Ресейде "бензин бағасы 8,5% өседі" деген болжам біз үшін құтылмайтын көлеңке болғалы тұр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3064

Бензин профицитін, бағасын теңестіріп тұратын фактор – бағаны Ресейдегі бағамен теңестіру.

Ресейде "бензин бағасы 8,5% өседі" деген болжам біз үшін құтылмайтын көлеңке болғалы тұр

Биылғы жылғы бензин айналасындағы үкімет пен жанар-жағармай нарығы арасындағы айтыс энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың "Қазақстанның жанар-жағармай профицитін Ресейдегі бензин бағасы теңестіреді" деген бір ауыз лебізінен кейін қайта жанданатын сияқты. Энергетика министрінің айтуынша, еліміздегі бензин бағасына екі фактор әсер етеді. Алғашқысы – РФ-дағы бөлшек және көтерме саудадағы бензин бағасы, екіншісі – Қазақстандағы қажетті мөлшерден 1,5 есе көп бензин қоры. Мұны еліміздегі зауыт басшылары да, трейдерлер де айтып отыр. Сондықтан, энергетика министрінің айтуынша, бізге бензин профицитін теңестіріп тұратын фактордың болғаны маңызды. Себебі былтырғыдай бензин тапшылығын болдырмау үшін мұнай өңдеуші зауыттар өнім шығарған сайын қолда бар бензин қоры көбейе береді. Себебі биыл екі зауыт қайта жөндеуден өтті. Қаталитикалық трекингтер қалыпты жұмыс істеп тұр.

"Kazenergy" бас директоры Асет Мағауов та МӨЗ-де дайындалған бензин мен импорттан келетін бензин бағасын теңестіру қажеттігін айтады. Бұл шешім өзіміздің МӨЗ үшін қажет екен. Бас директордың айтуынша, үкімет осы шешімді қабылдайды. Себебі, қайта жаңғырудан өткен зауыттарымыз сырттан бензин тасымалдаушылармен тең шартпен жұмыс істейді. Нарықтың осы сегментінің жұмысын үкіметтің араласуынсыз және шектеуінсіз реттеудің жалғыз жолы осы екен.

"Біз экономикалық жолмен реттеу тәсілін қолдаймыз. Бірақ бағаны теңестіру туралы үкімет шешімі шыққан жоқ. Егер, үкімет осы бағытта оң шешім қабылдаса, бензин бағасы теңеседі. Бұл бензин профицитінің үйлесімділігін сақтайды", – дейді Әсет Мағауов.

Әсет Мағауовтың айтуынша, осы мәселелерді реттеп болғанша, бензин импорты мен экспортына уақытша шектеу қойған дұрыс. Себебі трейдерлер импорт пен экспорт бағамындағы болмашы пайызды аз ғана уақыттың ішінде аспанға ұшырып жіберуі мүмкін.

"Бізде қазір бензин қоры жеткілікті. Ресейден тасымалдауға себеп жоқ. РФ-дан келетін бензинді уақытша шектеу туралы ұсынымыз ол елдегі салық заңдылықтарына байланысты туындап отыр. Бірақ Ресей жағы оны аз уақытта ретке келтіреміз деп отыр. Егер, бұл қадамға бармасақ, зауыттан жаңа шыққан бензин үшін акцизіне 10,5 мың теңге, РФ бензині акцизіне 4,5 мың теңге төлейміз. Ортадағы айырмашылықтан пайда көріп келгендер үкіметке осы шешімді қабылдаттырмау үшін әрекеттеніп жатыр", – дейді Әсет Мағауов.

Тәуелсіз эксперт Сергей Смирнов үкімет қандай шешім қабылдаса да бензин бағасын тұрақтандыра алмайтынын айтады. Сарапшының айтуынша, мұндай шешімдер қазіргідей тықыр таянып қалғанда емес, жыл басында қабылдануға тиіс еді.

"Жиын-терім науқанына аз ғана уақыт қалды. РФ осы уақытта акциздік алымға байланысты қабылдаған шешімдеріне өзгерістер енгізіп үлгереді деп ойламаймын. Қазақ үкіметіне бензин импорты немесе экспортына тыйым салу туралы ұсыныс тым кеш берілейін деп отыр. Және Қазақстан мұндай әрекетті тек биыл ғана қолға алған жоқ. Мұндай ұсыныстар былтыр да болып, былтыр да аяқсыз қалды", – дейді Сергей Смирнов.

Сергей Смирновтың айтуынша, бензин тапшылығы қатты сезілетін уақытты дөп басу үшін сәуегей болудың қажеті жоқ. Шілденің аяғы мен тамыз айының бас кезінде еліміз бензин тапшылығын қаттырақ сезінуі мүмкін. Себебі былтыр үкімет 2018 жылы жиын-терім науқаны басталғанға дейін МӨЗ 17,5 млн тонна бензин өндіретінін айтқан еді. Биыл ол көрсеткіштен 1,5 млн тонна бензин өндірдік.

"Үкімет бұл уәдені берген кезде Шымкенттегі МӨЗ толық жаңартылған жоқ еді. Зауытты жаңғырту тек 2017 жылдың қыркүйекте аяқталды. Зауыттың толық күшінде жұмыс істей бастағанына көп болған жоқ. Мен осы уақыт үшінде зауыттарымыз артық бензин қорын жиып үлгірді" деген мәліметке сенбеймін", – дейді Сергей Смирнов.

Сергей Смирнов осы тұста еліміздің "Қырғызстанға да бензин сатамыз" деп уәде бергенімізді еске түсірді. РФ-дан келетін бензинді шектеп немесе бағаны теңестіріп, қырғызға бензин сатсақ, өзімізде бензин қоры мүлдем қалмауы мүмкін. Осыдан бірнеше жыл бұрын РФ еуро-4 маркісінен төмен бензинді қолдануға шектеу қойған кезде, энергетика министрлігі үкіметке Қазақстанның қоймаларында бензин қоры жетеді деп есеп берген. Арада екі апта өтпей-ақ қоймалардағы бензин үкіметке берілген есептегі санның тек жартысы ғана екені анықталған.

"Қазақстанда жанар-жағармайдың құрамына экологиялық талап қатал. Біз сол талапқа сай болу үшін МӨЗ-дарға талапты күшейттік. Мұндай жағдайда бензинді үкіметке берген есептен аз мөлшерде шығаруымыз мүмкін", – дейді Сергей Смирнов.

"Финам" компаниясының сарапшысы Алексей Калачев те үкімет Ресейден бензин импортын шектеу арқылы өзіміздің МӨЗ-дердің өнімін ұлғайтамыз деп үміттенетінін айтады. 2017 жылы РФ-дан 1,2 млн тонна жанар-жағармай тасымалданыпты. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға аз. Алексей Калачев РФ-дан келетін жағар-жанар май импорты жыл сайын азайып келе жатқанын айтады. Егер, осы тенденция сақталса, 2019-2020 жылдары жанар-жағармайға деген қажеттіліктің 100 пайызын өз күшімізбен қамтамасыз ете аламыз. Бірақ 100 пайыздық қамтамасыз етудің өзі жанар-жағармай өнімдері бағасын өзіміз қалаған деңгейге белгілеуге мүмкіндік бермейді.

"Тек қана қажеттіліктен артылып қалған қорды экспортқа жіберуге мүмкіндік туады", – дейді Алексей Калачев.

Алексей Калачев, жанар-жағармайдың контрабандалық жолмен елден жылыстауы туралы өз пікірін білдірді.

"Ішкі нарықтағы бағаға импорт және экспорт бағасының сәйкестігі ғана емес, көрші елдердің осы сегментіндегі баға да мәселені шешеді", – дейді Алексей Калачев.

Алексей Калачевтың айтуынша, Қырғызстанда бензин бағасы еліміздегіден төмен болса, қазақтың жанар-жағармайы сол елге қарай ағып кетеді дегенге сену қиын. Себебі қырғызға біз ұсынған бағаны РФ да ұсынады. Егер, ол елде бензин бағасы біздің елден жоғары болса да үкіметтің қолындағы экспорттық салық арқылы бағаны теңестіріп отыруға мүмкіндік бар.

"Сондықтан экспорттық салықты ішкі нарықтағы қажеттілікті және бағаны ұстап тұруға мүмкіндік беретін деңгейде сақтап қалу керек", – дейді Алексей Калачев.

Қазақ үкіметі мен сарапшылардың бензин бағасы төңірегіндегі айтысы қызып жатқанда, РФ-да бензиннің қымбаттайтыны белгілі болып қалыпты. Ресейлік "Альпари" сараптамалық агенттігінің сарапшысы Анна Бодрова 2018 жылы Ресейде бензин бағасы 5 пайызға немесе одан да жоғары пайызға көтерілуі мүмкін екенін айтты. РФ бағаны реттеп отыратын құзырлы орындардың, РФ Орталық банк ұсынған мәліметтерде бағаның көтерілуіне 2018 жылы, екі кезеңмен жүргізілген акциздік алым себеп болыпты. Акциздік алымның алғашқысы 2018 жылдың қаңтар айында, екіншісі 1 маусым күні жүрген.

"2017 жылы РФ-де бензин бағасы 7,3 пайызға өсті. Бұл факторға 2017 жылы бензин үшін акциздік алым көтерілмегені себеп болған. Акциздік салым тек дизель отыны үшін ғана көтерілген", – дейді Анна Бодрова журналистермен кездескен кезде.

РФ акциздік салым синдромынан кейін жиын-терім науқаны басталар кезде жанар-жағармай бағасы да "қозғала" бастайды екен. Бағаның шырқау шегі – маусымның соңы мен шілде айында байқалады. Себебі сол уақытта шаруалардың қолына субсидия тиіп, жанар-жағармайдың артық қорын баға арзан кезде алып қоюға тырысады екен.

"2018 жылдағы бензин бағасы өсімінің орташа көрсеткішінің жоғарғы шегі 8, 5 пайыз болуы мүмкін. Ал дизель отынының бағасында өзгеріс болмайды. Бағаның өсіміне себеп болатын факторлардың бәрі реттеуге көнетін әлсіз фактор", – дейді Анна Бодрова.

Отандық сарапшылар болса, "энергетика министрлігі, "Kazenergy"-дің алдын-ала бензин бағасын РФ-дағы бағамен теңестіреміз деп үкімет атына ұмтылысының себебі Ресейдің баға саясатындағы өзгерістер себеп болып отырғанын айтады. Себебі ол елдің "бензин бағасы 8,5 пайызға өседі" деген болжамы біз үшін қашып, құтыла алмайтын көлеңке болғалы тұр. Қара күзде "неге?" деген сұрақтың салмағы арқасына қатты батып кетпеу үшін, ол елден соғатын дауылдың ықпалын әлсірету үшін жоғарыда аталған екі мекеме осындай қадамға барып отыр.

"РФ-мен бізді ЕАЭО шарттары біріктіреді. Сол себепті бағаны бір-бірімен үйлестіріп отырғандар – ұтылмайды. Бізге үшінші жол жоқ", – дейді Алексей Калачев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу