарына есеп бермейді

Алдағы жылдың алғашқы айынан бастап елімізде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) деп аталатын салықтың жаңа түрі қолданысқа енеді. Оның басқа салық түрлерінен бірнеше ерекшелігі мен артықшылығы болады.

Біріншіден, БЖТ ерікті түрде жасалады. Ол ешкімге, ешқандай міндет жүктемейді. Сәйкесінше, БЖТ жасамаған азаматтар жауапкершілікке тартылмайды. БЖТ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналғандықтан оның механизмін заңды тұлғалар пайдалана алмайды. Салықтың бұл түрі осыған дейін салық органдарына жарна аудармаған және мемлекеттік жүйеге қатыспаған азаматтардың кәсібін заңдастыруды көздейді.

Екіншіден, БЖТ сомасы қалта қақпайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қала тұрғындары 2019 жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш, яғни 2 525 (қазір - 2 405 теңге), ал ауыл тұрғындары 0,5 айлық есептік көрсеткіш – 1 262 теңге төлейді.

"БЖТ ешкімнің қалтасына салмақ салмайды. Оның мөлшері Астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда - 1 АЕК, елдімекендерде - 0,5 АЕК болып бекітілді", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

БЖТ банк кассалары мен терминалдар арқылы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының есепшотына аударылады. Ары қарай тиісінше бөлінеді. Айтпақшы, БЖТ жасайтындарға қойылатын бір талап бар. Бұл төлемді жылдық табысы 100 АЕК-тен, яғни 252 500 теңгеден аспайтын азаматтар ғана төлей алады. Бұдан  жоғары табыс табатын кәсіпкерлер патент бойынша бюджетке жеке табысының 2%-ын береді.

Үшіншіден, БЖТ жасау арқылы төрт түрлі төлемнің міндетінен құтылуға болады. БЖТ жасаған азамат жеке табыс салығын жапқан және міндетті медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларына ақша аударған болып шығады. Яғни БЖТ жасағандар автоматты түрде сақтандырудың барлық түрлерінен кепілдендірілген көмек алу құқығын иеленеді және зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінің қатысушысы атанады. Бұл ақшаның 10%-ы жеке табыс салығы, 40%-ы міндетті зейнетақы жарнасы, 10%-ы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру аударымы, 40%-ы медициналық сақтандыру төлемі деп қабылданады.

Төртіншіден, БЖТ жасайтындар салық органдарына есеп бермейді және оларды салық органдары тексермейді.

БЖТ аза­­мат­тардың әлеу­мет­тік қорғалу деңгейін арт­тырып, олардың кірістерінің ұлғаюына ықпал етеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова: "Алдын ала есептелгендей, БЖТ жасаған әйелдер жүктілігі мен бала тууына байланысты 124 732 теңге мөлшерінде ақша алады. Сондай-ақ 1 жылға дейінгі бала күтіміне байланысты төлемге ие болады", – деді.

Оның сөзінше, БЖТ бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеп қана қоймай, оларға медициналық және әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйесіне қатысу мүмкіндігін береді.

"БЖТ табыс табу қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады. Алайда олар мынадай шарттарды сақтауға тиіс: жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбау; жеке тұлғалар үшін жұмыс істеу және қызмет көрсету; жеке тұлғалар тұтынатын жеке қосалқы шаруашылықтан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сату; бұл ретте күнтізбелік жыл ішіндегі шекті табысы 100 еселенген АЕК-тан аспауға тиіс", – деді Светлана Жақыпова.

БЖТ қолданылмайтын азаматтар да бар екен. Олар туралы вице-министр: "БЖТ сауда объектілерін қоса алғанда коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің аумағында қызмет көрсететін жеке тұлғаларға; тұрғын үйді қоспағанда мүлікті жалға беретін жеке тұлғаларға;  оралмандарды қоспағанда шетелдік және азаматтығы жоқ адамдарға; жеке кәсіпкер ретінде тіркелген адамдарға қолданылмайды", – деді.

Оның мәлімдеуінше, елімізде бір кездері 5,5 млн адамның мәртебесі нақтыланбай жүрген. Олар жұмыс істемеген, жарна аудармаған.

"Бүгінгі таңда 1 млн 236 мың азаматтың ғана нақты мәртебесі анықталмай тұр. БЖТ арқылы оларды көлеңкеден шығарамыз деп үміттенеміз. Азаматтар БЖТ жасаса әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізеді. Егер төлемесе ешқандай жаза қолданбайды. Заңда әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы норма жоқ", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Айта кетейік, үкімет келесі жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді заңдастыру үшін жанталасып жатыр. Бұл міндет орындалмаса міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге тиісінше аспайды. Яғни өз бетімен табыс тауып жүрген азаматтар медициналық қорға ақша аудармайды. Салдарынан тегін медициналық қызметтен қағылады.

"Әзірше өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ешқандай төлем төлемей-ақ медициналық көмек алып жатыр. Міндетті медициналық сақтандыру заң жүзінде күшіне енген кезде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар назардан тыс қалады. Біреулер тегін медициналық қызмет алып жатқанда олар ақша төлеуге мәжбүр болады. Осы кезде әлеуметтік дау туады. Осының алдын алу үшін өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға БЖТ төлеу қажеттігін түсіндіріп жатырмыз", – деді Светлана Жақыпова.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу