Qazaq Banki 4 млн-ға жуық айыппұл арқалады

Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге санкция салды.

18 Шілде 2018 17:07 Автор: Бұлбұл Болат
Qazaq Banki 4 млн-ға жуық айыппұл арқалады, Ұлттық банктің санкциясы, екінші деңгейлі банктер, Qazaq Banki АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Сбербанк России» АҚ ЕБ, «АТФ Банк» АҚ, ForteBank АҚ

Ұлттық банк еліміздің бірқатар екінші деңгейлі банктеріне ықпал ету шарасын қолданды. Қаржы реттеушісі осыған қатысты ақпараттық хабарлама таратып, мән-жайды түсіндіріп берді.

Екінші деңгейлі банктер көбінесе ҚР банк заңнамасы мен Ұлттық банктің нормативтік құқықтық актілерін аяқ асты етеді екен. Қаржы ұйымдары қарыз шартына, төлемдер мен ақша аударымдарына, банк шоттарына қызмет көрсету кезінде тұтынушылардың құқығын белден басатын көрінеді.

Осыған қатысты Ұлттық банктің ақпараттық хабарламасында: «Қарыз шартына қызмет көрсетуде банктер қарыз алушыға қарызды мерзімінен бұрын қайтару туралы негізсіз талап қояды, қарыз алушыға міндеттемелерді орындамаудың салдары туралы хабарламайды, шартта шынайы, жылдық, тиімді салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесін көрсетпейді сонымен қатар кредиттік бюроға қарыз алушы жөнінде жалған мәлімет жолдайды», – деп жазылды.

Қаржы реттеушісінің хабарлауынша, төлемдерді және ақша аударымын жүзеге асыруда да екінші деңгейлі банктердің бүйрегі «өзім білемін» дегенге бұрып тұрады. Ал банктік шоттарға қызмет көрсетуде клиенттің шотына заңсыз тыйым салу немесе оның шотынан негізсіз ақша алу сияқты рұқсат етілмеген операцияларға барады. 

Ұлттық банк биылғы жылдың екінші тоқсанында екінші деңгейлі банктерге 64 рет ескерту жасаған. Оның 24-і айыппұл салу және өндіріп алу, 37-сі жазбаша ұйғарым шығару және 3-і жазбаша ескерту түрінде жүзеге асқан. Бұдан бөлек 40 шектеулі ықпал ету шарасы қолданылған.

Ұлттық банк Qazaq Banki АҚ, «Астана банкі» АҚ, «Сбербанк России» АҚ ЕБ, «АТФ Банк» АҚ, ForteBank АҚ сынды екінші деңгейлі банктерді заңға қайшы әрекетке жиі баратын қаржы ұйымдарының қатарына қосты.

Бұлардың арасында ең көп санкция Qazaq Banki-не салынды. Ұлттық банк депозит бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін 27 шілдеге дейін Qazaq Banki-нің жеке тұлғалардан депозит қабылдауына және оларға шот ашуына шектеу қойды.  

«Астана банкі» АҚ-да төлем құжаттарын дер кезінде орындамағаны және оларды орындаудан негізсіз бас тартқаны сонымен қатар банктік қарыз шартында дәйексіз есептелген сыйақы мөлшерлемесін көрсеткені үшін 29 тамызға дейін жеке тұлғалардың депозитке салатын жинағын қабылдау және  шот ашу құқығынан айырылды. Бұған қоса банкке қарыз алушыға қарыз бойынша төлем енгізу қажеттілігі туралы хабарлау мерзімін сақтамағаны үшін жазбаша ұйғарым шығарылды.

«Сбербанк России» АҚ ЕБ-ға қатысты 9 жазбаша ескерту жасалса, «АТФ Банк» АҚ-ға кредиттік бюроға жалған мәлімет бергені және шектеулі ықпал ету шарасын дер кезінде орындамағаны үшін 2 айыппұл салынды. Ал ForteBank АҚ-ға 7 жазбаша ескерту берілді.

Ақша эквивалентінде Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 17 млн 958 мың теңге айыппұл салды. Нәтижесінде Qazaq Banki АҚ-3 млн 843 мың, «Астана Банкі» АҚ-1 млн 971 мың, «АТФ Банк» АҚ-1 млн 563 мың, «Нұр Банк» АҚ-962 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Бұлбұл Болат