Павлодарлық экологтар сода зауыты құрылысына қарсы шықты

3012

Глинозем өндірісіне қажетті кальцийлі сода шығаруды көздеген "Павлодар-Сода" ЖШС-ның жобасына қоршаған ортаға зиян әкеледі деп дабыл қағуда.  

Павлодарлық экологтар сода зауыты құрылысына қарсы шықты

Компания жылына 200 мың тонна "А" маркалы кальций қосылған соданы өндіруді жоспарлап отыр. Қажетті шикізаттар – тұзды Үлкен Қалқаман және Тұздысор көлдерінен, әктасты Керегатастан, ал аммиакты сырттан сатып алмақ. Алынған өнім шыны бұйымдары, хром қосылыстары, натрий фасфиттері өндірісінде шикізат ретінде қолданылатын болады. Негізгі тұтынушы – "Қазақстан алюминийі" зауыты.

Жаңа кәсіпорынның құрылысына облыс орталығындағы Солтүстік өндірістік аймақтан 74,3121 гектар жер де қарастырылып қойды. Бұл аумақта зауыттың құрылысы мен жұмысы үшін қажеттінің барлығы – инженерлік желілер, автомобиль және теміржол жолдары бар.

Бірақ мұның барлығы іске аспай қалуы әбден мүмкін. Себебі, алдын ала қоғамдық тыңдау барысында жобамен танысқан павлодарлық экологтар қоршаған ортаға зиян әкелетін бірқатар фактордың барын анықтады. Біріншіден, құзырлы мемлекеттік органның қоршаған ортаға эмиссия туралы рұқсатқағазы жоқ. Ол болмаса Павлодар аумағында зауыттың салынуы мүмкін емес. Екіншіден, зауыт дайындаған 1 тонна өнімнен 10 тонна жойылмайтын қалдық шығады. Осылайша, аталмыш өндіріс "жасыл" экономиканың ережелеріне бағынбайды. Үшіншіден, зауытқа өндірістік және технологиялық мақсатта 4,5 млн текше метр су керек. Бұл – Павлодардағы қазіргі барлық өндіріс орындарының қажеттілігінен екі есе көп көрсеткіш. Экологтардың пайымынша, соның салдарынан Ертіс өзеніндегі су деңгейі едәуір төмендеп, экожүйедегі өсімдік пен жануарлардың қатары сирейді. Оған қоса, пайдаланылған судың үштен екі бөлігі Былқылдық көліне жіберіліп, суды одан әрі ластайды.

"Зауыттың Былқылдаққа ағатын суының көлемі мен құрамы "Павлодар" арнайы экономикалық аймағына белгіленген нормативтерден асып түседі әрі осы аймақта орналасқан кәсіпорындардың жұмысын қиындатады", – дейді эколог Александр Ковалев.

Қоршаған ортаны қорғаушылар өндірісті шикізатқа жақын аймақ – Баянауыл ауданындағы Майқайың кенті аумағында салған әлдеқайда дұрыс деп ойлайды. Алайда, кәсіпорын басшылығы мұнымен келіспейді. Себебі, Майқайыңда қазандық салуға, демек қосымша қаржы қарастыруға тура келеді. Ал Павлодар қаласында жылуды жылу-электр орталықтарынан ала алады.

Осылайша, қос тарап ортақ келісімге келе алмады. Алдағы уақытта тағы бір қоғамдық тыңдау болып, жоба авторлары қосымша мәліметтер ұсынуға тиіс.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу