banner

Пластмасса мен шыныны жерге көмуге тыйым салынады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3468

Елімізде 2019 жылдан бастап дәл осындай норма өз күшіне енбек.

Пластмасса мен шыныны жерге көмуге тыйым салынады

Келер жылдан бастап Қазақстанда пластмассаны, макулатураны және шыныны көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді. Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

Министрдің мәліметінше, еліміздің "жасыл" экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 2030 жылға қарай – 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жетуі керек.

"Жыл сайын елімізде 5-6 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі. 2018 жылдың сегіз айында шамамен 3,2 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жиналған. Оның 330 мың тоннасы немесе 10,5%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 9%-ды, ал 2016 жылы 2,6%-ды құраған болатын", – дейді Қанат Бозымбаев.

Министр атап өткендей, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру үшін қалдықтарды бөлек жинау, жеке инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде аталған секторға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін тартуға басымдық берілуде. Нормативтік құқықтық база құрылып, жетілдіріліп жатыр.

"Экологиялық кодекске қалдықтармен жұмыс істеу бойынша түзетулер енгізілді. Сондай-ақ өндірушілер мен импортшылардың кеңейтілген міндеттемелері қамтылды. 2016 жылдан бастап полигондарда құрамында сынап бар шамдарды және құрылғыларды, металл сынықтарын, пайдаланылған майларды және сұйықтықтарды, батареяларды, электронды қалдықтарды көмуге тыйым салынды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап пластмассаны, макулатураны, картонды және қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге тыйым салатын норма қабылданады", – деді энергетика министрі.

Деректерге сәйкес, бүгінде елімізде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін, өнімдердің 20-дан астам түрін шығаратын 130-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қуаттылығы әртүрлі мұндай сұрыптау кешендері 18 елді мекенде бар.

Министрдің баяндауынша, биылдан бастап Астана қаласының әкімдігі "Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы" ЖШС-мен бірлесіп тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, органикалық (азық-түлік) қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылған жағдайда бұл тәжірибе өзге өңірлерде де қолға алынады.

"2018 жылы министрлік өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторына 3,2 млрд теңге мақұлдады. Оның 30-40%-ы тиісті инфрақұрылымды дамытуға, яғни контейнерлер, қайталама шикізатты қабылдау пункттерін, қоқыс шығару машиналарын сатып алуға және орнатуға жұмсалды. Қалған 60-70%-ы қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеуге бағытталды. Аталған қаржылық мүмкіндікті барлық өңір пайдаланып жатқан жоқ. Сондықтан, әкімдіктер өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторымен өзара әрекетті күшейтуі қажет", – дейді Қанат Бозымбаев.

Министр тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау үшін контейнерлер мен қайталама шикізатты қабылдау пункттерін орнату барысында жер учаскелерін рәсімдеу бойынша туындаған проблемаларды шешу үшін әкімдіктер бизнеске көмек көрсетуі керектігін айтты.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу