Павлодарда оқушы орны тапшы

Балалар тар ғимараттарда қашанғы білім алмақ? 

Павлодарда оқушы орны тапшы Фото: Есенжол Исабек

Тура бір айдан соң еліміздегі мектептерде оқу жылы басталып, шәкірттер қайтадан партаға отырады. Алайда Павлодар қаласындағы кей мектептерде оқушыларға арналған орын аз. Сондықтан кейбірі үшінші ауысымда, енді бірі қаланың өзге шағын ауданындағы мектепте оқуға мәжбүр. Бұл мәселе қалай және қашан шешімін таппақ?  inbusiness.kz тілшісі саралап көрді.

Жемқорлардың "жақсылығы" тиді-ау…

Биылдан бастап заңсыз жолмен қазына қаржысын қалтасына басқандардан қайтарылған қомақты қаражат жаңа мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуіне жұмсалмақ. Осы жылы жемқорлардан түскен 96 млрд 495 млн теңгеге барлығы 62 жоба жүзеге асады деген жоспар бар. Сол арқылы оқу мекемелеріндегі орын тапшылығының түйткілі тарқамақ.

Қаржының бір шеті облыс орталығындағы Шапық Шөкин атындағы гимназия мектебіне де тиді. Бұл мектепте 2300-ден астам бала оқиды, олардың жартысынан астамы - бастауыш сынып шәкірттері. Бұл ғимарат балаларға тарлық еткен соң қайтарылған қаржыға мектеп жанынан қосымша ғимарат салу ұйғарылды. Жергілікті құрылыс басқармасының мәліметінше, аталған жобаға жемқорлардан түскен 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Бас мердігер – "Құрылыс БМҚБ" ЖШС төртқабатты ғимаратты оқу жылына дейін пайдалануға беруді уәде етіп отыр. Бүгінде жұмыстың басым бөлігі аяқталып, инженерлік желілер тартылды. Мұнда жеке асхана, спортзал, мәжіліс залы, медициналық кабинет, музыка, көркемсурет, компьютер бөлмелері болады. Бастысы, 40-қа жуық оқу кабинеті жасақталмақ. Соның өзінде бастауыш сынып балалары екі ауысыммен оқиды. Ата-аналар бұған да риза. Себебі бұған дейін балалары тар ғимаратта қолайсыз жағдайда оқып келген еді. Енді олар үшін жайлы мүмкіндік жасалмақ. Сөйтіп, орын тапшылығы мәселесі шешіледі.

Жаңа мектеп керек

Ал Павлодар қаласындағы басқа мектептердің ата-аналары керісінше алаңдаулы. Әсіресе, Усолка шағын ауданындағы жұртшылықтың базынасы көп. Мұндағы қазақ тілінде білім беретін  №25 мектепте ине шаншар жоқ. Осыдан 16 жыл бұрын 1078 балаға арнап салынған мектепте бүгінде 2 мыңға жуық бала білім алуда.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын баламызды осы мектепке ауыстырмақ болғанымызда сынып жасақталып қойғаны және орынның жоқтығы айтылды. Сондықтан құжаттарды басқа мектепке тапсыруға тура келді. Оның өзінде басшылық сол ауданның балаларын ғана қабылдайтынын алға тартып, бастапқыда құжаттарды қабылдаған жоқ. Сол маңдағы туыстың үйіне тіркеуге тұрған соң ғана қабылданды. Балам екінші ауысымда оқиды. Әсіресе қыста қас қарайғанда автобуспен үйге жеткенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Үйдің іргесіндегі мектепке барса бұлай алаңдамайтын едік. Бұл - тек біздің отбасындағы мәселе ғана емес. Көрші-қолаңның көбі де осылай амаллауға әрі алаңдауға мәжбүр. Сондықтан біздің шағын ауданға жаңа мектеп керек-ақ",- дейді қала тұрғыны Әсел Оспанова.

Сол сияқты облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп пен №34 білім беру мекемесі шәкірттерге тарлық етеді. Мұнда балаларға үш ауысымға дейін оқудан басқа амал болмай тұр. Аталған жайт шәкірттерге ғана емес, білім берушілерге де қолайсыздық тудырады.

Тапшылық қашан азаяды?

Жалпы, былтыр облыс орталығында 11 мың оқушы орны тапшы еді. Әлихан Бөкейхан атындағы лицей мен теміржолшылар кентінде мектептің ашылуы нәтижесінде бұл тапшылық 7 мыңға дейін азайды. Жергілікті билік аталған проблеманы бірнеше жыл дересінде тағы білім ордаларын салу арқылы шешпек. Атап айтқанда, жоғарыда аталған Усолка шағын ауданында келесі жылы 1200 орындық ғимараттың құрылысы басталады. Ал Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп пен №34 оқу мекемесі жанынан қосымша мектеп салынады.

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың сөзінше, Достық шағын ауданында 1200 орындық, №4 мектеп жанынан 600 орындық білім беру нысандарын тұрғызу да ойда бар. Қазіргі уақытта мердігерді анықтау үшін мемлекеттік конкурс өтіп жатыр. Осылайша, жергілікті билік екі жылда мәселені түбегейлі шешуге бейілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу