Ресей өз азаматтығын жаңа алған қазақстандықтарды соғысқа аттануға мәжбүрлеуде

7525

Осы орайда РФ азаматы болғысы келетін қазақстандықтардың саны үштен бірге күрт азайды. 

Ресей өз азаматтығын жаңа алған қазақстандықтарды соғысқа аттануға мәжбүрлеуде Фото: ptoday.ru

Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы көші-қон саласында біраз жылдардан бері болмаған құбылысты тіркеді. Өйткені бұрынғы жылдары соған сілтеме жасаған сарапшылар мен ақпарат құралдары қазақстандықтардың шетелге лек-лекпен көшіп кетіп жатқанына дабыл қағатын.

Соның ішінде, әсіресе, көрші Ресей Қазақстанның өз бюджетінен қаншама шығын шығарып, грантпен ұзақ жыл даярлаған кадрларын қарқынды түрде өзіне тартып алып жатты. Бұл теріс үрдістің шет-шегі жоқтай көрінетін. Былтырдан бері бәрі өзгерді, оң бетбұрыс басталды. Ол биыл да жалғасуда.

Ұлттық статбюро хабарлауынша, 2023 жылғы қаңтар-маусымда елге келгендер саны 13 652 адамды құрады. Ал елден кеткендер саны 6 996 адам ғана болды. Яғни, биылғы бірінші жартыжылдықта көші-қон айырмасы 6 656 адамға жетті және миграцияда оң сальдо тіркелуде. Қазақстан "тұрғындары тәрк ететін ел" бейнесінен құтылып, "тартылыс орталығына" айнала бастады.

Басқа сандар да таңдай қақтырады. 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, биыл Қазақстанға келгендер саны бірден 87,3%-ға күрт өсті. Осы кезде Қазақстаннан кеткендер саны былтырғыдан 56,7%-ға күрт азайды.

Қазақстанның тұрғыны атануға құлшынғандардың көбі – 89,1%-ы ТМД елдерінен келгендер. Олардың арасында орыстардың үлесі былтырғы 17,9%-дан 33,9%-ға дейін екі есеге жуық артып шыға келді. Ал шетелдегі, соның ішінде Ресейдегі қазақтардың атажұртқа оралғандарының жалпы сандағы үлесі керісінше өткен жылғы 50 пайыздан биыл 34,5%-ға дейін кеміді. Қазақстан азаматтығын алғандар ішінде үштікке өзбектер кірді: үлесі 4,3% (2022 жылғы бірінші жартыжылдықта 4,7% болған). Қазақ елін жаңа отаны ретінде таңдаған украиндердің келгендердің жалпы санындағы үлесі былтырғы 2%-дан биыл 3,3%-ға дейін ұлғайды. Бұл – осы жылдың басынан бері Қазақстанның азаматтығын алғандарға қатысты статистика.

Ал Қазақстаннан көшіп кеткендердің арасында да орыстардың үлесі басым: 60,7%. Дегенмен, елден кететін орыстар саны азайды: 2022 жылдың алты айында үлесі 65,8% болатын.

Екінші орында немістер тұр және олардың үлесі керісінше, артты: елден кеткендердің 13,2%-ы (былтыр 10%) – байырғы отанына оралып, Германия азаматтығын алғандар. 

Үштікті бұл жолы қазақтар тұйықтады: 7,4% (2022 жылдың І жартысында – 5,8% ғана болды).

Өткен жылы үштікке 7,3% үлесімен украиндер еніп еді, ал 2023 жылы Қазақстаннан кетуге бел буған украиндардың үлесі 6,5%-ға дейін төмендеді. 

Бұдан шығар қорытынды: шетелге көшкен тұрғындарымыз арасында қазақтар саны артып барады. Олардың басым көпшілігі Ресейді таңдайды.

Бағлан Қ. осыдан біраз жыл бұрын Ресейдің Омбы (Омск) қаласында университет бітірген соң жұмыс тауып, қалып қойды. Сонда жергілікті қандас қызбен көңіл қосты. Азаматтық әйелі оны РФ азаматтығын алуға көндірген. Бірақ ол кезде оны алу оңай шаруа болмапты. Содан бірнеше жыл бюрократиялық сергелдеңге түскен: алдымен уақытша тұру ықтиярхатын алуға үш жылын сарп етті. Содан соң құзырлы органдар оның тіркеуін жалған деп тапты. Салдарынан азаматтыққа ұсынған құжаттарын қабылдамаған. Пандемия кезінде Қазақстанмен арадағы шекара жабылып, уақытында елге орала алмаған. Сөйтіп, Ресейде болу режимін бұзды және сол үшін айыппұл арқалады. Бұл жаза оның азаматтық алуына кедергі еді.

Барлығы Ресейдің Украинаға шапқыншылығы басталған соң өзгеріп сала берген: білікті маман ретінде ол әскерге қажетті өнім шығаратын кәсіпорынға орналасты, РФ Ішкі істер министрлігі де оның азаматтыққа құжаттарын жылдам қабылдап, бір айдан соң ресейлік қоңыр паспортты қолына ұстатқан. Былтырғы қыркүйектегі ішінара мобилизациядан ол жалтарып кетті: жаңа азаматы ретінде Ресейде әскери есепке тұрып үлгермепті. Бірақ енді әскерге шақырту алған көрінеді.

Биыл РФ азаматтығын жаңа ғана алған орталықазиялық ұлттардың өкілдеріне көзқарас өзгерді. Ресейлік пропагандистер мигранттарды, соның ішінде Орталық Азиядан келгендерді соғысқа жіберу туралы нарратив, идеяны үнемі ауызға алып, ілгерілетуде. Таяуда ресейлік федералдық арна Украинада қан төгіп, "арнайы әскери операцияға" қатысып жатқан әскеридің сұхбатын жариялады. Онда ол Ресейде бірнеше миллион орталықазиялық мигрант өмір сүріп, табыс табатынына, алайда окоптарда олардың қарасы байқалмайтынына назаланды.

РФ ақпарат құралдарының хабарлауынша, жыл басынан бері мигранттарды, соның ішінде Ресей паспортын алған Орталық Азия республикаларының тумаларын анықтап, оларды соғысқа баруға мәжбүрлеуге бағытталған рейдтер саны күрт артқан.

Кең ауқымды миграциялық рейдтер ("облавы") биылғы тамызда да өтті. Қыркүйекте жалғасуы мүмкін: ресейлік сарапшылар осы айда кезекті мобилизация ұйымдастырылады деп күтуде. Оған дайындық жұмыстары байқалады.

Осылайша, ресейлік журналист Ксения Сторожеваның жазуынша, "РФ азаматтығы майданға жолдамаға айналды". Заңсыз миграциямен күресті қалқан еткен күш құрылымдары мен военкомдар ірі құрылыс нысандарынан, кәсіпорындардан әскери есепке тұрмағандарды індете іздеуде. Бұл ретте өз елінің азаматтығында қалған шетелдіктерді де РФ армиясымен әскери контракт бекітуге мәжбүрлеуге тырысады.

Полицейлік рейдтерге қатысқан военкомдар әскери есепке тұрмаған Ресейдің жаңа азаматтарын табуға басымдық береді. Оларға тапқан бойда әскерге шақырту ұсынады немесе бірден военкоматқа алып кетеді. Сол жақтан майдан даласынан бір-ақ шыққандар да жетерлік.

Мысалы, биылғы тамыз айының ортасында Санкт-Петербургтегі Софийская көкөніс базасынан шамамен жүзге жуық адамды алып кеткен. Нижний Новгородта көкөніс сақтау базасында істеген жиырмадан астам адамды әкеткен. Оларға түрлі қысым, тіпті зорлық көрсетіп, РФ Қорғаныс министрлігімен контракт бекітуге иліктіреді. Себебі, Ресейге майдан даласында "етті шабуылдарды" ұйымдастыруға немесе окоптарды толтыруға жан жетпей жатыр.

Ресейдің бірқатар облыстары контракт бекітпей, шетелдіктен азаматтыққа құжаттарын қабылдаудан бас тартатын тәжірибені енгізіп жатыр. Бұл жөнінде құқықтанушы Татьяна Котляр "7х7" басылымына хабарлаған болатын.

Бұдан бөлек, 2022 жылғы қыркүйекте Ресей парламенті арнайы заң қабылдады: оған сәйкес, Украинада Ресей жағында соғысуға өз еркімен барған шетелдіктерге бір жылдан соң РФ азаматтығы жеңілдетілген тәртіппен беріледі. Өзбек заңгері Шухрат Кудратовтың түсіндіруінше, бұл шын мәнінде "жалдамалылық" болып табылады, ал оған заңмен тыйым салынған. Себебі, ол адамдар өз елінің азаматтығынан әлі шыққан жоқ және РФ азаматтығына кірген жоқ.

Сондықтан Қазақстанның, Өзбекстанның және Қырғызстанның құзырлы органдары Украинадағы соғысқа қатысқан өз азаматтарының "Жалдамалылық" бабы бойынша қылмыстық қудаланатынын қатаң ескертті. Қазақстанда қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына қатысқан жалдамалы – мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, 7 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады.

Ресейлік "Гражданское содействие" ұйымының байламынша,  2022 жылы ресейлік паспорт "улы активке" айналды. Соған қарамастан, РФ ІІМ былтыр 691 045 шетелдіктің Ресей азаматтығына кіргенін жариялады. Бұл соғысқа дейінгі 2021 жылғыдан 6% ғана аз. Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл сан Ресей оккупациялаған Украинаның 4 облысындағы тұрғындар есебінен де толығып отыр. Әрбір үшінші азаматтық Украинамен шекаралас Ростов облысында табысталған. Оның үстіне 2022 жылғы шілдеде Путин қол қойған жарлық бойынша барлық украиндер тіпті оккупацияланған аумақта тұрғанын растаусыз, РФ азаматтығын ала алады.

Ал 2022 жылғы қыркүйектен бастап, РФ ішінара басып алған Украинаның Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының тұрғындары автоматты түрде Ресей азаматы атанды. Оларға гуманитарлық көмек, әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы, жалақы және басқасы, тіпті дәрі-дәрмек РФ паспортын көрсеткен соң ғана беріледі.

Паспорт алу үшін ол облыстардың жұртшылығы азаматтық алу рәсімдерінен өтпейді. Алайда бұл облыстардағы украиналықтардың қаншасы Ресей паспортын алғаны, қаншасы одан бас тартқаны белгісіз: 2023 жылдың басында РФ ішкі істер министрлігі паспорт беруге қатысты егжей-тегжейлі статистиканы құпияландырып тастады.

Бір белгілісі, РФ ІІМ дерегінше, РФ азаматтығын алуға ынтыққан қазақстандықтар саны үштен бірге күрт қысқарған. Егер 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның 21,6 мың экс-тұрғыны көршінің қоңыр паспортын қойнына басса, биылғы 2023 жылғы бірінші жартыжылдықта 13,9 мың бұрынғы отандасымыз РФ азаматтығына кірді.

РФ паспортын бәрінен көп Тәжікстан тұрғындары алуда: былтырғы ұқсас кезеңде 74,2 мың тәжік соның азаматтығына қабылданса, биылғы жыл басынан бері бұл сан 87 мың адамға жетті. Яғни, 17% артқан.

2023 жылдың алты айында 10,5 мың (былтырғы сәйкес мерзімде 10,6 мың) Қырғызстан азаматын, 9,3 мың (13,1 мың) Өзбекстан азаматы РФ паспортына ие болды.

Қоғамдық пікірдің және пропаганданың қысымымен Мәскеу енді қан майданға бірінші кезекте дәл осы "жаңа азаматтарды" аттандыруға күш салатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу