Рыбакина ширек финалда

1050

Турнир аяқталысымен қазақстандық теннисші жеке рекордын тағы да жаңартпақ.

Рыбакина ширек финалда

Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты. Қазақстандық теннисші төртінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 70-орында тұрған чехиялық Маркета Вондроушовамен сынға түсті. Осыған дейін қарсыластар 2021 жылы Мәскеудегі турнирде кездесіп, онда чехиялық теннисші 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кеткенімен, чехиялық спортшы қайыра брейк жасады. Дегенмен Елена матчты тағы бір брейкпен аяқтады – 6:3. Бір сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.

Енді отандасымыз жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек немесе рейтингте 24-сатыдағы хорватиялық Донна Векичтің біреуімен кездеседі. 1/8 финал аясындағы матч Римдегі орталық кортта бүгін елорда уақытымен 2:40-та Римдегі орталық кортта басталады.

Сонымен қатар Елена Рыбакинаның WTA рейтингіндегі орны белгілі болды. live-tennis.eu хабарлауынша, Рыбакина әйелдер арасындағы жекелей сында алтыншы орыннан бесінші орынға көтерілуі тиіс. WTA рейтингіндегі қазіргі позициясы Рыбакинаның мансабындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Ал еліміздің бірінші ракеткасы Рим мастерс турнирінде жеңіске жеткен жағдайда әлемдік рейтингте төртінші қатарға көтеріліп, қазіргі таңда 5025 ұпайы бар франциялық Каролин Гарсияның орнын басады.

Айта кетейік, ерлер арасындағы турнирдің жүлде қоры 7,70 миллион еуроны (3,75 миллиард теңге), ал әйелдер арасындағы турнирдің жүлде қоры 3,57 миллион еуроны (1,74 миллиард теңге) құрайды. Былтыр жекелей сында сербиялық Новак Джокович пен польшалық Ига Швентек жеңіске жеткен болатын. Жеңімпаз қомақты сыйақыдан бөлек 1000 рейтингтік ұпайға ие болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу