banner

Поляктар Қазақстан алюминийіне көз сүзіп отыр

9198

"Павлодар" АЭА-да алюминий кластерінің құрылуы ERG-ге байланысты.

Поляктар Қазақстан алюминийіне көз сүзіп отыр

Алюминий бағандарын, кескіндерін жасаумен айналысатын Польшаның Grupa Kety компаниясы  жылына 80 мың тонна қоспалы алюминий шығарады және өнімін әлемнің он мемлекетіне экспорттайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компанияның айналымы 518 млн еуроны құрады.

"Павлодарда алюминий бағандарының өндірісін реттейміз деген ойымыз бар. Еуропада нарық бар, бірақ ондай өндіріс үшін қуат жеткіліксіз. Құрылыс жүргіземіз бе, жоқ па, бұл экономикалық есептерімізге байланысты болады", – деп мәлімдеді облыс әкімінің отырысында Grupa Kety компаниясы бас директорының орынбасары Петр Высоцкий. Алдын-ала есептеулерге сәйкес, жобаға бастапқы кезеңде 25 млн еуро қажет.

Grupa Kety компаниясының өкілі Словения мен Украинада жұмыс істейтін зауыттары туралы айтты. Бағандарды жасап шығару үшін сұйық алюминий қажет, қажеттілік 30-40 мың тоннаны құрауы мүмкін. Бірақ алдымен ERG компаниясына қатысты мәселенің басын ашып алған жөн.

"Польшаның компаниясы – болашақтан көп үміт күттіретін серіктес. Ендігі мәселе ERG мен Kety тобының арасындағы экономикалық жағдай қалай орын алатынына байланысты болады. Бұл серіктесті АЭА-ға енгізсек жақсы болар еді", – деді abctv.kz порталына Giessenhaus ЖШС-ның құрылтайшысы Виктор Литуев. Айта кетейік, ол АЭА аумағында қоспалы алюминий өндірісін іске қосу жөніндегі жобаны жүзеге асырады.

Бұл компаниялар арасында қандай байланыс бар және неліктен ол шетел компанияларын жылжытумен айналысады деген сұраққа Виктор Литуев төмендегідей жауап берді: "Мен Павлодарда алюминий кластері пайда болса екен деймін. Бұл мен үшін қызық, маған Қазақстан ұнайды. Мен мұнда энергетика саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Бұл іске билік органдары да, бизнес те мүдделі екенін көріп отырмын. Меніңше, Қазақстан аумағында даму үшін ерекше жағдай жасалып жатыр. Мен қолымнан келген істі қуана-қуана істеймін. Қазақстанның бизнесі басқа деңгейдегі өнімді шығаруға үйренуі керек".

Неліктен бұл бизнесті туған жері Ресей Федерациясында емес, Қазақстанда жасағысы келетінін Виктор Литуев былай түсіндірді:"Мұнда менің идеямды екі жыл бұрын облыс әкімі қолдаған, қазір ол энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Бір жағынан мемлекеттік қолдауды сезініп отырсам, екінші жағынан ERG де дамудың осы түрін мақұлдап отыр. Егер белгілі бір себептерге байланысты ERG компаниясы бұл жобаға келісім бермесе, кластер болмайды. Бірақ олар осындай жобаларға қызығады деп ойлаймын".

Кәсіпкер өзінің міндеті Еуропадан инвестор тауып, оны Қазақстанға әкелу және осы жерде тұрақтату деп біледі.

"Менің міндетім – батыс инвесторларын Қазақстанмен, дәлірек айтсақ Павлодар АЭА-мен таныстыру. Бұл жерге 10-ға жуық компания әкелуді жоспарлап отырмын. Жуырда Павлодарға Италия, Германия компанияларын әкелемін деген үміт бар. Сөз алюминий дискілерін және автокөлік жасауға қажетті өзге бөлшектер өндірісі туралы болып отыр", – деп мәлімдеді бізге Виктор Литуев.

Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының ақпараты бойынша, үкімет мақұлдаған 51 Қазақстан-Қытай жобасы аясында Павлодар облысының аумағында төрт жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішіне электролиз өндірісін жылына 140 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспары да енген.

Әйгерім Сүлейменова, Марина Попова, Павлодар 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу