Ресейде қандай америкалық компаниялар санкцияға ұшырауы мүмкін

Экономикалық шектеулерден күштірек держава ұтуы ықтимал.

26 Сәуір 2018 10:35 Автор: Арыстан Рысбек
Ресейде қандай америкалық компаниялар санкцияға ұшырауы мүмкін, Ресей, АҚШ, санкция, америкалық компаниялар

Америка Құрама Штаттары мен Ресей 2014 жылдан бері бір-біріне экономикалық санкциялар жариялап келеді. Соған қарамастан, Американың PepsiCo Inc және McDonald’s Corp корпорациялары Ресейді өсім мен табыстың нарығы деп есептейді. Жаңа экономикалық тайталастар пен шектеулер қазір сол кәсіпорындарға да қауіп төндіріп тұр.

Сәуірдің 6-сында Вашингтон Ресейдің 24 олигархы мен үкімет мүшелеріне және 12 компаниясына санкция жариялағаны белгілі. Оған жауап ретінде РФ депутаттары Америкадан келетін кейбір импорттық тауарлардың санын қысқарту туралы заң жобасын қарастырып жатыр. Оған компьютер бағдарламалары, ауылшаруашылығы өнімдері, фармацевтика, темекі және алкогольдік ішімдіктер кіреді.

Өткен сәрсенбіде Ресей парламенті жоғарғы палатасының төрағасы Валентина Матвиенко мәлімдегендей, Мәскеудің АҚШ-қа беретін жауабы «дәл» әрі «ауыр» болады. Ал, сәуірдің 11-де премьер-министр Дмитрий Медведев ескерткендей, Ресей америкалық импортты ғана емес, өз жерінде шығарылатын америкалық өнімдерді де назардан тыс қалдырмауы керек.

Кедендік статистикаға жүгінсек, Ресей 2017 жылы Құрама Штаттардан 12,5 миллиард доллардың тауарын импорттаған. Олардың санатында ұшақтар, машина жабдықтары, дәрі-дәрмектер мен химиялық өнімдер бар.

АҚШ компаниялары болса, былтыр Ресейде 90 миллиард доллар пайда тапқан. Мұндай мәліметті өткен аптада әртүрлі елдердің компанияларына төнген қаржылық қауіптерді модельдейтін Thomson Reuters Country of Risk агенттігі жариялады. Оның болжамына жүгінсек, Ресейде Американың азық-түлік пен сусындар, технологиялық тауарлар мен дәрі-дәрмек сататын компаниялары санкцияға ұшырауы мүмкін.

Бүгінде Ресей Федерациясы аумағында АҚШ-тың мынадай компаниялары жұмыс істеп жатыр:

Технология
2017 жылы Ресейде Cisco Systems Inc компаниясының технологиялық өнімдерден түсетін кірісі 20 пайызға өсті. Оның табысы БРИКС-қа кіретін Үндістан, Қытай, Бразилия сияқты елдерде де артқан. Сонымен қатар, Microsoft корпорациясы да «Бразилия мен Ресей тәрізді негізгі нарықтарда» былтырғы жылы тоқсандық табысының молая түскенін мәлімдеп отыр. Ал, Apple компаниясының пайдасы Ресейде екі есеге көбейген. Бірақ, Вашингтонның санкцияларына байланысты Microsoft’-тың екі ресми дистрибютері өткен жылы Ресейде 200-ден астам компанияға бағдарлама сатуды қысқартты.

Тұтынушылық брэндтер
Mondelez International Inc’s кәсіпорны Ресейде шоколод жасаудан жетекші позицияға шыққанын жариялап отыр. PepsiCo болса, былтыр көрші мемлекетте 3,23 миллиард доллар табыс тапқан екен. Бұл – оның жалпы кірісінің 5,1 пайызы. Ал, McDonald’s Ресейді қарқынмен өсуге жол ашатын нарық деп атап, онда соңғы екі жылда екі «нүкте» ашқан.

Фармацевтика
Johnson & Johnson Ресейді аймақтық тұтынушылық брэндтер үшін мықты нарық деп есептейді. Сондықтан, бұл америкалық компания теріскейдегі көршіміздің аумағында өз саудасын кеңейтуді көздеп отыр. Ал, Abbott Laboratories фармацевтикалық кәсіпорны Ресейде брэндтік дәрі-дәрмек сатудан бес ірі компания қатарына енген.

Авиация
Биыл наурызда өткен өнеркәсіпшілер конференциясында Boeing Ресейді өзі үшін ең ірі нарық деп атады. РИА «Новости» агенттігінің хабарлауынша, Мәскеу Вашингтонның санкцияларына қарсылық ретінде «Боингты» титанмен қамтамасыз етуді тоқтатуы мүмкін.

Автомобиль
General Motors концерні Ресейден 2015 жылы кеткені белгілі. Ал, Ford Motor қазір Ресей көлік сату нарығының 3,1 пайызын иеленіп отыр. Және де бұл америкалық концерн 2017 жылы Ресейде бұрынғыдан көбірек автомобиль сатқанын мәлімдеді.

Санкциялар – бумеранг
Ресей парламентінің спикерінен бастап, төменге қарай түгел қолдаған антиамерикалық санкция жобасы миллиондаған ресейлікке кесірін тигізуі мүмкін. АҚШ-ты экономикалық тұрғыдан жазалау заңына мына шаралар кіреді: ядролық және авиациялық өнеркәсіпте Америка азаматтары мен компанияларының үлесі 25 пайыздан асатын бизнесті тоқтату; мемлекетпен байланысты ресейлік компанияларда Американың заң, аудиторлық, консалтингтік компанияларының жұмыс істеуіне тыйым салу; Америкада орналасқан компаниялардың сауда маркаларын қорғауды доғару; Ресей әуе кеңістігіне енетін америкалық авиакомпаниялар үшін салықты көтеру; ресейлік компанияларға АҚШ-тан кәсіби мамандар мен басшыларды жалдауға шектеу қою.

«Блумбергтің» мәліметінше, АҚШ-тан азық-түлік импорттауға тыйым салу Кремльге аса ауыр тимейді. Өйткені, Ресей былтырғы жылдың алғашқы 9 айында Америкадан небары 9 миллиард доллардың тауарын сатып алған. Осының ішінде азық-түлік пен алкоголь өнімдерінің үлесі 4 пайызға да жетпейді. Ал, «Филип Моррис» компаниясынан Ресей 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 57 миллион долларға ғана шикі табак сатып алыпты. Егер сол темекі Құрама Штаттардан келмесе, Мәскеу бұл тауарды Африкадан, Азиядан, Латын Америкасынан оп-оңай импорттай алады.

Алайда, АҚШ-тың фармацевтикалық препараттарына қатысты жағдай мүлде өзгеше. Өткен жылы Ресейге шетелден әкелінген дәрі-дәрмектердің 13 пайызы америкалық компаниялардың үлесінде болған. Егер мұхиттың ар жағынан сапалы медикаменттерді импорттауға тыйым салынатын болса, ресейлік пациенттер не істеуі керек? Бұл сауалға мемлекеттік думаның вице-спикері Петр Толстой: «Таблетканы түкіріп тастап, еменнің қабығын қайнатып іш», деп әзілмен жауап берді.

Вашингтон мен Мәскеу авиация саласында да бір-біріне шектеу қоюы мүмкін. Бұл болжам жақында америкалық «Боингты» титан құймаларымен қамтамасыз етіп отырған Ресейдің VSMPO-Avisma компаниясының акцияларын 5 пайызға құнсыздандырып жіберді. Болжамдарға қарағанда, Ресей сол титанды АҚШ-қа жіберуден бас тартатын болса, Вашингтон да Ресейге ұшақ бөлшектерін экспорттауға тосқауыл қоюы ықтимал. Сонымен қатар, Құрама Штаттар Ресейден ракета моторларын сатып алуды тоқтататын болса, Мәскеу қыруар табыстан қағылмақ. Авиация мамандарының пікірінше, Америка зымыран двигательдерін өзге елдерден де таба алады. Мәселен, Илон Масктің SpaceX компаниясы қазірдің өзінде Ресейден ракета моторларын сатып алмай отыр.

Енді америкалық менеджерлерге келсек, 2016 жылғы мәліметке қарағанда, АҚШ-тың 1000 маманында Ресейде жұмыс істеуге рұқсат болған. Құрама Штаттардың аудиторлық және консалтингтік компаниялары оларды жергілікті нарықтан маман таппағасын жалдауға мәжбүр болды. «Блумбергтің» дерегінше, Ресейдің мемлекетке тиесілі фирмалары халықаралық аудиторлардың, консультанттардың, заңгерлердің, рейтингтік агенттіктердің көмегіне жүгінгісі келмейді. Өйткені, оларға шетелден жәрдемінен гөрі, мол табыс пен өзге мемлекеттерден активтер сатып алу әлдеқайда маңыздырақ.

Көптеген халықаралық экономистердің ойынша, санкциялар – белгілі бір дәрежеде бумеранг. Оған жүгінген мемлекет сауда серіктесін жазалаймын деп, өзін де жазалап алады. Бірақ, қай тайталаста болмасын, күштінің жеңетіні айдан анық.

Санкциялардан саяси нәтиже көрінбейді
2014 жылдан бері рубль ондаған пайызға әлсіреді, кедейлер саны жүз мыңдап өсіп, былтыр тіпті Ресейде туу көрсеткіші 10,7 пайызға төмендеді. Ал, Халықаралық валюта қорының 2015 жылғы болжамына қарағанда, Ресейдің жалпы ішкі өнімі жыл сайын 1,5 жарым пайызға кеміп отыруы мүмкін. Бірақ, бірқатар бақылаушының пікірінше, соңғы 3-4 жылда Ресей экономикасы санкциялардан емес, мұнай бағасының күрт төмендеуінен көбірек қысқарды. Энергетикалық шикізат құны қалай көтерілді, теріскейдегі Федерацияның жалпы ішкі өнімі 2017 жылды 1, 5 пайыздық өсіммен аяқтады.

Дегенмен, сәуірдің 6-дағы санкциялардың орны ерекше. Мұнай нарығы қымбаттап жатса да, одан Ресей бірнеше сағаттың ішінде ондаған миллиард доллар жоғалтып, рубль шамамен он пайызға құлдырады.

Бірақ, санкциялар Батысқа саяси жеңіс әпермеді әзірге. Кремльдің билігі Қырымда нық орнады. Украинаның шығысында соғыс толық тоқтаған жоқ. Бәлкім санкциялар Ресейге Украинаның өзге территорияларын басып алуға мүмкіндік бермеген шығар. Алайда, 2015 жылы Мәскеу Сириядағы азаматтық соғысқа килікті және ол 2016 жылы АҚШ-та өткен президенттік сайлауға араласты деген болжам бар. Соңғысын Путин үкіметі үнемі жоққа шығарып келеді.

Арыстан Рысбек