Саудия әлемнің "экономикалық апатқа" ұшырайтынын ескертті

3928

Саудиялық журналистің тағдыры әр-Рияд пен Батыстың қатынасын шиеленістіріп, дүниежүзіне 1973 жылғыдай мұнай дағдарысы қаупін төндіріп тұр.

Саудия әлемнің "экономикалық апатқа" ұшырайтынын ескертті

Соңғы 45 жылда Сауд Арабиясы бұлай сөйлеген жоқ. Бірақ, жексенбі күні әр-Рияд күтпеген жерден мәлімдеме жасап, "әлем экономикасында өмірлік маңызы зор рөл" ойнайтынын ескертті. 1973 жылы бірінші мұнай дағдарысына түрткі болған араб эмбаргосынан бері Саудиядан бұндайды ешкім естіген емес. Кейбір бақылаушылардың ойынша, Вашингтон немесе Еуропа одағы санкция жариялайтын болса, Саудия негізгі байлығы – "қара алтынды" сыртқы саясаттың құралына айналдыруға әзір.

Батыс пен бұл таяушығыстық монархия қатынасының шиеленісуіне қазанның 2-де Сауд Арабиясының Стамбұлдағы консулдығына кірген саудиялық журналист Жамал Хашоггидің жоғалып кетуі себепші. Хашогги – АҚШ-тың резиденті, "Вашингтон пост" газетінің комментаторы. Ол бұған дейін әр-Риядтың саясатын сынаумен көпке танылды. Түркияға сенсек, Хашогги дипломатиялық миссияның ішінде өлтірілді және оның мәйіті жасырын әкетілді. Алайда, Саудия үкіметі мұны мойындамай отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп тілшінің консулдықта өлтірілгені расталса, Сауд Арабиясын "қатаң жазалайтынын" ескертті. Еуропаның ең ірі экономикалары да үнсіз қалған жоқ. Ұлыбритания, Франция, Германия бұл оқиғаға "үлкен мән" беріп отырғандарын мәлімдеді. "Егер Сауд Арабиясының айыбы дәлелденсе, жағдайға сәйкесінше жауап беруге тиіспіз" – дейді ресми Берлин.

Мұнай бағасы 200 долларға жетуі мүмкін
Ал, Саудия иелігіндегі "әл-Арабия" телекомпаниясының бас директоры Түрки әд-Дахилдің сөзінше, Батыс дүниежүзінің ірі мұнай экспортеріне санкция жариялайтын болса, әлем "эконономикалық апатқа" ұшырайды.

"Бұл Сауд Арабиясын тәулігіне 7,5 миллион баррель мұнай өндіру міндетін орындай алмайтындай жағдайға жеткізеді. Президент Трамп шикізат бағасы 80 долларға жеткенде де ашынды. Санкция салдарынан мұнай құны 100-200 долларға, керек десеңіз, одан екі есеге де қымбаттап кетуі мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды", – дейді әд-Дахил.

Келесі аптада әр-Риядта "Шөлдегі Давос" деген атпен үлкен элиталық инвестициялық конференция өтуі тиіс. Бұл шараның монархия билігі үшін маңызы өте зор. Өйткені, Саудия бүгінде өз экономикасын әртараптандыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға шетел капиталын тартуға аса мүдделі болып отыр.

Дегенмен, Хашоггидің жоғалуы тақ мұрагері – ханзада Мұхаммед бин Салманның тұсында Сауд Арабиясының саясатына күдікті тіпті күшейтіп жіберді.

"Саудияның Йемендегі соғысқа араласуы, Катармен, Канадамен, Германиямен дауласуы, әйел белсенділерді тұтқындауы... Мұның бәрі инвесторларды алаңдатпай қоймайды", – дейді Парсы шығанағы елдерінің есімін атамаған бір банкирі "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Хашоггидің жоғалуына байланысты бірқатар медиа ұйымдар мен ірі корпорациялардың басшылары аталған конференцияға қатысудан бас тартты. Солардың қатарында JP Morgan Chase,  Ford, CNN, the Financial Times, the New York Times, Bloomberg, the Economist бар.

Конресстің реакциясы
АҚШ сенаторлары Сауд Арабиясына экономикалық санкция жариялап қана қоймай, әр-Риядтың Йемендегі әскери операцияларына көмектесуді доғаруға шақырып отыр.

"Егер олар журналисті консулдыққа алдап шақырып алып, ортағасырлық тәсілмен өлтірсе, бұл үлкен қылмыс", – дейді Флоридадан сайланған сенатор Марко Рубио CNN телекомпаниясына берген сұхбатында.

Болжамдарға қарағанда, Конгресте Саудияға қарсылықтың өршуі АҚШ-қа ОПЕК елдерін заңмен қудалауға мүмкіндік беретін No OPEC  немесе NOPEC актісін қабылдауға жол ашуы ықтимал.

"СNN" мен "Нью-Йорк Таймстың" хабарлауынша, Сауд Арабиясы журналистің өлімін мойындап, оның "абайсыз" жауап алу кезінде барлау қызметкері қолынан қаза тапқаны туралы мәлімдеме жасамақ.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу