Рыбакина Онс Жаберге есе жіберді

613

Қазақстанның бірінші ракеткасы, Уимблдон-2022 жеңімпазы Елена Рыбакина Ұлыбритания ашық чемпионатында ширек финалдық кездесуін өткізді.

Рыбакина Онс Жаберге есе жіберді

Рыбакина былтыр осы турнирде финалда жеңген Тунис өкілі Онс Жабермен (WTA рейтингіндегі алтыншы нөмір) кездесті. Матч үш сетке созылып, 7:6, 4:6, 1:6 есебімен тунис теннисшісінің жеңісімен аяқталды. Сондай-ақ әлемнің алтыншы ракеткасының "Үлкен дулыға" турнирінің жартылай финалындағы қарсыласы анықталды. Ол америкалық Мэдисон Кисті (әлемнің 18-ші ракеткасы) ұтқан Арина Соболенко (WTA-ның екінші нөмірі) болмақ.

Онс Жабер Уимблдон-2023 турнирінің ширек финалында қазақстандық Елена Рыбакинаны жеңгеннен кейін матчқа қатысты пікір білдірді.

"Мен бұл матчты былтырғы финалға ауыстырғым келеді (күліп). Кездесудің нәтижесіне ризамын. Бұл өте эмоционалды матч болды. Алдағы матчтарда осындай эмоцияларымды жеңе аламын деп үміттенемін. Бірінші сеттен кейін жаттықтырушыға айқайладым: "Сіз маған осылай ойнаңыз деп айттыңыз! Ал не болғанын қараңыз", - дедім. Бірақ кейін көңілім орнына түсіп, жоспардың дұрыс екеніне сендім", - деді матчтан кейін Жабер.

Жартылай финалда Жабер Арина Соболенкомен ойнайды.

"Мен оның өте тез жеңгенін көрдім. Бұл мені қатты қуанта қоймады. Ол керемет теннисші және өте жылдам соққы береді. Сондықтан бұл өте қиын болады. Ол биыл керемет өнер көрсетуде. Бірақ мен өзіме сенуді жалғастырамын және жанкүйерлер менімен бірге болады деп үміттенемін", - деді Жабер корттағы сұхбатында.

Сонымен қатар Уимблдон-2023 турнирінде әйелдер арасында өтетін екі жартылай финалдың да қатысушылары белгілі болды. Бірінші жартылай финалдық ойында украиналық теннисші Элина Свитолина мен чех спортшысы Маркета Вондрушева кездеседі. Олардың ойыны 13 шілде күні Астана уақытымен сағат 18:00-де өтеді. Екінші жартылай финалдық кездесуде белорусиялық Арина Соболенко мен тунис теннисшісі Онс Жабер сынға түседі. Ал финал 15 шілдеде Астана уақытымен сағат 19:00-де өтеді.

Айта кетейік, Лондондағы "Үлкен дулыға" турнирінің ширек финалдық матчынан кейін Рыбакина 340 мың фунт стерлинг (шамамен 195 миллион теңге) табыс тапты

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу