Саудадағы барлық тон мен ішік таңбаланды

Қазақстанда қанша былғары ішік, сеңсең тон саудада тұрғаны белгілі болды.

17 Тамыз 2018 15:08 Автор: Жанат Ардақ
Саудадағы барлық тон мен ішік таңбаланды, Тондарды таңбалау, тон сататын дүкендер, қымбат тон

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда тері бұйымдарын таңбалау аяқталғанын хабарлады.

Еуразиялық одақ аясында «Тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы келісімді» іске асыру шеңберінде былтыр тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилоттық жоба елімізде де іске қосылды.

Нәтижесінде, 2017 жылғы 27 қарашадан бастап, 2018 жылғы 13 тамызға дейін Қазақстанның нарығында саудада тұрған 236 487 бірлік тері бұйымдары таңбаланған. Келісім бойынша бұдан былай ЕАЭО аумағында таңбаланбаған ішіктер мен тондарды сатуға тыйым салынады.

Бұл ретте «Таңбалаудың ақпараттық жүйесі» құрылған. Оған қазіргі кезде 942 тері бұйымдары нарығының субъектілері, яғни осы бұйымдарды сатушы кәсіпкер тіркелген.

«Таңбалау жүйесін енгізудің басты пайдасы сол, тері бұйымдарының нарығы айтарлықтай анық бола бастады, «көлеңке» азайды, тиісінше, бұл нарыққа қатысты неғұрлым объективті, шынайы көрініс қалыптасты. Таңбалау жүйесін енгізудің тағы бір оң қыры бар: кедендік төлемдер түсімі өсуде, фискалдық тиімділік пайда болды, сонымен қатар, нарық субъектілерінің заңдастырылуы секілді жанама тиімділігі де байқалуда», – дейді мемкірістер комитеті.

Меморган енді кәсіпкерлердің белгіленген үлгідегі бақыланатын (сәйкестендіру) белгілері жоқ тері бұйымдарын өткізуге құқығы жоқтығын қатаң ескертеді.

Осыған байланысты, мемкірістер органы сатып алушылардан, заңнама нормаларын бұзған және таңбаланбаған тері бұйымдарын сатқан жағдайда «1412», немесе «8-800-64-52» нөмірі бойынша сенім телефонына хабарлауды сұрайды.

Жанат Ардақ