Ресей "Желтоқсанды" мойындады

2495

"Мәскеудің бейбітшілік пен бостандық аңсаған жастарды қыруы – тарихтағы үлкен қателіктердің бірі!" 

 Ресей "Желтоқсанды" мойындады

25 қазанда Астанада өткен "Қазақстандағы желтоқсан көтерілісінің тарихы және халықаралық маңызы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ресей делегациясының өкілі сенсациялық мойындау жасады. Бұл "желтоқсантанудағы" маңызды қадам болса керек.

Желтоқсанның қақаған аязында өзіне мұздай қаруланған қызыл әскердің қарсы тұрғанына қарамастан, жансауғалап қашпаған, бассауғалап бұқпаған, сөйтіп, Кеңес одағының құрсауын қақыратқан қыран мінезді қазақ жастарының ерлігі әлемдік тарихтың беталысын өзгертті. Халықаралық жиынға қатысушылар осындай ортақ байламға келді.

Белгілі ресейлік психолог-ғалым, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті Психология институтының Психология тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі Владимир Кудрявцев сонау 1986 жылы Алматыда жастардың алаңға жаппай шығуының мәнісі мен маңызын зерттеп жүр екен.   

"Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар – фанатик ұлтшылдар емес, олар экстремист-террорист те болған жоқ! Олар – жариялылық пен бақытты болашаққа сенген, соған өз үлесін қосқысы келген жас ұрпақтың өкілдері еді.

Біз, көптеген Ресей ғалымдары, ашық мойындаймыз: 1986 жылы дәл осы қазақ өрендері шын мәнінде бостандыққа ұмтылудың және оны бейбіт жолмен жүзеге асырудың тамаша үлгі-өнегесін бүкіл әлемге көрсетті. Бұл – бүкіл дүниежүзіне сабақ болды!" – деді Ресей ғалымы.

Владимир Кудрявцев Мәскеудегі кеңестік функционерлердің қателіктен қателік жасағанын айтты. "Олар жастарға "ұлтшылдықты" тақты. Өйткені, егер ел болашағы – жастардың қозғалысы саяси сипатта болғанын айтса, келешекке қарсы шыққан билік ретінде өздерін өздері жарға жығатын еді", деді ол.

Бір айта кетер жайт, жиынға келген ресейлік делегация өкілдері "желтоқсанды – бейбіт жолмен бостандық үшін күрестің бейне-образы" ретінде танитындарын жеткізді.

Түркияның Эрджиес университетінің профессоры, доктор Абдулқадыр Ювалы желтоқсан оқиғасын барша түркі елі үшін түнекті түрген, күнгейге жол бастаған шамшыраққа балады.

"Бұл ренессанс еді! Ол кезде Түркиядан басқа түркітілдес елдер бодандықта болатын. Содан кейін рухтанған қазақ халқы, Елбасының басшылығымен, бүгінгі жақсы жағдайына бет қойды. Қалай болғанда да түркі ренессансының бір бастауында – қазақ жастары тұр. Ал ХХІ ғасырдағы түркі ренессансының лидері – Назарбаев болып табылады!" – деді түрік ғалымы.

Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелді "желтоқсан" қозғалысын "көтеріліс" деп тануға шақырды.

"Желтоқсан көтерілісі – Алаш қозғалысының заңды, табиғи жалғасы. Біз оны осы тұрғыдан қабылдап, зерттеуге және оқытуға тиіспіз. Алашордашылар да, желтоқсаншылар да өз тұстарында қазақ ұлтының өзін-өзі басқару құқы арман ретінде ғана қалып, қазақ ұлт ретінде жойылатынын түсініп, соған қарсылық білдірді. Егер осындай бас көтерулер болмағанда, бодан басымыз бостан болмас еді. Дамыған мемлекет, "Мәңгілік ел" мұрат-мақсатын өз алдымызға қоя алмас та едік" деп түйді академик.   

Желтоқсан ақиқатын анықтауды мақсат тұтқан халықаралық жиынға 8 мемлекеттен ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, билік өкілдері қатысты.  

Б. Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу