Павлодар Қытайға өсімдік майын экспорттайды

Инвестор май зауытының құрылысына 1,5 млн АҚШ долларын жұмсады.

25 Шілде 2018 13:32 Автор: Ақтоты Қабдықайыр
Павлодар Қытайға өсімдік майын экспорттайды, Павлодар облысы, май зауыты, күнбағыс, Қытай

«Гринланд Инвест» ЖШС Павлодар облысының Жетекші ауылында май зауытының құрылысын қолға алды. Қазір өндірістік цехтар салынып, құрал-жабдық орнатылуда. Жоспар бойынша кәсіпорын қараша айында іске қосылады.

Компанияның бас директоры Чжан Янь Цюдің айтуынша, зауыт тәулігіне 300 тонна шикізат өңдеп, жылына 30 тонна өсімдік майын шығарады. Дайын өнім Қытайға экспортталады.

«Шикізатты жергілікті шаруалардан сатып алып, өңдейміз. Бұл үшін құны 600 мың АҚШ долларын құрайтын техника орнаттық. Кейін жом мен өсімдік майы Қытай нарығына жөнелтіледі», – деді Чжан Янь Цю.

Кәсіпорынның құрылысына жарықпен қамтамасыз етудегі түйткілдер кедергі келтіріп отыр. Электр энергиясының қуатты жеткіліксіз болғандықтан, тиісті жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталмайды деген қауіп бар. Ал Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов алаңдауға негіз жоқ дегенді алға тартып отыр. Оның сөзінше, қосымша желі тарту үшін мемлекеттік бюджеттен 150 млн теңгеден астам қаржы қарастырылады. Бұл кәсіпорынның ғана емес, тұтас Жетекші ауылындағы жарық мәселесін шешеді.

Айта кетейік, былтыр Павлодар облысында 178 мың гектар алқапқа күнбағыс егіліп, 110 мың тоннадана стам өнім жиналды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Байболат Рахымжанов атап өткендей, биыл егіс алқабы ұлғайып, күнбағыс 186 937 гектар жерге себіледі.

Күнбағыс өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі - Ақтоғай ауданындағы «Надежда» шаруа қожалығы. Владимир Филипишин басшылық ететін шаруашылық биыл 1200 гектар жерге тұқым салды.

«2016 жылы бір гектардан 8-10 центнер жинасақ, өткен жылы небары 3-4 центнер алдық. Осыдан екі жыл бұрын өнімнің 1 тоннасын 110-115 мың теңгеге, былтыр 75 мың теңгеге саттық. Яғни өткен жылғы жиын-терім нәтижесі көңіл көншітпеді. Ал биыл өнімнің қалай болатыны әзірше белгісіз. Десе де өз өңірімізде өңдеу орны ашылса, егіс алқабын ұлғайтуға әзірміз. Себебі осы уақытқа дейін күнбағысты делдалдар сатып алып, Жолқұдық, Рождественка элеваторларында өңдеп, кейін басқа облыстар мен мемлекеттерге жөнелтіп жүрді. Күніміз делдалдарға қарағандықтан, сұраныстың қалай боларын да болжай алмайтынбыз. Жергілікті май зауытымен тікелей байланыс орнататын болсақ, нақты сұранысқа сай жұмыс істейтін боламыз», – деді Владимир Филипишин.

Ал қытайлық «Гринланд Инвест» компаниясы күнбағыс өңдеп, май шығарумен шектеліп қалмақ емес. Келесі жылы 3 гектар аумақта жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай салып, қызанақ пен қияр өсірмекші.

Ақтоты Қабдықайыр