Ресейдің миллиардтарын тәркілеуге Батыстың батылы неге жетпей отыр?

1306

Еуропа одағында РФ Орталық банкінің 200 млрд доллары бұғатталған. Ол ақшаны Украинаға жұмсау оңай болмай шықты.

Ресейдің миллиардтарын тәркілеуге Батыстың батылы неге жетпей отыр? Фото: РИА Новости

Еуропалық одақтың жоғары лауазымды шенеуніктері Ресей орталық банкінің Еуропадағы активтерін тәркілеу екіталай деп есептейді. Брюссель мұндай мәлімдемені G7 елдері осы мәселенің заңдылығын ақпан айындағы кездесуде талқылауды жоспарлап отырған шақта жасады.

ЕО, АҚШ, Жапония және Канада 2022 жылы Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін Ресей орталық банкінің 300 миллиард долларға жуық активтерін бұғаттады. Сол ақшаның шамамен 200 миллиарды Еуропада, негізінен Бельгияның Euroclear клирингтік палатасында сақтаулы тұр.

Бұл проблема АҚШ президенті Джо Байденнің Украинаға тағы 61 миллиард доллар көмек көрсету туралы өтініші республикашылдардың қарсылығына тап болған кезде өтпек.

Ал Еуропалық одақтың Украинаға 2027 жылға дейін 50 миллиард еуро (54,36 миллиард доллар) көмек көрсету жөніндегі келісімге қол жеткізу әрекеттеріне Мәскеумен тығыз байланыстағы Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қарсылық көрсетіп отыр.

Ресей активтерін тәркілеу және оларды Киевке беру Украинаның соғыс әрекеттерін қаржыландыру жолындағы Батысқа қысымды жеңілдетеді. Бірақ еуропалық шенеуніктердің пікірінше, бұл - заң тұрғысынан өте қауіпті мәселе.

"Ресей активтерін тәркілеу жүзеге аспайды. Еуроодақ елдері арасында бұл туралы келісім жоқ", - дейді аты-жөнін атамауды өтінген және осы мәселеге қатысты келіссөздердің барысымен таныс лауазымды қызметкерлердің бірі "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Люксембург Сыртқы істер министрі Ксавье Беттель болса, бұл активтерді тәркілеу мәселесінде "өте сақ" болуға шақырып отыр.

"Елестетіп көріңізші, егер біз Украинаға миллиардтаған ақша беру жөнінде саяси шешім қабылдаймыз. Ал жарты жылдан кейін олай етуге болмайтыны  туралы сот шешімі қолымызға тиеді. Сонда кім төлейді?", - дейді Беттель.

ЕУРОҒА ӘСЕР

Еуропалық шенеуніктерді егеменді активтерді тәркілеудің заңдылығы ғана емес, оның еуроға ықтимал зардаптары да алаңдатып отыр; инвесторлар бір күні ақшасының тәркіленіп кетуінен қауіптеніп еуроға салған активтерін жаппай шығарып алуы мүмкін.

Бұған қоса, Мәскеу Батыстың Ресейдегі активтерін тәркілеу арқылы кек қайтаруға уәде берді. Кейбір деректерге жүгінсек, ол активтердің көлемі 288 миллиард доллардан кем емес.

Шілде айынан бастап ЕО-ға төрағалық ететін Бельгия қаржы министрі Винсент ван Петегем болса, ресейлік активтерді тәркілеу мүмкіндігіне сабырмен қарауды ұсынды.

"Біз бұл ұсыныста өте сақ болуымыз керек. Менің ойымша, оның заңдылығына мән беріп, қаржылық тұрақсыздыққа жол бермеуге тиіспіз", - деді Петегем сейсенбі күні журналистермен өткен брифингте.

Еуропалық лауазымды өкілдердің сөзінше, Бельгияның Euroclear компаниясының Ресейде "қомақты" активтері бар. Мәскеу оларды тәркілесе, осы клирингтік палата қаржылық тұрақсыздыққа душар болып, бұл жағдайдың үлкен салдары болуы мүмкін.

"ЕО Euroclear-ді құтқара алмайды. Euroclear триллиондарды басқарады және оның банкроттығы ЕО бюджетінен әлдеқайда асып кетер еді. Біз тәуекел мен пайданы таразыға салуымыз керек", - дейді еуропалық жоғары лауазымды өкілдердің бірі.

Кейбір сарапшылардың ойынша, ЕО үкіметтері ресейлік активтерді тәркілеудің орнына, одан түскен кірісті ғана Украинаға жұмсау туралы Еурокомиссияның желтоқсандағы ұсынысын қолдауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу