Сексеуілдің бір бұтасы 4 тонна көшкінді тоқтатады

787

Қазақстанның үш облысының – Қарағанды, Түркістан және Жамбыл облыстарының аумағында, Сарысу, Шу өзендерінің төменгі ағысы мен Балқаш көлінің арасында орналасқан Бетпақ дала шөлінің аумағы соңғы жылдарда ауылдарға қарай жылжи бастаған.

Сексеуілдің бір бұтасы 4 тонна көшкінді тоқтатады Фото: canva.com

Соған байланысты соңғы жылдарда Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы жерлер тозып, шөлейтті аймақтардың аумағы ұлғайып келеді. Мамандар өңір үшін өзекті мәселе – шөлейттенуді болдырмау үшін жыл сайын орта есеппен 5-7 мың гектар сексеуіл егілетінін айтады. Бір ғана сексеуіл бұтасы 4 тонна көшкінді тоқтатып, 10 шаршы метр құмды ұстайды екен.

"Былтыр өңірде 24,4 миллион ағаш көшеті отырғызылған. Биылғы егілген көшеттер саны – 31,4 миллион. Күзде 13 147 гектарға сексеуіл егуді жоспарлап отырмыз", – дейді Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев.

Соңғы жылдары құмды аймақтары бар Мойынқұм және Шу аудандарында шөлейттенген дала аумағы ұлғайған. Құмдар Жамбыл өңірінің оңтүстігіне қарай жылжуда.

"Облыста 4,5 миллион гектардан астам жерді алып жатқан 15 орман шаруашылығы бар. Оның 2,2 миллионнан астамын сексеуіл ормандары алып жатыр. Тек бір бұтаның тамыры шамамен 4 тонна құмды ұстай алады. Осылайша, бұл қарапайым көрінетін бұта шөлейттенудің алдын алады", – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Айта кету керек, Жамбыл облысында 2021-2025 жылдарға бекітілген ормандарды молықтыру және орман өсіру жоспары бойынша жалпы бес жылда 140,8 миллион ағаш отырғызылады. Бүгінгі таңда 26 мың гектардан астам аумаққа 50 миллионнан астам ағаш егілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу