Путин қайта сайлауға түсе алмаса, оның орнына кім үміткер болуы мүмкін?

2925

Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Бірақ үміткер қазіргі элитадан шығатыны сөзсіз.

Путин қайта сайлауға түсе алмаса, оның орнына кім үміткер болуы мүмкін? Фото: bloomberg.com

Келесі наурызда Ресейде президент сайлауы өтеді. Путин сонда тағы бір мерзімге үміткер болады деген болжам бар. Іс жүзінде ол екі алты жылдық мерзімге сайлауға түсу үшін конституцияға өзгертулер енгізді.

Бірақ 71 жаста, оның үстіне Ресейді 24 жыл басқарған адам үшін өлім немесе ауыр сырқаттану алыс проблемалар емес. Егер Путин қандай да бір себептермен сайлау бюллетенінен табылмаса, оның орнын кім басатыны белгісіз.

Дегенмен, үміткердің қазіргі биліктегілер арасынан шығатыны сөзсіз. Өйткені кішігірім партиялардың үміткерлерінің ешқайсысы аса атақты емес және олардың көптен қолдау табуы екіталай.

Путин сайлауға қатыспаған жағдайдағы кейбір ықтимал үміткерлерге тоқталсақ. Сарапшылардың ойынша, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

ДМИТРИЙ МЕДВЕДЕВ

Медведевтің Путиннің орынбасары ретіндегі бірегей тәжірибесі бар. Ол 2008 жылы президент болып сайланды. Ал конституциялық шектеулерге байланысты келесі мерзімге сайлана алмаған Путин үкімет басшылығына тағайындалды. Соған қарамастан, ел тізгіні бәрібір Путиннің қолында қалып, Медведев екінші адам саналды.

Медведев Путиннің 2012 жылы жаңа президенттік мерзімге сайлану жоспарымен сөзсіз келісіп, өзі 2020 жылға дейін премьер-министр қызметін атқарды. Содан кейін Медведев Ұлттық қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасарлығына ауысты.

m.gazeta.ru

Бұл лауазым елеусіздеу көрінсе де, Медведевтің танымалдығы өткен жылы күрт өсті. Өйткені ол жұмсақ мінезді адам образынан бас тартып, Батысты аяусыз айыптап, Украинадағы соғысты ең батыл қорғаушылардың біріне айналды.

Мұндай ұстаным ресейлік ұлтшылдарға ұнады. Бірақ Медведев Обама әкімшілігі тұсында "қатынастарды қалпына келтіру" бастамасымен көзге түскендіктен, АҚШ-қа тым қолайлы президент ретінде қабылдануы мүмкін.  

АЛЕКСЕЙ ДЮМИН

Тула облысының губернаторы ретінде Дюмин көпшілікке кеңінен танымал емес. Бірақ ол президентпен жақын қарым-қатынасы, соның ішінде Кремль басшысының күзетшісі болғаны үшін жылдар бойы Путиннің мұрагері ретінде қарастырылды.

Дюмин бір кездері Путинді аюдан құтқардым деп жұртшылық назарына ілікті. Айтуынша, таудағы резиденцияда Путин ұйықтап жатқанда есік алдында аю тұрғанын естіген.

"Аю екеуміз бір-біріміздің көз алмай қарадық. Ол сәл шегінді, ал мен есікті аштым да, тапаншамен оның аяғына оқ жаудырдым", – дейді Дюмин.

muzhyazheny.ru

Дюмин 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялау операциясында әскери барлау агенттігі арнайы жасақтарының жетекшісі болды. Бұл қызмет оған қазіргі сүреңсіз, сәтсіз соғысқа қарағанда, ерлік пен сәттіліктің аурасын сыйлады.

СЕРГЕЙ СОБЯНИН

Егер Ресей президенттік бәсекесінде визуалдық эффектілер маңызды болса, Собяниннің портфолиосы бәрінен озуы мүмкін. 2010 жылы ол Мәскеу мэрі болғалы, Ресей астанасы айтулы және көзге көрінетін өзгерістерге ұшырады.

Жаңа демалыс зоналары, жаяу жүргіншілер жолдары, спорттық нысандар көбейіп, басқа да қолайлы жағдайлар жасалды. Электробустар теңселген, көнерген троллейбустарды алмастырды және қала маңындағы жаңа теміржол желілері қаладағы атышулы кептелістерді азайтып, бір кездері тозып кеткен саябақтар ретке келтіріліп, абаттандырылды.

mag.shkolamoskva.ru

Собянин қалада LGBTQ+ шерулеріне тыйым салу арқылы батысшыл либералдардың шамына тиді. Бірақ гейлердің құқықтарына төзімділік Ресейде ұшпаққа шығаратын ұстаным емес. Собянин, сондай-ақ, бұрынғы мэр Юрий Лужков тұсындағы алауыздықтың қайталануына жол бермеді.

МИХАИЛ МИШУСТИН

2020 жылдан бері Ресей премьер-министрі Мишустин ешқандай толқу тудырмады және салыстырмалы түрде назарға аз ілікті. Бірақ оның бір маңызды артықшылығы бар. Егер Путин сайлауға дейін өз міндеттерін орындай алмаса, Мишустин президент қызметін атқарушы болады. 1999 жылы Жаңа жыл қарсаңында Борис Ельцин отставкаға кеткенде президенттің міндетін атқарушы болған Путин де осындай жолмен жүріп, лауазымы мен мүмкіндігін келесі жылғы сайлауда жеңіске жетуге пайдаланғаны белгілі.

kbrria.ru

Алайда Мишустинде мұндай амбиция жоқ сияқты. Ол – тыныш технократ, ал ұлттық салық қызметінің басшысы болып жүргенде жоғары білікті маман ретінде танылды. Премьер-министр ретінде ол әкімшілік пен министрліктерді қадағалағаны үшін 70% қолдау рейтингіне ие болыпты.

НИКОЛАЙ ПАТРУШЕВ

Путин мен Патрушев арасындағы ұқсастықтар таң қалдырады. Олар Ленинградта 10 ай айырмашылықпен дүниеге келген және 1999 жылы Путин премьер-министр атанғанда, Патрушев КГБ-ның негізгі мұрагері – Федералдық қауіпсіздік қызметінің басшылығына тағайындалды. Қазір ол Ұлттық қауіпсіздік кеңесін басқарып отыр және де Патрушев Путиннің Батысқа дұшпандығын қайталап, тіпті оны күшейтеді деген болжам бар.

Патрушев бастапқыда Украинаның сепаратистік аймақтары – Донецк пен Луганскідегі көтерілісшілер басшылығының тәуелсіздігін мойындаудан бас тартса да, кейіннен сол соғыстың күшті жақтаушысына айналды.

atomic-energy.ru

Сонымен қатар Патрушев Ресейдің "табалдырығына жақындап қалған неонацистерді" жоюға шақырып, Украина мен оның батыстық бағытын Ресей қауіпсіздігіне төніп тұрған нақты қатер деп мәлімдеді.

Патрушев Батыстың неолибералдық идеяларының Ресейге енуін айыптап, Путиннің философиялық ұстанымымен үндес – ел дәстүрлерін сақтау позициясына жақтас.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу