Рыбакинаның жеңісі Қазақстан құрамасын алға шығарды

729

Бүгінгі Қазақстан-Польша арасындағы матчтар елорда уақытымен 13:30-да басталады.

Рыбакинаның жеңісі Қазақстан құрамасын алға шығарды

Билли Джин Кинг кубогының (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңі аясында Астанадағы Ұлттық теннис орталығында Қазақстан – Польша матчы өтіп жатыр. Кортқа алғашқы болып Қазақстаннан әлемнің 45-ракеткасы Юлия Путинцева мен Польша құрамасынан дүниежүзілік рейтингте 19-орында тұрған Магда Линетт шықты. Осыған дейін қарсыластар өзара жеті рет кездесіп, соның бесеуінде Магда жеңіске жеткен. Бірінші партияда поляк спортшысы 4:0 есебімен алға кетті. Тек содан кейін ғана Юлия есепті қысқартты – 2:4. Магда есеп 5:2 болып, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан соң қазақстандық теннисші күш алды – 7:5.

Қатарынан жеті геймді өз есебіне жазған Путинцева екінші сетті де сәтті бастады – 2:0. Содан соң тағы бір брейк жасап, 4:1-ге жеткізгенімен, Линетт сол бойда қайта қысқартты. Дегенмен Ю.Путинцева бәсекені тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3. Осылайша, Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты.

Ал екінші кездесуде Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді. Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 253-сатыда тұрған 22 жастағы Вероника Фальковскамен кортқа шықты. Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді. Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Содан кейін сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екінші сетте Рыбакина брейкпен алға кетті – 4:2. Дегенмен В.Фальковска таразы басын теңестірді – 4:4. Бұдан соң Елена брейкпен бірге матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4. Осылайша, Қазақстан Польшамен матчта 2:0 есебімен алға шықты.

Бүгін, 15 сәуірде әлем чемпионатының финалдық бөлігі – Билли Джин Кинг кубогына шығу үшін Қазақстан мен Польша құрамалары арасындағы матчтық тартыс жалғасады. Магда Линеттке қарсы кортқа бірінші болып Елена Рыбакина шығады. Қазақстандық теннисші жеңіске жетсе, ұлттық құрама қараша айында өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысуын мерзімінен бұрын қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда төртінші жекелей матч Юлия Путинцева - Вероника Фальковская матчы ойналмайды. Дегенмен көрермендер Анна Данилина/Гозал Айнитдинова - Алисия Росольска/Вероника Фальковская жұптық матчын тамашалай алады, бірақ бұл соңғы нәтижеге әсер етпейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу