Сауда соғысындағы жаңа майдан

АҚШ осы аптада Қытай инвестициясын шектеуге кіріседі

26 Маусым 2018 14:09 Автор: Арыстан Рысбек
Сауда соғысындағы жаңа майдан, АҚШ, Қытай, сауда соғысы, санкция

Қауіпті инвестиция
Осы аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңмен арадағы экономикалық тайталастың жаңа белесіне қадам басты. «Франс пресстің» хабарлауынша, бұл жолы Вашингтон Қытай инвестициясын шектеуге кіріседі. Сондағы мақсат – Америка технологияларына қолжетімділікті азайту. Мұндай жағдайда Қытай қарап қалуы екіталай. Мысалы, ол Құрама Штаттардың General Motors,  Apple тәрізді фирмаларынан кек алуы ықтимал.

Айта кетсек, Бейжіңнің америкалық тауарларға тарифті көтеру шешімі шілденің 6-да күшіне енеді. Трамп сол үшін өш алу мақсатында Қытайдан келетін 450 миллиард доллардың тауарына баж салығын көтеретінін ескертті.

АҚШ-тың қаржы министрлігі осы аптаның соңында инвестициялық және экспорттық шектеулер туралы ұсынысын жариялайды. Ал, өткен айда Трамп маусымның 30-на дейін индустриялдық маңызды технологияларға Қытай компанияларының кіруін және инвестиция салуын  нақты түрде шектеу қажеттігін атап өтті. Сол күн алыс емес.

The Wall Street Journal газетінің мәліметінше, жаңа шектеуге Қытай инвестициясының үлесі 25 пайызға жеткен америкалық компаниялар ілігуі мүмкін. Бірақ, АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин бұл ақпаратты «жалған жаңалық» деп атап өтті.

Қытай-2025
Трамп АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігін Қытайдың алдында биязы мінез танытып, оған өндірісте үстемдік етуге мүмкіндік беріп, Американың сезімтал технологияларын Бейжіңнен қорғай алмады деп айыптап келеді. Болжамдарға қарағанда, Трамп әкімшілігі Қаржы министрлігіне бағынатын шетелдік инвестициялар комитетіне өз билігін кеңейтуі мүмкін. Бұл комитет қазірдің өзінде порттар мен жартылай сым құрылғыларға Қытай қаржысының салынуына тосқауыл қойып отыр.  

Rhodium Group зерттеу фирмасының мәліметінше, 2017 жылы АҚШ экономикасына салынған Қытай инвестициясы 35 пайызға қысқарған. Алдыңғы жылы Құрама Штаттар өндірісіне Бейжің 45,6 миллиард доллар құйды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.  Ал, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қытай Америкаға небары 1,4 миллиард доллар инвестиция салыпты.

Бірқатар экономистердің ойынша,  жаңа экспорттық шектеулер америкалық компаниялардың «өндірістік маңызды» технологияларды Қытайға сатуын қиындатады.

Кейінгі кездері Құрама Штаттарды «Қытайда жасалған -2025» атты индустриалдық даму жоспары ерекше алаңдатып отыр. Ресми Вашингтон бұл жобаны  Қытайды әлемде ғарыш, телекоммуникация, роботтық техника, электромобиль жасау салаларында үстем етудің картасы деп біледі. 

Дауды шешетін мүмкіндік шамалы
АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық шиеленіс уақыт өткен сайын өршіп барады. Сауда мамандарының пікірінше, бұл дауды шешетін мүмкіндік шамалы.  «Меніңше, ушығып бара жатқан тайталасты тоқтатын амал қалмай барады», – дейді Петерсон халықаралық экономика институтының Қытай жөніндегі сарапшысы Мартин Хорземпа. Оның пікірінше, екі жақтың арасында өзара сенімсіздік тұрғанда, сауда дауын шешу оңай емес.

Хорземпаның ескертуінше, Бейжіңде Американың Қытайға тәуелді Apple және GM секілді компанияларына қысым жасайтын құрал жеткілікті.  Солардың қатарында осы фирмалардың өнімдерін порттарда ұзақ ұстау немесе оларды елге кешіктіріп кіргізу тәрізді тәсілдер бар.

«Үкіметтің корпоративтік инвестициялық шешімдерге ұлттық қауіпсіздікті желеу етіп тікелей араласуы – экономиканы басқару жолдарынан радикалды түрде алшақтау деп ойлаймын », – дейді Хорземпа.

Ұсынылған шетел инвестицияларын шектеу туралы ережелер Қытайға ғана қатысты емес. Мнучин мәлімдегендей, Америка технологияларын ұрлаған барлық елдерді осындай жаза күтіп тұр.

Жаңа тайталас әлем биржаларында индекстерді төмендетті
Қытай мен АҚШ арасындағы тайталастың жаңа белеске көтерілуі қор нарықтарына кері әсер етіп отыр. Бүгін Лондон, Париж, Франкфурт биржаларында мыңдаған компанияның құнды қағаздарының орташа бағасын көрсететін индекстер шамамен 0,25 пайызға түсті. Ал, Құрама Штаттарда Alphabet, Google, Apple, Amazon тәрізді технологиялық фирмалардың акциялары 2,5 – 3.0 пайызға арзандап отыр. Гонконг, Шанхай, Сеул, Токио биржаларында да құлдырау байқалды.

Бақылаушылардың ойынша, қор нарықтарында мұндай ахуалдың қалыптасуына Американың агрессивтік сауда риторикасы себепші. Өйткені, сол риторика  инвесторлардың көңілін суытып, олардың акция сатып алуға деген тәбетін төмендетіп, ғалам экономикасының дамуын тежейді деген қауіп бар.

Арыстан Рысбек