Сегіз айда 80,7 млрд теңге игерілмеген

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2554

Бақытжан Сағынтаев министрлер мен әкімдерді бір сілкіп алды.

Сегіз айда 80,7 млрд теңге игерілмеген

Үкіметтің бүгінгі отырысында бірқатар министр мен облыс әкімі премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтан сөз естіді. Олар сегіз айдың қорытындысы бойынша бюджет қаржысын игермеген.

Игерілмеген қаржының көп бөлігі қорғаныс министрлігіне тиесілі. Бұл ведомства қаңтар-шілде аралығында 15,4 миллиард теңгені кәдеге жаратпаған. Үкімет басшысы тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаған министр Нұрлан Ермекбаевқа  жағдайды дұрыстауды тапсырды.

Бюджеттен бөлінген қаржыны толық игермеген мекеменің бірі – мәдениет және спорт министрлігі. Ведомства 11,1 миллиард теңгені ұқсатпаған. Ал министр Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, "бәрі жоспарлы түрде жүріп жатыр".

"Қалай жоспарлы түрде жүреді? Сегіз айдың қорытындысы бойынша игерілмеген ақша осыншама болса… Сонда жоспарлы түрде игермей отырамыз ба? 11 миллиард теңгеге қанша мектеп, қанша балабақша салуға болатынын білесіз бе?! Бұл қаржыға қаншама шақырым жолды жөндеуге болады?! Қаржы игерілмесе, бюджетті қайта қарау кезінде алып қоямыз. Өкпелемеңіздер", – деді министрдің жауабына көңілі толмаған Бақытжан Әбдірұлы.

Қаржыны игермеген мекемелердің қатарында ауыл шаруашылығы министрлігі де бар. Министрлік 10,9 миллиард теңгені игермеген.

"Біздің бюджет – 355 миллиард теңге. Соның ішінде 10,9 миллиард теңге игерілмеген. Оның ішінде 5 миллиардтан астам теңгеге су шаруашылығының актілерін күтіп отырмыз. Актілерге қол қойылса, ақша бірден төленеді. Содан кейін ғылым жағынан 3,5 миллиард теңге игерілмей отыр. Маусым айында білім және ғылым министрлігіне өтініш бергенбіз. Екінші өтініш тамыз айында берілді. Өтініш 90 күн қаралады екен. 90 күн деген өте көп қой. Тәртібін өзгерту керек секілді", – деді премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.

Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы министріне берілген ақшаны қалайды игеру керек екенін қадап айтты.

Қалмұханбет Қасымов басқаратын ішкі істер министрлігі 4,5 миллиард теңгені игермеген.

"Қыркүйекке дейін орындаймыз", – деді Қалмұханбет Қасымов.

"Қалай сонда, біз қазір қыркүйектің ішінде отырмыз ғой. Бүгін 11- қыркүйек емес пе? Өтірік айтқанда да дұрыстап айту керек қой", – деді ішкі істер министрінің жауабына қанағаттанбаған үкімет басшысы.

Қаржыны толық игермеген облыс әкімдері де Бақытжан Сағынтаевтың "қаһарына" ұшырады. Мәселен, Қызылорда облысы 2,9 млрд, Түркістан облысы – 1,9 млрд,  Батыс Қазақстан облысы – 1,4 млрд, Павлодар облысы 1,3 млрд, Солтүстік Қазақстан облысы 1,3 млрд, Жамбыл облысы 1,1 миллиард теңгені игермеген.

Бақытжан Сағынтаев экономикалық өсімнің мақсатты көрсеткіштерін орындамаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды.

"Мемлекет басшысы кемінде 4%-дық өсімді қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Алайда статистикалық деректерге сүйенсек, 8 айдың қорытындысы бойынша өсім 3,8%-ды құрады. Тимур Мұратұлы (Сүлейменов, ұлттық экономика министрі – ред.) өз баяндамасында атап өткеніндей, жыл соңына дейін 4%-дық өсімге қол жеткізу үшін қалған төрт айдағы өсімді орта есеппен 4%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет. Атқаратын жұмыс көп", – деп Бақытжан Сағынтаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу