banner

Салық көлемі өсе ме?

2925

ҚР Ұлттық экономика министрлігі салық көлемін көтеру қажет деп санайды. 

Салық көлемі өсе ме?

Министр Қуандық Бишімбаев Парламент Мәжілісінде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілік ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын қарау барысында осылай деп мәлімдеді.

"Бүгінде шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қосқанда, қазақстандық өндіріс орындарының 1/3-іне дерлігі қосымша құн салығын төлемейді, өз кірістері мен шығыстарына толық есеп жүргізбейді. Сәйкесінше, ел ішіндегі салық жүктемесі тең бөлінбейді. Ірі кәсіпорындар жұмыс орындарын сақтап, барлық салық түрін төлейді әрі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жұмысшылар санын қысқартпайды. Оларға түсетін ауыртпалық жоғары және алдын-ала айқындалған корпоративтік табыс салығы деңгейінен асып жығылады", – деген министр осылайша кәсіпорындардың бір бөлігі шамадан тыс жүктемеден қиналса, ендігі бір бөлігі ешқандай салықтық салмақты сезбейтінін атап көрсетті.

Алайда, оның айтуынша, барлығы мемлекет ұсынатын ортақ жол, тегін білім беру жүйесі, денсаулық сақтау сияқты қызметтерді пайдаланады.

Мұндағы тағы бір мақсат, министрдің сөзіне қарағанда, қалтарыста қалып жатқан үлкен қаражат айналымын жарыққа шығару болып отыр. Өйткені, қосымша құн салығын төлемейтін кәсіпорындар салық салудан жалтару әрекетімен түрлі қулыққа барады. 

Салық кодексіне түзетулер туралы Қуандық Бишімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында да әңгіме қозғап, болжамды өзгерістерге деген қажеттілік неден туғанын түсіндіруге тырысты.

"Біріншіден, қазіргі уақытта бюджетке Ұлттық қордан 3 миллионға жуық мол қаржы құйылады. Дегенмен, оның орны қазіргі мұнай бағасымен (40 доллар) тек 1,3-1,5 трлн теңгеге толтырылады", – деген министр болашақ ұрпаққа арналған қазынадан жұмсалған ақшаның жартысы жабылмайтынына алаңдайды. Бұл жерде, жоғарыда келтіргендей, тығырықтан құтқаратын жол – салықты өсіру көрінеді.

Бұған белгілі экономист Мұхтар Тайжан қолға алынған шараның әлсіз, қате екенін, қазынаға тиімділік 0,04 трлн теңгеден аспайтынын жазды. Тіпті, Болатхан Тайжан атындағы қор басшысының ескертуінше, жұмыс орындары қысқарып, әкімшілік төлем жасау мен салықтық бақылау қиындайды, бизнеске іскерлік ахуал нашарлайды. Мұхтар Тайжан салықты өсіргенше, квазисекторды ықшамдауды ұсынды.

Ғаламтор байланысы арқылы Қазақстандағы тұңғыш отандық бизнес-арна abctv.kz арқылы тікелей эфирден пікірін білдірген Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы Басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов те, ең алдымен, мемлекеттік шығындарды қысқартып барып, салық өсіруді қарастыру керек екенін атап көрсетті. Ол Елбасының мұндай аса жауапты мәселеде шешім қабылдауға асықпау қажеттігін нұсқағанын еске салды. 

Салық мәселесі бағзы заманнан сезімтал, нәзік дүние екенін есепке алсақ, пікірталас әлі де жалғасатын сыңай байқалады.

Тәңірберген Арғын

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу