Салықтық рақымшылыққа кімдер ілігеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6869

Акция аясында 90 мың субъекті қарыздан құтылуы мүмкін. 

Салықтық рақымшылыққа кімдер ілігеді

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде салықтық рақымшылық акциясы басталады. Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, рақымшылық акциясына 2018 жылдың 1 қазанына дейін жинақталған 358 млрд теңге көлеміндегі салықтық қарыз жатқызылып отыр.

Аталған қарыздың 333 млрд теңгесі заңды тұлғаларға, 11 млрд теңгесі жеке кәсіпкерлерге және 24,5 млрд теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі. Қарыздың көп бөлігі, яғни шамамен 90 пайызы заңды тұлғалардың үлесіне тиіп отыр.

Берешек негізінен қосымша құн салығы және корпоративтік табыс салығы бойынша қалыптасқан. Жалпы қарыздың шамамен 78 пайызы аталған екі салық түріне тиесілі.

"Қарыздың көп бөлігі сауда саласында қалыптасып отыр. Аталған саланың өкілдері мемлекетке 123 млрд теңге қарыз. Бұл – жалпы берешектің 37 пайызы. Сондай-ақ құрылыс саласында да айтарлықтай көп қарыз қалыптасты. Құрылысшылар 98 млрд теңге берешек. Үштікті 35 млрд теңге қарызбен тау-кен өндірісі түйіндеп тұр", – деді Марат Сұлтанғазиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Салықтық рақымшылық өткізу бойынша заңнамалық актілерге толықтырулар әзірлеген. Құжат қазір парламенттің қарауында жатыр. Құжатқа сәйкес, салық бойынша жинақталған шағын және орта бизнестің өсімпұлдары мен айыппұлдары алынып тасталады. Ол үшін негізгі салықтық қарызды толықтай өтеу керек. Акция 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатын болады.

"Рақымшылық акциясына қарызды бөліп төлеу және мерзімін ұзарту жеңілдіктерін пайдаланған заңды және жеке тұлғалар қатысады. Сондай-ақ оңалту шараларынан өтіп жатқан кәсіпкерлердің де мүмкіндігі бар. Салықтық рақымшылыққа жатпайтын топтар да бар. Олар – ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар, темекі, арақ-шарап секілді акциздік өнімдер шығаратын компаниялар және бизнес субъектісіне жатпайтын, яғни кәсіпкерлікпен айналыспайтын жеке тұлғалар. Атап өтерлігі, темекі мен арақ-шарап өндіретіндер бұған дейін ұйымдастырылған үш рақымшылық акциясына да қатыстырылған жоқ", – дейді Марат Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, 90 мың субъекті 2019 жылғы салықтық рақымшылықтың игілігін көруі мүмкін. Бұл Қазақстандағы салықтық берешегі бар барлық субъектінің жартысын құрайды. Акцияға қатысады-ау деп көзделіп отырған 90 мың субъектінің мойынындағы қарыз 340 млрд теңгеге тең. Оның 210 млрд теңгесі – негізгі берешек. Егер олар негізгі берешекті өтесе, 122 млрд теңге көлеміндегі өсімпұл мен 7,3 млрд теңге көлеміндегі айыппұл алынып тасталады.

"Комитет өсімпұлдар мен айыппұлдарды алып тастаудың ережелерін әзірлеп жатыр. Құжат қаржы министрінің бұйрығымен бекітіледі. Бұйрық әділет министрлігіне тіркеліп, жарияланған соң тиісті норма күшіне енеді. Рақымшылыққа жататын салық төлеушілердің жеке кабинетіне арнайы хабарлама жолданды. Салық төлеушінің жеке кабинеті қызметіне тіркелмегендерге 1 қаңтардан бастап пошта арқылы хабарламалар жіберіле бастайды", – дейді мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы.          

Бүгінде салық кодексіне сәйкес, салық төлеушілерге екі жеңілдік қарастырылған. Бірі – бөліп төлеу, екіншісі – мерзімін ұзарту. Яғни, салықтық берешектің мерзімін 6 айға дейін ұзартуға болады. Сондай-ақ салықтық қарызды 3 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік бар. Алайда, мұндай жеңілдіктерге қол жеткізудің де өзіндік талаптары бар. Ол үшін кепілдік қойылуы шарт немесе банктің кепілдігі болу керек.

Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері үш рет салықтық рақымшылық жасалған. Алғашқы акция 1997-1999 жылдары өткізілсе, екінші, үшінші акциялар сәйкесінше, 2011 және 2015 жылдары ұйымдастырылған. Бұл қадамдардың бәрі өз жемісін берді. Өйткені, бизнес өкілдері сағызша созылып, діңкелеткен көп қарыздан құтылып, кәсіптерін қайта жаңдандыруға мүмкіндік алды.

Мәселен, 2015 жылы ұйымдастырылған рақымшылық акциясы барысында 120 млрд теңге көлеміндегі салықтық өсімпұлдар мен айыппұлдар алынып тасталған. Сондай-ақ акцияға қатысқандардың 67 пайызында қазір ешқандай салықтық берешек жоқ. Соңғы акцияға барлығы 680 мың субъекті қатысқан болатын.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу