Ресей маманы көсегемізді көгертпеді

1815

Бородюкпен жеңіс тұрмақ тең ойынға зәру болдық.

Ресей маманы көсегемізді көгертпеді Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Варшавада Польша футболшыларынан 0:3 есебімен ойсырай ұтылды.

Варшавада ұтылдық

Бұл Қазақстан құрамасының 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы сегізінші ойыны болатын. Ел намысын қорғаған футболшыларымыз тізе қосып, ұжымдық ойын үлгісін көрсете алмады.

Рас, Польша құрамасының деңгейі жоғары, бірақ олар спорттық баптарына әлі келе қомаған сияқты...

Польша футболшылары 2 қыркүйек күні Копенгагенде Дания құрамасынан 0:4 есебімен ұтылып қалған. Сол жеңілістері кездейсоқ нәтиже емес екен. Жылдамдықтары да аса жоғары болмады. Алайда Қазақстан футболшылары ойын өрнегінің мандымы жоқ құрамаға қайратын өткізе алмады.

Аслан Дарабаевтың екі мәрте шірене тепкен жойқын соққылары Польша құрамасының қақпасынан сәл ғана қиыс кетіп, Варшавадағы "Народовы" стадионына жиналған көрермендердің жүректерін лүп еткізді. Өкінішке қарай, Сергей Хижниченко қақпашымен бетпе-бет шықса да, одан айласын асыра алмай, тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп қойды.

Негізі, екінші таймның басында біздің жігіттер қарқындарын үдетіп, жиі шабуылдады. Тіпті бір гол соққан. Бірақ Хижниченко допты тепкенде, Исламбек Қуат қақпа алдында жалғыз қалып, төреші бұл голды есепке алған жоқ. "Офсайд болды" деп шешті.

Ал алаң иелері көп мүмкіндіктерінің үшеуін ғана сәтті аяқтап, жеңіске жетті. Польша құрамасының жарық жұлдызы Роберт Левандовски тағы бір гол соққан. Оның шиіре тепкен пәрменді соққысын Лория тойтарған. Бірақ шыр айналған ала доп қақпа сызығының асып, ішіне топ етіп түсті де, қайта сыртқа шығып кетті. Төрешілер байқамай қалды...

Бородюк келгелі жеңілістен көз ашпай жүрміз
Сонымен, Қазақстан құрамасы 0:3 есебімен ұтылды. Бұл – Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Ресей маманы Александр Бородюктің бесінші жеңілісі. 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы төртінші рет жеңілістің кермек дәмін татып отыр.

Бородюк биыл 27 ақпан күні Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып бекітілген. Содан бері біздің футболшылармен бес ойын өткізіп, бесеуінде де ұтылды. Доп айырмасы: 2–14. Осы үш ойынның біреуі жолдастық кездесу де, қалған төртеуі келер жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясындағы ресми кездесулер болатын.

Атап айтқанда, 22-наурыз күні Ларнакада Кипр футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:3 есебімен есе жіберіп алды. Іле-шала Арарат аңғарына барып, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасындағы ("Е" тобындағы) басты бәсекелесіміз Армения құрамасымен кездесті. Есеп – 0:2. Деңгейі өзімізбен шамалас командадан да ұтылып, жігерімізді құм қылды.

Содан кейін, яғни 10 маусым күні, Алматыда 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында алтыншы кездесуін өткізіп, тағы да жеңілістің кермек дәмін татты. Бұл жолы 1:3 есебімен Дания құрамасынан жеңіліп қалды. Қыркүйектің 1-інен 2-сіне ауған түні Астанада Црна Гора футболшыларын қабылдап, 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Бұдан кейін Варшаваға барып, поляктардан да дәл осындай есеппін ұтылып отыр.

Талғат Байсуфинов жігіттердің намысын жанып еді...
Александр Бородюкке дейін ұлттық құраманы жаттықтырған Талғат Байсуфинов өз алаңымызда ұтылып көрмеп еді. Астанада 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында екі ойын өткізіп, екеуінде де тең түскен. Әрі қандай командалармен десеңізші!? Азуы алты қарыс Польша да (2:2), шежіресі мол Румыния да (0:0) қазақ топырағында тең түскендерін қанағат тұтқан.

Өкінішке қарай, Байсуфинов жаттықтырған ұлттық құрамамыз түздегі екі ойында ойсырай ұтылып қалған. Дания құрамасынан 1:4, ал Црна Гора футболшыларынан 0:5 есебімен жеңілген. Есесіне, жолдастық кездесулерде жеңіске жетіп жүрді. Түзде Әзірбайжан және Қытай құрамаларын 1:0 есептерімен ұтып, Грузия футболшыларымен тең түскен (1:1)...

Ал Александр Бородюк келгелі жеңіс тұрмақ тең ойынға зәру болдық. Гол соғудың өзі мұң болып тұр. Ресей маманы бұл сәтсіздіктердің бәрін біздің футболшыларымыздың деңгейлерінің өте төмен екендігіне сілтеуде. Кінә бапкерден емес екен-мыс...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу