ПМХЗ авиациялық отын өндіруге қайта кірісті

3286

Шілде айының екінші онкүндігінен бастап Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілген авиациялық отын тұтынушыларға жол тартады. 

ПМХЗ авиациялық отын өндіруге қайта кірісті

Павлодар мұнай-химия зауыты РО (реактивті отын) маркалы авиациялық отынды жаппай шығаруды қайтадан қолға алғанын жақсы білеміз. Бұйыртса, зауыт өнімі 2018 жылғы шілденің екінші онкүндігінен бастап тұтынушыларға жөнелтіле бастайды. Алғашқы партияда 5 мың тонна авиаотын болады деп күтілуде. Бұл шамамен 80-ге жуық вагон-цистерна.

Зауыт мамандарының айтуынша, РО авиациялық отыны ПМХЗ мұнайды бастапқы өңдеу кешенінің керосинді гидротазарту қондырғысында өндіріледі. Бұл қондырғы кәсіпорындағы жаңғырту жұмыстары барысында толықтай жөндеуден өткен болатын. Сондай-ақ  дәл осы қондырғыда реактивті қолғалтқыштар үшін қажетті меркаптандар жойылады және шикізат күкірт, азот қосылыстарынан тазартылады.  

Кәсіпорынның жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімінің хабарлауынша, ПМХЗ-да өндірілген отын халықаралық стандартқа сай. Тіпті жекелеген көрсеткіштер бойынша олардың бірқатарынан асып түседі.

Мамандардың айтуынша, павлодарлық реактивті отынның құрамында күкірттің мөлшері аз. Сонымен қатар тозуға қарсы жоғары химиялық қасиеттерге ие. Жылу-тотықтырғышы да тұрақты.

"Мұндай сапа көрсеткіштері технологиялық режимді қатаң сақтауға байланысты болады. РО маркалы авиациялық отын жоғары белсенділікке ие заманауи никель-молибден катализаторын қолданумен біріктірілген 25 кгс/см2 орташа қысым кезіндегі 135–280ᵒC-та қайнату жолымен тікелей керосин фракцияларын гидротазарту арқылы алынады", – делінген кәсіпорын таратқан хабарламада.

ПМХЗ РО маркалы реактивті қозғалтқыштар үшін отын шығару актісін, сондай-ақ оны өндірудің бекітілген технологиясын бүкілресейлік мұнай өңдеу ғылыми-зерттеу институтынан алыпты. Сынап жүргізуді Haldor Topsoe және "Северодонецкий ОРГХИМ" АҚ мамандары жүзеге асырды. Іске қосу нәтижесінде қажетті сипаттамалары бар өнім алынды.

Ал 2018 жылғы маусымда "Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы" АҚ ПМХЗ отынының Кеден одағының 013/2011 техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі туралы декларацияны тіркеген еді.

Еске сала кетейік, Павлодар мұнай-химия зауыты осы жылдың мамыр айында 500 988 тонна шикізатты өңдеді. Бұл энергетика министрлігі бекіткен жоспардан 25 988 тоннаға артық.

Дәлірек айтсақ, мамыр айында ПМХЗ 147,7 мың тонна К4 экологиялық кластағы автокөлік бензинін өндірді. Сондай-ақ 183,6 мың тонна К4 класты дизель отынын шығарды. Бұдан бөлек кәсіпорында 32 мың тонна сұйытылған газ, 52,1 мың тонна мазут, 31,5 мың тонна жол құрылысына қажетті мұнай битумы өндірілді. Енді бұл қатарға авиациялық отын қосылмақ.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу