Ресей соғысы Қазақстанның "Бәйтерек" мега-жобасын дағдарысқа ұшыратты

2339

Кеңес кезінен көнерген "Байқоңырдың" орнын басуға тиіс болған жаңа ғарыш зымыран ұшыру кешенінің мерзімдері ғасыр ортасына қарай, 2039 жылға дейін ысырылды. 

Ресей соғысы Қазақстанның "Бәйтерек" мега-жобасын дағдарысқа ұшыратты Фото: informburo.kz

Кремль Украинаға кең ауқымды шапқыншылық бастағалы, көршінің бар ісінің құты қашты. "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешені – жарға жығылған ірі жобалардың біріне айналып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл халықаралық мега-жоба шын мәнінде Мәскеудің "орыс әлемін" құру жөніндегі империяшыл бастамасының құрбанына айналды.

Кеңес одағының мақтанышы болған, алайда Илон Масктар құрған жаңа дәуірде технологиялық тұрғыдан әбден артта қалған "Байқоңырды" ауыстыруға тиіс болған "Бәйтерек" қазақ-орыс бірлескен жобасы еліміздегі ең ірі "сақалды құрылыс" саналады. Келесі жылы оның басталғанына жиырма жыл толмақ. Осы мерзім ішінде жоба елеулі ілгері жылжыды деу қиын. Бастапқы сатысында қалды.   

"Байтерек" кешенінің басты бір тарихи міндеті – аспаннан улы гептил сепкен, қаншама адамның, миллиондаған киік пен басқа жануарлардың түбіне жеткен аса улы "Протон" зымырантасығышын (ЗТ) ауыстыру болатын. Жаңа ғарыш зымыран кешенінен тек экологиялық таза зымырантасығыштар ұшуға тиіс болды. Бірақ ондай жаңа ғарыш кемесі Ресейде жоқ еді.

Содан Мәскеу бұл жобаны оттегілік-керосиндік отынмен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар "Ангара" ЗТ негізінде жүзеге асыруға келісті. Қос одақтас тиісті келісім бекітті.

Германия канцлері, атақты Отто фон Бисмарк: "Ресеймен арада бекітілген келісімнің сол жазылған қағаз құрлы құны жоқ" деген екен. Шынында, артынша Ресей өзі әзірлеп жатқан "Ангараны" Қазақстанға беруден бас тартып, оны тек өзінің "Восточный" космодромынан ұшыруға бел буды.

Бұған қоса, "Бәйтерек" жобасының бастапқы құны 7 есе қымбаттады. Құрылыс жұмыстары үнемі кешіге берді.

Содан Астана мен Мәскеу Қазақстандағы жаңа ғарыш айлағынан "Зенит" зымырантасығыштарын ұшыруға уағдаласты. Алайда бұл Украинада өндірілетін ЗТ болатын. Ал 2014 жылы Ресей прокси-армиясының күшімен Қырымды аннексиялады, Донбасқа басып кірді. Киев оккупантпен және оның одақтасымен ғарыш саласындағы ынтымақтастығын доғарды.

Содан Қазақстан жаңа айлағын орта сыныптағы "Союз" ресейлік зымырантасығыштарын ұшыруға қайта бағдарлауға келісті. Дегенмен, бұл кезде Батыс Ресеймен жоғары технологиялы салалардағы ықпалдастығын шектей бастады. Оның үстіне бұл зымырантасығыштарға да жабдықтарды сонау кеңес кезінен Украина жеткізетін еді.

Салдарынан 2014 жылдан бері Ресей және Украина арасындағы күрделі саяси ахуалға байланысты "Бәйтерек" жобасы тоқырады, құрылыс және жобалау жұмыстары тоқтатылды.

Жалпы, жоба аясында РФ тарапы "Ертіс", "Сұңқар" аталатын "Союз-5" жаңа зымырантасығышын әзірлеп шығуға тиіс. Ол дайын бола салысымен, "Бәйтеректегі" жаңа ұшыру кешенінде сынақтан өтуге тиіс. Ұшыру сынақтары 2022 жылы басталады деп бекітілді. Бірақ 2022 жылы Мәскеу Украинаға соғысын бастады. Сондықтан 2023 жылға ысырылды. Әрине, бұл мерзім де сақталмайтыны әу бастан белгілі еді. Енді мерзімі тағы әрі шегерілмек.

Басқа да кері кетушіліктері бар. Мысалы, екі ел пилотты ұшырулардан бас тартты. Яғни, "Байқоңырдан" басты айырмашылығы сол, "Бәйтеректен" көк сеңгіріне ғарышкерлер ұша алмайды.

Ресей "Союз-5" жаңа ЗТ-ның эскиздік жобасын әзірлеуді де аяқтамағаны әшкереленді. Қазақстанның өзіндегі Байқоңыр кешенінде жердегі инфрақұрылымды салу және модернизациялау жұмыстары тек 2022 жылдың соңында басталды. 

Бүгінде Қазақстан және Ресей жаңа зымыранды ұшыру сынақтарын 2025 жылға көшіру туралы уағдаластыққа келді. Тиісті хаттамаға қос мемлекет биыл қол қояды. Алда ел Үкіметінің тиісті қаулысы да қабылданады.

Әрине, бұл мерзімнің де сақталатынына еш кепілдік жоқ. Тіпті Мәскеу Украинаға басқыншылығын доғарғанның өзінде Батыс одан санкциялардың басым бөлігін бәрібір әзір алып тастамайды.

"Әлемдегі күрделі геосаяси жағдай салдарынан компоненттер мен материалдарды жеткізуге арналған логистикалық тізбектер үзілді. Бұл жұмыс мерзімінің созылып кетуіне соқтырды. Осыған байланысты "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенінде орта класты зымырантасығышының ұшу сынақтарының басталуын 2023 жылдан 2025 жылға ауыстыру жоспарлануда. Жоба бойынша барлық жұмыстар да кейінге қалдырылады. Хаттама күшіне енгеннен кейін хаттамада көрсетілген нақты бағыттар бойынша ынтымақтастық жалғасатын болады", – деді Цифралық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Өзге мерзімдерге тоқталған министр "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінен "Союз-5" зымыранының кемінде үш сынағын жүзеге асыру мерзімі бұрын бекітілген 2025 жылдан 2027 жылға ысырылғанын жеткізді.

Бұған дейін "2025 жылдан бастап 2036 жылғы аралық кезеңінде "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінен жылына кемінде 2 рет "Союз-5" ЗТ ұшыруға шығу және оның ықтимал модификацияларымен ғарыш аппараттарын орбиталарға шығару бойынша ақылы тапсырыстарды орындау" жоспарланған. Ол жоспары да бұзылды, мерзімдер 2039 жылға ауыстырылады. Яғни, жобаның өзін-өзі ақтау, шығынын қайтаруды бастау мерзімі ұзап кетті.

Сарапшылар 2022 жылы жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланған іс басындағы Президент Қ.Тоқаев тұсында "Бәйтерек" кешені тұрақты ұшырылымдарға көшпейтініне назар аудартады. Яғни, кезінде В.Путин бірінші Президент Н.Назарбаевтың атымен атауды ұсынған "Бәйтерек" келесі президенттерге ауыр мұра болып қалмақ.

Атап өтетін жайт, Ресей осы жобаны жалғастыру үшін жеңілдік сұрап отыр. Оған Қазақстан билігі келісіпті. Тиісінше, ол Цифрлық даму министрлігі әзірлеген "2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы" Үкіметтің жаңа қаулысының жобасында көрініс берді.

Құжатқа сәйкес, Ресей осы жобаға қатысы бар деп көрсететін шетелдік компанияларды да Қазақстан қосылған құн салығынан босатады, артықшылықтар береді. Сарапшылар мұның артында ресейлік сұр импорт тұруы мүмкін деп тұспалдаған. Ал Цифрлық даму министрлігі мұның республикаға тиімділігі бар деп отыр.

"Хаттамаға қол қою "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" АҚ-ына арналған салықтық преференцияларды резидент еместерге де таратуға, оларға қосылған құн салығы бойынша нөлдік ставканы енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жобаны іске асыруға арналған бюджет қаражатын үнемдеуге және бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыруға үлес қосады. Өйткені бұл болашақта резидент еместер үшін ҚҚС төлеу бойынша барлық шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін тәжірибені жояды. Бұл ретте төленген қаражат резидент еместер үшін ҚҚС түрінде республикалық бюджетке қайтарылады", – деп түсіндірді министрлік.

Бірлескен кәсіпорын корпоративтiк табыс салығын төлеуден мемлекеттiк қабылдау комиссиясы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдалануға қабылдаған күннен бастап 15 жылға дейін босатылатын болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу