Парламент туристерді қорғауға тиіс қорға қарсы шықты

4910

Кейбір белсенді күштер бизнесті "сауынды сиырға" айналдырып, табыс табуға машықтанып алған.

Парламент туристерді қорғауға тиіс қорға қарсы шықты

Осындай байламға жүгінген ел парламенті бүгін "Туристік Қамқор" қорына қарсы шығып, үкімет басшысынан оның жабылуына қол жеткізуді талап етті.

Мәжілістегі бүкіл "ақжолдық" депутаттар тегіс қолдаған және тікелей премьер Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған ресми сауалды төменгі палатаның бүгінгі жалпы отырысында депутат Меруерт Қазбекова жария етті.

Қалаулылар 2016 жылы Бақытжан Сағынтаевтың қол қоюымен бекітілген үкімет қаулысы бойынша "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры құрылғанын еске салады. Сонда шенеуніктер мұның саланы реттеудегі "тамаша тетік" ретінде насихаттап бақты. Жаңа қор шетелге саяхаттап шығатын Қазақстан азаматтарының құқықтарын кепілдендіру жүйесінің жалғыз әкімшісі ретінде анықталды. Сол тұста отандық туристік компаниялар күйзеліс соққысына шыдай алмай, әрі алаяқ жандардың қол сұғуымен бірінен соң бірі банкротқа ұшырап, олар жатжұрттарға аттандырған қазақстандықтар ұлардай шулап қалып жатқан болатын. Олардың барлығын мемлекет бюджет қаржысына "құтқара" алмайтыны анықталған. Демек, сала өзін-өзі реттеуге тиісті еді.

Осыған ұйыған депутаттар аңдысын аңдыған екен. Содан бергі уақыттағы қордың қызмет нәтижелері олардың көңілтолмастығын тудыруда.

Қордың түңлігін жаңадан түруімен бірге, өткен жылы сыртқа шығу туризмі саласында азаматтардың құқықтарын кепілдендіру жүйесінің жұмыс жасауы бойынша Ереже де қабылданған-тын. Бұл құжатқа сәйкес, барлық туроператорлар аталған қорға әрбір туристі үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударып тұруға міндеттелді. Биылғы 2017 жылы бұл көрсеткіш әр туристке 1134 теңгені құрады. Бұған қоса, туроператорлар мен фрахталаушы туркомпаниялар тиісінше 5000 және 15 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде банктік кепілдік ұсынуға тиісті. Соңғы сома 30 миллион теңгені құрайды. Яғни, орасан зор қаржы.

"Қазіргі уақытта қорға 62 туроператор ғана мүше. Ал жалпы алғанда, Қазақстанда 500-ден астам туркомпания жұмыс жасайды. Бүгінде қордың есепшотында 230 миллион теңгеден артық қаржы қордаланған. Сонымен бірге, жұмыс жасаған уақытында бұл қор тиімділігінің өте төмен екенін көрсетті. Мәселен, 2016-2017 жылдары қазақстандық туристердің құқықтарының аяққа тапталуының, олардың берген билет бойынша ұшуына және көрсетілген қонақүйге орналасуына тыйым салудың, одан бас тартулардың қаншама оқиғасы болды. Алайда "Туристік Қамқор" тек үш рет қана азаматтарға көмекке келді" – дейді Меруерт Қазбекова.

Оның үстіне, депутат осы үш көмектің де мардымсыз болғанын атап көрсетеді:

"Олардың барлығы да тек кері қайтар билетті қамтамасыз етумен шектелді. Бірінші жағдайда бір топ туристіміз Біріккен араб әмірліктерінен табиғи жағдайлар бойынша кері ұшып шыға алмады, сонда бұл қор тіпті әуе компаниясының кері билетінің құнын өтеген жоқ, тек қана оған кепілдік ұсынды. Екінші жағдайда қор алданып қалған саяхатшыға баласымен бірге елге қайту билетінің бағасына төлем жасады", – дейді мәжіліс депутаттары.

Үшінші жағдай банкротқа ұшыраған "Elite Class" компаниясымен байланысты болыпты. Бұл ретте қордың кепілдік беру жүйесі тек туркоды бар 8 туристке ғана көмекке келген. Қалған 24 қазақстандық туристтің проблемасы тек еліміздің Түркиядағы консулдығының қолдауы арқасында ғана шешімін тауыпты. Қазақстандық консулдық олардың 32 мың доллар шығынын төлеп беруі үшін басқа компания табуға мәжбүр болыпты. 

"Басқа барлық жағдайларда қор туроператорлардың қор жүйесіне кірмейтініне және міндетті жарна аудармайтынына сілтеме жасап, көмек көрсетуден бас тартты. Мысалға, биылғы 26 шілдеде 30 қазақстандық турист Анталиядан оралуға тиіс "Onur Air" әуекомпаниясының рейсі кейінге қалдырылуы кесірінен далада аңырап қалды. Тек консулдың өзі тартқан демеушілер арқасында ғана жағдай оң шешімін тауып, қазақстандықтар бір түнге қонақүйге орналастырылды және елге қайтарылды. Осылайша, "Туристік Қамқор" қорының құрылғанына қарамастан, отандық туристерді кепілдендіру бұрынғыдай жұмыс жасамайтынын ашық айтуға тура келеді", – делінген үкімет басшысына жолданған депутаттық сұрауда.

Оған қол қойған депутаттар азаматтардың құқықтарын қорғау тек кері қайту билетін сатып алумен шектелмейтінін, оған сондай-ақ азаматтар толық ақысын төлеген демалысты толыққанды қамтамасыз ету де кіруге тиістігін баса айтады.  

"Ақылға салсақ, "Туристік Қамқор" азаматтардың демалысы мен кері оралуын кепілдендіруге тиіс. Тек содан кейін ғана алаяқ туроператорлармен өз бетінше есептесуі қажет. Бірақ көріп отырғанымыздай, біріншісіне де, екіншісіне де қатысты тетіктер іске қосылмаған. Туркомпаниялар мен олардың клиенттері төлеген жүздеген миллион теңге жағдайды жақсартуға ешқандай салмақты ықпал етіп отырған жоқ және қордың есепшотында әлдебір белгісіз мақсаттар үшін жинақталуда", – деді Меруерт Қазбекова.

Депутаттар үкіметтің өзін-өзі реттейтін және қалыпты сақтандыруды қамтамасыз ететін нарықтық тетіктер құруға талпынғанын, бірақ онысы әдетте "бюрократия мен біліксіздік" жарына соғылатынын айтады. 

Сондықтан мәжіліс депутаттары үкімет басшысы бірнеше ұсыныспен шықты.

"Біріншіден, біз бизнесті әлдебір төлем жасауға міндеттейтін және қаражатты шығындау жүйесі мөлдір емес саналуан бюджеттен тыс қорлар құру тәжірибесін тоқтатуды сұраймыз! Сол тәріздес барлық төлемдер іс жүзінде бизнеске салынған салық болып табылады. Тиісінше, олар бюджет арқылы өтуге, парламент бекітуге және бақылауға тиіс. Екіншіден, осы қорлардың жұмыс қағидаттарын қайта қарауды, оларға міндетті төлем жасауды тоқтатуды, қажет болса, қорларды жойып, қаражаттарын бюджетке аударуды ұсынамыз. Үшіншіден, туристік, медициналық және басқа салаларда тәуекелдерді сақтандырудың нарықтық жүйелерін дамыту үшін нақты ынталандыру құралдарын құруды өтінеміз. Бұларсыз осы қызметердің сапасын шынайы арттыру және қатысушылардың жауапкершілігін көтеру мүмкін емес",- дейді депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаттары.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу