Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды қалай ынталандыруға болады

2231

Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің мемлекетпен қарым-қатынасын қалыптастыруға ынталандыру жеңілдіктері көмек болуы мүмкін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды қалай ынталандыруға болады

Мұндай пікірді abctv.kz-ке "Өзін-өзі жұмыспен қамтитындар: әлеуметтік-экономикалық дамудың  ресурсы әлде масылы?" деген дөңгелек үстел сыртында болған әңгімеде қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (ҚЭЗО) басшысы Жақсыбек Құлекеев айтты. Жақсыбек Құлекеев бейресми өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға мемлекетпен қарым-қатынас орнату қандай артықшылық беретінін көрсету керек деп есептейді. Егер қаладаға өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға өздерінің қызметін заңдастыру үшін тендерге қатысу негізгі ынталандыру болса, ал ауылдағыларға мүлдем басқа "қызықтыратын ынталандыру" керек.

"Адам өмір бойы отарлап мал өсірумен айналысып, мал ұстайды да, кейін жалғыз өзі игере алмайтынын түсініп, бақташыларды жалдап, оларға өз қалтасынан жалақы төледі делік. Бірақ та ол өзінің мемлекетпен арадағы қарым-қатынасын заңдастырмайды. Оны қорқытып-үркітудің керегі жоқ. Ол соңғы 20 жылда қалай өмір сүрген болса, одан әрі де солай өмір сүреді. Мұндай жағдайда оған мемлекетпен арадағы қатынасты заңдастыру қандай басымдық беретінін көрсету керек. Оны зейнетақы мен медициналық сақтандыру еш қызықтырмайды. Тендерге мүлдем қатыспайды. Сондықтан мүлдем басқа ынталандыру қажет. Мысалы, субсидиялар немесе мемлекетпен арадағы қатынасты заңдастырғандар үшін берілетін нақты бір жеңілдіктер болуы мүмкін", ­– деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар ҚЭЗО  басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды бірнеше категорияға бөлуге болатынын айтты. Олардың бірі- жалданбалы жұмыскер және жалақы алады, ал біреулері табысты өзінің жеке ісінен алады. Мұның екеуіне де заңмен тыйым салынбайды.

"Мысалы, қонақүйдің заңды мәртебесі бар. Бұл жерде жұмыс істейтіндердің нақты саны да бар. Сондай-ақ өз қызметі үшін біржолғы төлем алатын да жұмыскерлер бар. Басшылыққа оларды штаттағы қызметкерлер тізіміне қосу тиімсіз. Оларды қалай заңдастыруға болады? Ең алдымен, бірінші басшылардың сендіру әдісімен. Егер сендіру әдісі көмектеспесе, онда әкімшілендіру әдісін қолданып, тексеріс нәтижесінде айыппұл төлету керек. Әлемде заңдастырудың басқа әдісі жоқ. Салықтық мәдениетті көтеру қажет", – деп есептейді Жақсыбек Құлекеев.

Ол сондай-ақ "Жұмыспен қамту туралы" заңды ырықтандыру керектігін айтты. Оның айтуынша, бүгінгі күні жұмыс берушілер бір айдан кейін оны жұмыстан шығару керек болатындықтан, адамдарды жалдағысы келмейді. Бірақ та заңнаманы ескеретін болсақ, мұны істеу өте қиын.

"Мысалы, Америкада егер басшы "боссың" деп айтатын болса, онда адам жұмыстан кетеді. Ең еңбек нарығы ырықтандырылмаған нарық – Жапония, ол жақта өмір бойы жалдайды. Біз ырықтандыру деңгейінің ортасындамыз. Жұмыс берушіге еркіндік қаншалықты көп берілсе, өзін-өзі жұмыспен қамтитындарды ырықтандыру да соншалықты жеңіл болады. Мемлекетпен арадағы бейресми қарым-қатынас – бұл жұмыс беруші мен жұмыскердің ғана емес, сонымен бірге заңнаманың проблемасы", – деді ол. 

Дөңгелек үстел барысында сөз алған Жақсыбек Құлекеев тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтитындар саны тура жеті есе өскенін айтты. Ол елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің 45%-дан астамы үш оңтүстік облысқа (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан) тиесілі екенін атап кетті. Осылардың арасында ОҚО көшбастап тұр. Халықтың  сауда мен көліктегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарының үштен бірі осы облысқа тиесілі. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың 38%-ы құрылыс саласында жұмыс жасайды. ҚЭЗО-ның аталған облыстарда жүргізген сауалнамасындағы мәліметтерге сүйене отырып, сарапшы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың үштен бірі салық төлемейтінін тілге тиек етті. Олардың 10%-ы тіпті өз кәсіптерін заңдастырғылары жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ вице-президенті Тахир Аслялиев болса бүгінгі күні қызметтері еш нысандандырылмаған өзін-өзі жұмыспен қамтитындар жақында мұны ең төмен қаржылық жүктемемен жасай алатынын айтты.

"Қазір еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заң жобасын әзірлеп жатыр. Осы заң жобасында "бірыңғай жиынтық төлем" деген түсінік енгізіліп жатыр, ол қазіргі қолданыстағы төрт төлемді біріктіреді. Егер өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адам кәсіпкерлік қызметке патент сатып алатын болса, онда бұл төлемдердің сомасы қазіргі таңда 9000 теңгені құрайды. Заң жобасы бойынша бірыңғай жиынтық төлем қаладағылар үшін 2500 теңге, ал ауылдағылар үшін 1200 теңге болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адам осы ақша арқылы  зейнетақы жүйесіне, әлеуметтік медициналық сақтандыру, басқа да әлеуметтік игіліктерге қолжеткізе алады", - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Тахир Аслялиев шараның сыртында болған әңгімеде бүгінгі күні бірнеше ірі блоктан тұратын  жұмыспен қамтылған халықты нысандандыру жол картасы бар екенін атап кетті. Ең бірінші, бұл – азаматтардың мәртебесін ақпараттық жүйеде өзекті ету. Оның сөзінше, жұмыспен қамтылған адам туралы ақпарат бір мемлекеттік органнан екінші мемлекеттік органға автоматты түрде беріліп отыруы маңызды, осы үшін  жүйелерді біріктіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселенің екінші бір блогы – бұл бүгінгі жүйеден шығып қалған азаматтарды қамтуға мүмкіндік беретін шаралар. Азаматтардың бұл категориясын қамту үшін бірнеше бағдарламалар әзірленіп, жұмыс жасап жатыр, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы қайта оқытып, жұмысқа тұрғызу бар.

Статистика мәліметіне сүйенер болсақ, Қазақстанда 8,6 млн адам жұмыс істейді, оның 6,4 млн-ы – бұл жалдамалы жұмыскерлер, ал 2,2 млн-ы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Сонымен қатар "Талап" орталығының ақпары бойынша, бұл категорияға 2,2 млн-нан 3,4 млн-ға дейінгі адам жатады. Бұл елдің экономикалық белсенді халқының 24%-дан  37%-ға дейінгі санын құрайды. Бұл - курьерлер, тігіншілер, бала күтушісі, фрилансерлер, клининг және техниканы жөндейтін мамандар, құрылысшылар, тасымалдаушылар, ауылдағы жеке қонсы иелері.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу