Президент әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5078

Президент Нұрсұлтан Назарбаев қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтады.

Президент әйелдер қауымын мерекемен құттықтады Фото: akorda.kz

Елбасы бүгін Ақордада Қазақстан әйелдерімен кездесті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл жүздесуге "Көктем шуағы" деген әдемі атау беріліпті. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз мейрамының ұзақ та өте ызғарлы қыстан кейін, көктемнің алғашқы шуағымен келетіндігімен түсіндірді.

Қыз, әйел, ана – елбасы оларды елдегі бейбітшілік пен келісімнің тірегі деп атайды. Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Ал келісімнің, тағат-төзімнің, татулықтың арқасында біздің еліміз гүлденіп келеді. Нәзік болмыс иелері – біздің ошағымыздың, ұлттық құндылығымыздың сенімді сақтаушысы.

"Шаңырақтарымыздағы ошақ оты әрқашан лаулап жансын! Көктемнің ең алғашқы мерекесі – әйелдер күні құтты болсын! Көктем шуағы барша жүректі жылытсын", – дейді елбасы.

Мемлекет басшысы қоғамымыздың дамуындағы әйел қауымының баға жетпес рөлін тілге тиек етіп, қыз-қырқынды келе жатқан Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

"Бүгінде Қазақстан әйелдері еліміздің дамуына айрықша үлес қосып отыр. Адамзаттың нәзік жанды өкілдері ел экономикасының түрлі саласында, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, ғылымда, жеке бизнесте, білім беру мен денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Елімізде мемлекеттік қызметшілердің 55 пайызын әйелдер құрап отыр", – дейді президент.

Елбасы мемлекет жүргізіп жатқан демографиялық саясаттың аспектілеріне тоқталып, ана мен балаға қолдау көрсету және оларды қорғау мәселелеріне назар аударды.

"Биыл менің тапсырмаммен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырыла бастайды. Шілде айында бала тууға байланысты төленетін жәрдемақы көлемі 20 пайызға өседі. Жыл сайын ана мен балаға қарастырылған қаржылық қолдау шығыны 160 млрд теңге болып отыр. Оған қоса ата-аналарға 120 млрд теңге мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленіп келеді. Соңғы 10 жылда біз ана өлімін 3,7 есеге, бала өлімін 1,5 есеге дейін төмендетуге қол жеткіздік", – дейді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі гендерлік саясатты нығайтуға бағытталған бірқатар міндетті айқындап берді. Оның ішінде отбасы институтын нығайту – басты міндеттің бірі.

Осы орайда елбасы Қазақстанда ерлі-зайыптының жауапкершілік арқалауға дайын болмауының салдарынан некеге тұрған әрбір үшінші жұптың ажырасып жатқаны жөнінде мәлімет келтірді.

"Қазір елімізде ата-ананың тек біреуі ғана асырап отырған толық емес жарты миллион отбасы бар. Бұл мәселені шешу шарасын қабылдау қажет", – дейді президент.

Сонымен бірге мемлекет басшысы балаларға қатысты кез-келген зорлық-зомбылықты жойып, өскелең ұрпақ тәрбиесін арнаулы үйірме мен мекемеде патриоттық сезімді күшейту арқылы қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

"Төрт жылда бір олимпиада жеңімпаздары жетекшілік ететін Бүкілқазақстандық балалар олимпиадасын өткізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Тағы бір мәселе – әйелдердің орташа кіріс деңгейі еркектермен салыстырғанда әлі күнге дейін үштен бір мөлшерге төмен. Мұндай жағдайға басты себептің бірі – үкімет бекіткен әйелдер еңбегін қолдануға тыйым салынған жұмыстар тізімі", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы гендерлік саясаттың басымдығы бар бір бағыт ретінде аналар мен балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ анаға деген сыйластық мәдениетін жандандыру қажеттігін айтып өтті.

"Бәлкім, балалар үшін жалпыұлттық ашық есік күндерін өткізіп отыру керек болар. Құрметті ханымдар, сіздердің қолдауларыңызбен біз барлық жоспарымызды іске асыра аламыз деп үміттенемін", – дейді президент.

Мемлекет басшысы қазіргі саяси жаңғыру үдерісі барысында әйелдердің зор рөл атқаратынына сенім білдірді.

Кездесуге қатысушылар өздерінің кәсіби және күнделікті өміріндегі жетістіктері жөнінде әңгімеледі.

Мемлекет басшысы іс-шара соңында көп балалы ана О.Мұқашеваны "Алтын алқа" белгісімен марапаттап, кездесуге қатысушылар үшін Ақорда резиденциясында экскурсия ұйымдастырды.

Кездесуге мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Әбдіқалықова, Президент әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, парламент мәжілісінің депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл З.Балиева, Ұлттық экономика вице-министрі М.Әбілқасымова, микробиолог-ғалым Ә.Ерназарова, биатлоннан "Алматы-2017" универсиадасының жеңімпазы А.Шевченко, ауылдық орта мектеп директоры И.Седова, "Жас Атамекен" жас кәсіпкерлер клубының президенті З.Көкжанова, ақын Т.Қабылша, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының магистранты М.Галицкая, "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі адам ресурстары басқармасының бас менеджері Ш.Алтыбаева, аудандық аурухананың бас дәрігері Қ.Разиева, "Астана-Балет" театрының жетекші балеринасы М.Буканова, көп балалы ана О.Мұқашева, қобыздан халықаралық байқаулардың жеңімпазы А.Тәжібаева, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы Н.Раззақ, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі О.Давыденко, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің парашютпен секіруге дайындау орталығының аға маманы Р.Рамазанова, әртіс С.Бақаева, журналист В.Мирланқызы қатысты.

Барлық қатысушылармен еркін әңгіме-дүкен құрған елбасы кездесу соңында қыз-келіншектермен естелік суретке түсті.

Бүгін кешке президент 8 наурыз халықаралық мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты концертті тамашалайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу