Рейтингте бел ортадан жоғарымыз

Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы ұлттық құрамалар арасындағы 2018 бүкіләлемдік рейтингті жаңғыртты.

23 Мамыр 2018 10:13 Автор: Маруан Түсіп
Рейтингте бел ортадан жоғарымыз, шайбалы хоккей, рейтинг,  IIHF
Фото: icehockey.kz

Хоккейде де футболдағыдай, ұлттық құрамалар арасында бүкіләлемдік рейтинг түзіліп отырады. Бірақ теңбіл доп додасындағыдай ай сайын жасалмайды. Әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары секілді дүбірлі додалардан кейін, яғни жылына 1-2 рет жаңартылады. FIFA рейтингісінде 207 мемлекеттің ішінде 117-орынды иеленіп тұрсақ, Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) рейтингінде 50 елдің ұлттық құрамасы арасында 18-орынды меншіктеп тұрмыз.

Өздеріңізде байқап отырған боларсыздар, хоккейде футболдағыдай емес, бел ортадан біршама жоғарымыз. Жақында Данияда көмбесіне жеткен, 2018 жылғы әлем чемпионаты (жоғарғы дивизиондағы) аяқталысымен, IIHF 2018 жылғы рейтингісін жаңғыртты. Онда Қазақстан құрамасы екі саты төмен сырғып, 18-орынға орналасты. Ал Копенгагендегі Швеция чемпион атанып, Швейцария көпшілікті таң қалдырып, күміс жүлдегер атанды. Қола жүлде Канада хоккейшілерін тізе бүктірген АҚШ құрамасына бұйырды.

Қазақстан ұлттық құрамасы биыл да әлем чемпионатының Жоғарғы дивизионына шыға алмай, Бірінші дивизионда қалып қойды да, екі саты төмен ығысты. Алдымызды Азиядағы бәсекелесіміздің бірі Оңтүстік Корея хоккейшілері орап кетті. Бұған дейін жазғанымыздай, келесі жылғы әлем чемпионаты (Бірінші дивизион додасы) Астанада өтеді. Өз жерімізде хоккейшілеріміз Жоғарғы дивизион жолдамасына қол жеткізіп, рейтингте қайтадан жоғары өрлейді деп сенеміз.

Қазақстан ұлттық құрамасының IIHF рейтингінде төмен сырғып, екі жыл бойы Жоғарғы дивизионға шыға алмай, үшінші рет Бірінші дивизионда бақ сынауға мәжбүр болып отыруының себебі – екеу. Біріншіден, буын ауысу процесін дер кезінде бастамай, кеш қимылдады. Біраз уақыт ардагер хоккейшілерімізге сенім артып, жүріп алдық.

Екіншіден, ұлттық құрамаға да, сондай-ақ осы бас командамыздың негізін қалайтын «Барыс» клубына да бас бапкер тұрақтамай қойды. Бас бапкер жылда ауысады, тіпті тізгін ұстаған жаттықтырушының жылына екі рет ауысатыны да бар. Сөйтіп, ұлттық құрамамыз тұрақты ойын өрнегін көрсете алмай келеді.

Енді, 2018 жылғы IIHF рейтингісімен таныс болыңыздар. Мұнда әр елдің ұлттық құрамасынан кейін оның өзіне тиесілі ұпайы, ал жақшаның ішінде неше саты жоғары немесе төмен жылжығаны көрсетілген:

1. Канада – 3990 (0)
2. Швеция – 3945 (+1)
3. Ресей – 3930 (–1)
4. АҚШ – 3765 (+2)
5. Финляндия – 3765 (–1)
6. Чехия – 3690 (–1)
7. Швейцария – 3590 (+1)
8. Германия – 3575 (–1)
9. Норвегия – 3270 (0)
10. Словакия – 3245 (0)
11. Латвия – 3225 (+2)
12. Дания – 3130 (+2)
13. Франция – 3115 (–1)
14. Беларусь – 3085 (–3)
15. Словения – 2915 (0)
16. Оңтүстік Корея – 2835 (+2)
17. Аустрия – 2820 (0)
18. Қазақстан – 2760 (-2)
19. Италия – 2725 (0)
20. Венгрия – 2595 (0)
21. Польша – 2565 (0)
22. Ұлыбритания – 2465 (+2)
23. Жапония – 2410 (–1)
24. Украина – 2340 (–1)
25. Литва – 2200 (+1)
26. Эстония – 2155 (+1)
27. Хорватия – 2115 (–2)
28. Нидерланд – 2060 (0)
29. Румыния – 2030 (0)
30. Сербия – 1830 (0)
31. Испания – 1700 (0)
32. Исландия – 1660 (0)
33. Қытай – 1610 (0)
34. Израиль – 1450 (+1)
35. Мексика – 1440 (–1)
36. Аустралия – 1280 (+2)
37. Бельгия – 1250 (–1)
38. Болгария – 1210 (–1)
39. Жаңа Зеландия – 1030 (0)
40. Грузия – 990 (+1)
41. Корея ХДР – 925 (–1)
42. Люксембург – 790 (+1)
43. Түркия – 770 (–1)
44. Оңтүстік Африка – 655 (0)
45. Гонконг – 600 (0)
46. Тайпэй – 425 (+2)
47. БАӘ – 365 (–1)
48. Босния және Герцеговина – 360 (–1)
49. Түркіменстан – 200 (жаңа)
50. Кувейт – 140 (жаңа)

Маруан Түсіп