Павлодар билігі 50 млн теңгеге баспана сатып алды

3768

Бұл үй осыдан 4 ай бұрын тағайындалған Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевке берілуі мүмкін.

Павлодар билігі 50 млн теңгеге баспана сатып алды

Қазан айының соңында мемлекеттік сатып алулар сайтында Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің пәтер сатып алу туралы хабарламасы жарияланды. Мемлекеттік орган баспанаға қойылатын талаптарды шегелеп тұрып белгілепті. Ол 2018 жылы салынған, аумағы 225-230 шаршы метр болатын екі қабатты тұрғын үй болуға тиіс. Бұл талаптарға шаһардың орталығындағы екі деңгейлі баспана сай келді. Сөйтіп, қараша айының 5-і күні Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімі мен екібастұздық тұрғын Айсұлу Сырымова өзара келісімге қол қойып, мемлекет коттеджді 49 млн 900 мың теңгеге сатып алды.

Коммуналдық меншікке мұндай қомақты сомаға баспананың сатып алынуы павлодарлықтардың басым бөлігінің наразылығын тудырып, тұрғындар әлеуметтік желілерде пікірлерін қарша боратты. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Аян Бейсекиннің пайымынша, қымбат үйді сатып алудың еш сөгеттігі жоқ. Бұл – қажеттілік.

"Мемлекеттік қызмет туралы" Заңның 56-бабына сәйкес, барлық мемлекеттік қызметшінің қызметтік үйде тұруына құқығы бар. Оларға жеке үй салынбайды, сондықтан коммуналдық тұрғын үй қоры пәтерлерді сатып алу арқылы ғана толығады. Айта кетерлігі, қызметтік үйлерде сол қалада лауазымдық қызмет атқарған уақытта ғана, ай сайын пәтердің жалдау құнын төлеген жағдайда тұра алады. Көпшіліктің назарын аудартқан Луначарский көшесіндегі екі қабатты үйдің бір шаршы метрі 214 мың теңгеге сатып алынды. Ал Павлодар қаласындағы пәтерлердің орташа бағасы – бір шаршы метр үшін 200-250 мың теңге аралығында", – деді Аян Бейсекин.

Нормативтік талаптар бойынша бір адамға тұрғын үйдің кем дегенде 18 шаршы метрі тиіс екенін есепке алсақ, жалпы аумағы 230 шаршы метр, құны 49 млн 900 мың теңге тұратын баспанаға отбасында 5 және одан да көп адам бар мемлекеттік қызметші қоныс аудара алады. Бұл ретте қандай да бір кезектілік, лауазымдық дәреже назарға алынбайды. Барлығын тұрғын үй комиссиясы шешеді. Аян Бейсекиннің айтуынша, қызметтік үйден үміттілер тізімінде шаһар басшысы Әнуар Күмпекеев те бар. Биыл Павлодар қаласында әкімдік пен оған қарасты мекемелерде еңбек ететіндер үшін 7 пәтер сатып алынған. Бұл баспаналарға қоныстану үшін 15 адам өтініш беріпті.

Жалпы, бүгінгі таңда облыс орталығында мемлекеттік қызметшілерге арналған 100 пәтер бар. Келесі жылы жалпы құны 70-90 млн теңгені құрайтын тағы екі үй сатып алынбақ.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу