"Ресей дәріптеген С-400 "Триумфы" әлемде абыройынан айрылды"

2394

Халықаралық сарапшылардың байламынша, "экспорттық нарықта бұл темірге енді ешкім де миллиард төлегісі келмейді".

"Ресей дәріптеген С-400 "Триумфы" әлемде абыройынан айрылды" Фото: capiton-mebel.ru

Соғыс барысында Батыстың көп нәрсеге көзі ашылды. Ондаған жылдар бойы Мәскеу Жеңіс күні, Қызыл алаңда өткізетін әскери парадтарының басты фигурасы – "Триумф" (Салтанат) аталған С-400 кешендері болды. РФ халықаралық деңгейде пиарын әбден жетістірген бұл техниканың сыртқы кейпінің өзі сұсты көрініп, одан әлдебір ызғар есіп тұратын.

Алайда ол парадтарда ғана қаһарлы болып шықты. Майдан даласында, ұрыс пен іс үстінде оның абыройы айрандай төгілді. Қару-жарақ тақырыбына маманданған Defense Express сарапшылары ресейлік С-400 кешеніне қатысты өз "үкімін" шығарды.

"Украина соңғы шабуылдары арқылы ресейлік аталған кешеннің экспорттық әлеуетін күл-талқан етті. Дәл үстінде ілініп тұрған дронға еш қауқар таныта алмай, тып-типыл болып жойылуын камераға түсіруге жол берген зениттік-зымыран кешенін бұдан былай әлдебір елдің миллиард доллар шығындап, сатып алуы неғайбыл. Мұндай ПВО-ға әуе қорғанысын сеніп тапсыру әбестік", – деген пікір білдірді Defense Express сарапшылары.

Шынында, бұған дейін РФ жаһандық қару базарында С-400 кешендерін толық жинақта 1 миллиард 200 млн доллардан сатып келген болатын.

Ресей ондаған жылдар бойы С-400 кешенін төл қару өндірісінің ең жарқын жұлдызы деп атап келді. Пиары мықты болғандықтан, оған дамушы елдер тарапынан сұраныс жоғары болды. Мысалы, Қытайдың бүкіл әуе қорғанысы (ПВО) осы кешенге және соның үлгісімен жасалған қытайлық баламаларына сүйенеді.

"Рособоронэкспорттың" мақтауынша, С-400 "Триумф" "салтанат үшін жаралған" (создан для триумфа). Ол 30 шақырым биіктіктегі кез келген нысананы да қағып түсіреді-мыс.

"Бірнеше типті басқарылатын зымырандармен қаруланған С-400 "Триумф" мобильді, көп каналды зениттік-зымыран кешені барынша алыс қашықтағы және биіктегі әуе нысаналарын жояды. Орнын жылдам ауыстырады, майдан даласында өміршеңдігі жоғары. С-400 әмбебап және аэродинамикалық нысаналар мен 3000–3500 шақырымға дейін ұшатын баллистикалық зымырандардың барлық типін жояды. Ол заманауи ғана емес, әлемде әзірленіп жатқан перспективті әуе шабуылы құралдарын, кез келген әскери ұшақты жоюға қабілетті. Кез келген қарқынды радиоқарсылықты еңсере алады", – деп жарнамалайды "Рособоронэкспорт".

Сарапшылар мұның "аңыз" ғана болып шыққанын айтады. Америкалық Newsweek журналының сарапшылары: "Украина ресейлік С-400 жүйелерін жаңқа құрлы көрмей, парша-паршасын шығаруда" деген пікір білдірді. Олардың мәліметінше, Мәскеу бұл кешеннен және оның басты компоненттерінен майдан даласында кем дегенде 5 рет айрылып қалды. 

"Киев онсыз да көп емес ресейлік алыс қашықтықтағы С-400 кешендерінің сапын күрт сиретті. Украинаның Қарулы күштері соңғы кездері мәскеулік өте қымбат бұл жүйелерге аңшылық ашты. Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының дерегінше, 2023 жылдың басында Ресей қолында SA-21 Growlers атымен де белгілі С-400 мобильді зениттік-зымыран кешендерінің шамамен 96 бірлігі ғана болған. Нидерландылық Oryx барлау агенттігінің мәліметінше, Ресей С-400 кешенін және оның батареясының басты бөліктерін, соның ішінде басқару пунктерін, зымыран ұшыру кешендерін, радарларын және басқасын кем дегенде 5 рет жоғалтты. Бұдан бөлек, кейбір мәлімет бойынша Ресейдің өз аумағында орналасқан кешендерге де зақым келген", – деп жазады Newsweek.

Сондықтан Ресейдің бұл жүйесінің нақты қаншасы іске жарамды екені белгісіз. Бұл ретте РФ жері ұлан-байтақ екенін, территориясы жөнінен әлемде бірінші орында тұрғанын ұмытпаған жөн. Сарапшылар оның бәрін әуе қорғанысы жүйелерімен, тұтас ПВО "қолшатырымен" жабу мүмкін еместігін айтып отыр. 

С-400 ұзақ уақыт бойы америкалық Patriot-тың озық баламасы және дамушы елдер қорғанысының алтын стандарты саналып келді. Ол –  өткен ғасырда, қырғиқабақ (суық) соғыс заманында қарсыласын тежей алған С-300 кешенінің қазіргі заманға сай жаңғыртылған нұсқасы.

Әскери эксперттердің тұжырымдауынша, кең ауқымды соғыстың бастапқы кезеңінде С-400 шынымен де мықты қасиеттерін паш етті және Украинаның әуені бақылауына тосқауыл қойды. Украиналық әскери ұшақтар, тікұшақтар экипаждары әр көтерілген сайын басын бәйгеге тігеді. Көптеген әскери әуе көлігі құлатылды. Өз кезегінде Украина өз аспанын негізінен С-200 кешендерімен ғана қорғайды.

Ресейлік С-400 әзірге әлемдегі төрт елдің – Қытай, Түркия, Үндістан және Беларустің "қорғанында" тұр. Ашық деректерге сәйкес, РФ 2014 жылы шың еліне аталған жүйенің 2 полктік жиынтығын жеткізуге мәмілелесті. Оның біріншісін 2018 жылы, екіншісін – 2020 жылы жеткізді. Келісімнің жалпы құны 3 млрд доллардан асыпты. Әйтсе де, кейін белгілі болғандай, Мәскеу келісімшарт талаптарын әлі күнге соңына дейін орындамапты. Яғни, кейбір компоненттерін, зымырандарын жеткізбеген.

НАТО мүшесі Түркияның 2017 жылы С-400 сатып алуы халықаралық жанжал туғызды. Ақ үй Анкараны бұл ағат қадамға бармауға, райынан қайтуға бірнеше рет үндеді, қысым да көрсетті. Р.Ердоған бұған Америка Patriot кешенін сатудан бас тартқан соң барғанын мәлімдеді. Ақыр соңында Анкара 2,5 млрд долларға 4 дивизионнан тұратын С-400 бір полктік жиынтығын сатып алды.

Үндістан 2018 жылы 5 полктік жиынтығын сатып алу туралы контракт бекітті. Мәміле құны 5,5 миллиард долларға бағаланды. Алайда онда белгіленген мерзімде – 2023 жылғы сәуірге дейін контракт орындалмады. Бірқатар дереккөздер үнді еліне тек 2 полктік жиынтық берілгенін хабарлады.

Өзге елдермен арасындағы контрактілерді де Мәскеу аяғына жеткізбеді, соғысын бастады.

Бір қызығы, Түркия да, Қытай да ресейлік кешенді соның негізінде отандық әуе қорғанысы жүйелерін жасау үшін пайдаланған. Мысалы, таяуда Түркия Siper (әскери пана) атты кешенінің тұсауын кесті. Оны әзірлеген Roketsan компаниясының басшысы Мұрат Икинджинің айтуынша, Siper – HISAR кешендері желісіндегі ең заманауи және алысқа соққы беретін зениттік-зымыран кешені болады.

"Түркия жасап шыққан Siper әуе қорғанысы жүйесі америкалық Patriot және ресейлік С-400 жүйелеріне қуатты балама. Әлемде дәл Siper сияқты жойқын жүйелерді жасауға қабілетті елдер кемде-кем", – деді Икинджи.

Ал салтанат үшін жасалған ресейлік кешендердің украиналық сұрапыл шабуылдарға төтеп беруді қойғаны әшкереленді. Оның үстіне С-400 кешенін талқандау сәтін оның үстінде еркін қалықтаған беспилотниктің бейнекамераға түсіруі ресейлік "Триумфтың" сүйегіне өшпес дақ түсірді.

УНИАН агенттігінің хабарлауынша, биылғы шілдеде украиналық армия С-400 кешенінің жиынтығына кіретін зымыран ұшыру қондырғысын және радиолокациялық станциясын күйрете алды.

Тамыз айының соңында Қырымда өткізілген арнайы операция нәтижесінде Украина тарапы С-400 ұшыру қондырғысын және зымырандарының қорын жоя алды. Сондағы алапат жарылыстың видеосы да дрон арқылы түсірілген. Бұл жайт сарапшылардың арасында дүрбелең туғызды. Өйткені тұтас қалаға "қолшатыр", қорған болып, оған жау қаруын жуытпайды делінген кешеннің тіпті өз жүйесін да қорғай алмайтыны әшкереленіп қалды.

14 қыркүйекте Қырымда тағы бір С-400 ойрандалды. Алдымен украиналық беспилотниктер үйірімен үстемелете шабуылдап, Евпаториядағы бұл кешеннің радары мен антенналарын жайратып салды. Артынша "көзі" мен "құлағынан" айрылған С-400 "Триумф" кешеніне украиналық екі "Нептун" қанатты зымырандары соққы берді. 

"Ресейліктер өзінің бұл жүйесі сапасы, қабілет-қарымы жөнінен америкалық Patriot зениттік-зымыран кешенінен басым түсетінін ұзақ жыл қайталаумен келді. Енді оның америкалық "әріптесінен" тек бағасы жөнінен басым түсетінін біліп отырмыз: "Триумф" Patriot-қа қарағанда кем дегенде 20% қымбат. Ресейліктер қалай мақтанатын еді? С-400 барлығын – шыбыннан бастап, ғарыштағы спутникке дейін тұта алатынын айтатын. Әрине, мүлдем қабілетсіз деуге болмайды, әлденеге күші жетеді. Бірақ біз де оны жоюдың жолы мен тәсілін көрсеттік. Бұл – жаһанда теңдесі жоқ суперқару емес. Оны Батыс қаруы түгіл, біздің "Нептундар" жоя алатыны әлемге әйгілі болды", – деді әскери шолушы, Украинаның запастағы майоры Алексей Гетьман.

Халықаралық сарапшылар осының нәтижесінде Қырымның қорғанысы шұрық-тесік, тоз-тоз болғанына назар аудартады. Соғыс қарсаңында, 2022 жылғы ақпанда Ресей өзі аннексиялаған Қырым республикасында С-400 кешенінің 5 батареясын ұстапты.

Әскери эксперт Дэвид Хэмблинг Қырымның ресейлік әуе қорғанысының ыдырауын Украина өз пайдасына жаратқанын айтады. Нәтижесінде, Украина 20 және 22 қыркүйекте оккупацияланған Севастополдегі Ресейдің Қара теңіз флотының штабына соққы беріп, күйретті. Киевтің мәліметінше, соққы жасалған мезетте ол ғимаратта Черноморфлот басшылығының жиналысы өтіп жатқан. Салдарынан ресейлік 34 офицер қаза тауып, 105 әскери жараланыпты. Мәскеу бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ бұзылып, өртке оранып, жанып кеткен штабтың алып ғимараты пайдалануға жарамсыз болып қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу