banner

Ресейден де, басқа елден де енбейді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
24757

2018 жылы Қазақстанға еуро-4 стандартына сай келмейтін көлік кіргізілмейді. 

Ресейден де, басқа елден де енбейді

Инвестиция және даму министрлігі мен энергетика министрлігі жаңа жылдан бастап шет мемлекеттерден, оның ішінде Ресейден Қазақстанға емін-еркін көлік кіргізуге рұқсат берілмейтінін, яғни бүгінге дейінгі талап сақталатынын ресми мәлімдеді.

Осы арқылы министрліктегілер 2018 жылдың 1 қаңтарында ЕАЭО кеден кодексі күшіне енген соң Ресейден және одаққа мүше-мемлекеттерден Қазақстанға экологиялық санатына және техникалық талаптарына қарамастан кез келген көлікті шектеусіз кіргізуге болады деген жел сөзді жоққа шығарды.

Естеріңізде болса, 2015 жылы тура осындай жағдай болған. Еуразиялық одақтан енген көліктерге ҚҚС салынып, көлік қауіпсіздігіне қатысты  техникалық регламент бекітілген. Ізінше Қазақстанға Ресей Федерациясынан көлік ағылып, отандық автосалондардың сату көрсеткіші күрт кеміп кеткен.

Өзіміздің автоөндірушілерді құтқару үшін жарты жылдан соң инвестиция және даму министрлігі ҚР аумағында жүріп-тұратын автокөліктердің техникалық талабын бекітті. Нәтижесінде ҚР аумағында Еуро-4 стандартына сай келмейтін көліктерді тіркеуге тыйым салынды. АBC және көлденең қауіпсіздік жастығы мен күндізгі жарығы жоқ автокөліктерді тіркеу де  тоқтатылды.

Осы шектеудің барлығы дәл қазір заңды күшінде. Келесі жылы ешқандай өзгеріс болмайды. Бұл халықаралық талапқа сай емес көлік Ресейден де, басқа елден де біздің елге енбейді деген сөз.

Жалпы, Еуразиялық одаққа мүше елдерден көлік тасымалдау мәселесінде Ресей бірінші орында тұр. Қазіргі талап бойынша, солтүстіктегі көршімізден көлік сатып алған адамдар алғашқы тіркеу үшін ақша алады.  Шығарылғанына екі жыл ғана болған көлік үшін 0,25 АЕК, 3 жылдан көп болмаса 50 АЕК, 3 жылдан асса 500 АЕК көлемінде ақы төлейді.

Арнайы базалық  төлем (113 450 теңге) 50 АЕК-ті құрайды. Бұл сома көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты ұлғая береді. Тұтынушы 1 литрден 2 литрге дейінгі көлемге - 794 150, 2 литрден 3 литрге дейінгі көлемге - 1 134 500, 3 литрден көп көлемге - 2 609 350 теңге санап беруі тиіс.

Қазір білетін адамдар Қырғыстаннан көлік алмайды. Себебі қырғызстандық көліктер заң бойынша Қазақстанның есебіне алынбайды. Біздің елге Қырғызстанда 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген көліктер ғана кіргізіледі. Егер сатып алынған көлік көрсетілген мерзімнен кейін тіркелген болса, кеден қызметі ақша төлеуді талап етеді. Ал Еуразиялық одаққа мүше емес елдерден көлік әкелгісі келетін адамдар еуро-4, ABS төлемі, ISOFIX бекіту, күндізгі жарығының төлемі және кедендік рәсімдеу сынды мәселелермен бетпе-бет келеді. Мұның сыртында автокөлікті шетелден жеткізу қызметінің құны бар.

Айтпақшы елімізге жеткізілетін барлық көліктерде дабыл нүктесі болу керек және ол Кедендік одағының талабына сай болуы тиіс. Мәселені шешу үшін ЭВАК терминалын орнатуға болады, алайда оның сертификаты тым қымбат.

Бір сөзбен айтқанда Кеден одағынан тыс мемлекеттерден көлік сатып алу тиімсіз, ал Қазақстанға еуро-4 стандартына сай келмейтін көлік одаққа мүше елдерден де енбейді.  Бұл ел құр даурығып жүр деген сөз.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу