Ресейдің шенеуніктері Қазақстанның туризмін дамытқысы келеді

3874

Алтай өлкесінің Яровое көліндегі бизнесті туристерімен қоса Павлодар облысына көшірмекші.

Ресейдің шенеуніктері Қазақстанның туризмін дамытқысы келеді

"Алтай өлкесіндегі Яровое көлінің жағасында демалыс орны бар және қазір ол жерде ине шаншар орын жоқ. Бұл жерге ресейліктер ғана емес, сонымен бірге қазақстандық туристер де көптеп келеді. Жазда қаланың экологиялық жағдайы шарықтау жегіне жетеді, себебі қоқыс шығару мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Қазір инвестор Павлодар облысындағы жергілікті демалыс орнын ретке келтіріп жатыр. Біздің туристер сіздерге демалуға барып, Яровое көлінде адам аяғы аз да болса саябырсиды деген үміттеміз", – деді журналистерге Алтай өлкесі үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Щукин облысқа жасаған сапары барысында.

Шенеуніктің айтып отырғаны  – Павлодардан 60 шақырым жерде орналасқан Маралды тұзды көлі. Шыны керек, ол жаққа барып демалу қиынның қиыны еді. Тек өз көлігіңмен ғана жете аласың және міндетті түрде өзіңмен бірге тұщы су алып шығуың қажет. Ешқандай жағдай жасалмаған еді, жататын орын былай тұрғанда тіпті дәретхананың өзі жоқ еді. Бұл жерге адамдар көбіне демалу үшін емес, емдік қасиеттері бар балшықпен емделу үшін келетін.

Бір жыл бұрын облыс әкімі осы көл орналасқан Шарбақты ауданының басшысына Алтай өлкесіндегі Яровое демалыс орнының тәжірибесінен үлгі алуға кеңес берген. Ауданның аумағында 22 көл бар, оның 19 ащы-тұзды көлдер, олар шамамен бес мың гектар жерді алып жатыр. Осыдан соң ауданның билігі Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары  басқармасына су айдындарын төлқұжаттау туралы хат жолдаған.

Нәтижесінде жақында Маралды көлінде туристік маусымның ресми ашылуы өтті. Көлдің өзі "СтройБиоРесурс" ЖШС-на 44 жылға жалға берілді, бұл кәсіпорын көлден артемия салина шаяндарын аулаумен айналыспақ. Дәл осы кәсіпорын "Маралды шипажайы" ЖШС-на көлдің жағасында жасанды құм төсеп, төрт шатыр мен жүз жататын орны бар шағын пирс жасауға техникалық көмек көрсетті, жүріп-тұру оңай болу үшін ағаштан жол жасалды.  Туристерге арнап жүз адамға есептелген дәмхана ашылды, қазіргі кезде дәмханалар мен би алаңы болатын күмбез орналастырылып жатыр. Дәретхана да, жуынатын жер де бар. Ең бастысы қазіргі кезде көлге апаратын автобус бағыты ашылды, ол жаққа жетудің бағасы бір адамға 350 теңгені құрайды. Бірақ автобус тек демалыс күндері ғана жүреді.

Шарбақты ауданының әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің ақпаратына сүйенсек, "Маралды шипажайы" ЖШС 2017-2022 жылдар аралығында көлде туристік бизнесті дамытуға шамамен миллиард теңге қаражат салуды жоспарлап отыр. Яғни мұнда қонақүйлер, балшықпен емдеу шипажайларын, марал өсіретін орындар салу жоспарда бар. Бір демалыс күнінің өзінде көлге екі мыңға дейін адам келеді, маусымның қызған шағында 2,2 мың адамға дейін жетеді.

Компания жағажайға орналастыру үшін балалар аттракциондарын сатып алған, бірақ олардың жұмыс істеуі үшін 57кВт-тан кем болмайтын электр қуаты керек. Демалыс орнына дейін электр энергиясын беру желілерін тарту жобасы дайын, жоба құны шамамен 30 млн теңге болды. Өңір басшысы ЭБЖ құрылысы үшін керек құралдарды қысқа мерзімде қарастыруға тапсырма берді.

"Бизнес өкілдері бұл жерде жаңа демалыс орнын құруға уәде берді, ал бүгінгі күні оның алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Енді жұмысты тоқтатпау керек. Көл жағасында демалыс орнын құру Маралды ауылының дамуына септігін тигізуі керек. Менің білуімше, Ресейдегі сол Яровоеның тұрғындары жаз мезгілінде келген туристерге үйлеріндегі бөлмелерді жалға береді. Біздің ауылдың адамдары да бөлмелерді жалға беріп, келушілерге арнап тамақ сата алады", – деді көл жағасын аралаған облыс әкімі Болат Бақауов.

Алтай өлкесінің үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Щукин: "Егер ресейлік турист сіздерде Яровоедағы сияқты демалыс орны мен оған тиісті инфрақұрылым бар екенін білсе, онда  ол осы жаққа келеді. Біз Яровоедағылардың бәрін осы жаққа жіберіп, сіздердегі туризмді көтеруге көмектесе аламыз. Яровоеда қазір емдік саз-балшық жоқ. Туризмді дамыту үшін сіздердің кәсіпкерлеріңіз біздің туристік фирмалармен келісімшарт жасауына болады", – деді.

2017 жылдың 27 маусымында өткен үкімет отырысында перемьер-министр Бақытжан Сағынтаев туризмді дамыту үшін жағдай жасау керектігіне тоқталып өтті.

"Жаңартылған тұжырымдамадағы жоба үкімет пен туристік қауымдастық қоғамдастығында бірнеше рет талқыланды. Осы талқылау жеткілікті деп ойлаймын. Яғни бүгінгі отырысқа Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысының қатысып отырғаны туристік саланы дамытуға қаншалықты мән беріп отырғанымызды көрсетеді. Сонымен бірге стратегиялық жоспарда туризм экономиканы дамытудың бір көзі ретінде қарастырылып отыр", – деді ол. Сонымен бірге үкімет басшысы бұл үкімет үшін де үлкен міндет екенін атап кетті.

"Бұл үкімет үшін де үлкен міндет. Барлығымыз жұмылып жұмыс істеуіміз керек.  Бір мәдениет және спорт министрлігінің мойнына артып қоюға болмайды".

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова, Павлодар 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу