Сенімді туроператорлардың тізімі жасалады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15245

Осы уақытқа дейін шетелге қыдырып барған қазақстандық 12 мың турист зардап шеккен.

Сенімді туроператорлардың тізімі жасалады

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясының төрайымы Майнұр Мырзамадиеваның дерегіне сүйенсек, осы уақытқа дейін шетелге қыдырып барған қазақстандық 12 мың турист зардап шеккен екен. Сондай-ақ, олар 10 млн доллар көлемінде шығынға ұшыраған.

"Мәселен, 2012 жылы туроператорлардың бірі Грекияда 450-ге жуық адамды қалдырып кетті. Дәл осындай оқиға 2013 жылы да қайталанды. Бұл жолы 620 адам зардап шекті. Міне, осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін шетелге демалып барған қазақстандықтарға қол ұшын созатын шұғыл көмек беру қоры құрылды. Ол "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры деп аталады", – деді Майнұр Мырзамадиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Туризм индустриясы төрайымының сөзінше, отандастарымыз шетелде жүріп келеңсіз жағдайларға тап болса, олардың елге қайтуына "Туристік Қамқор" қоры көмектеспек. Ол үшін туроператор қорға шетелге жіберілетін әрбір турист үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде аударым жасауы керек. Ал аударым жасалмаса, "Туристік Қамқор"-дан көмек күтудің қажеті жоқ.

"Туризм саласында жұмыс істейтін кейбір операторлардың кінәсінен қазақстандық туристердің көп жағдайда шет елдерде жатын орындары төленбейді немесе кері қайту билеттері болмай қалады. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан жолаушылар шетелде қалуға мәжбүр болады. Мұндай жағдай көбінесе туроператорлардың банкрот болуынан немесе алаяқтық салдарынан орын алады", – дейді Майнұр Мырзамадиева.

Сондықтан, сенімді туроператорлардың тізімі жасалмақ. Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаеваның сөзіне сенсек, тізім осы айдың соңында толықтай дайын болмақ.   

"Туристік Қамқор" қорымен бірге ешқандай қиындықсыз жолдама сатып алуға болатын сенімді туроператорлардың тізімін жасау туралы ортақ келісімге келдік. Қазір операторлардың жұмысына кепілдік бере алатындай талаптарды әзірлеп жатырмыз. Бұл ретте, "Рұқсаттар мен хабарламалар" туралы заңға сәйкес, талаптар қойылатын туристік операторлардың мемлекеттік реестрі бар. Алайда, мұндағы талаптар жеткіліксіз", – деді Әсел Нүркебаева.

Оның айтуынша, жауапты мекемеде аталған заңды сақтамағаны үшін жаза қолдануға болатындай немесе оны бақылайтындай құзырет деңгейі жеткіліксіз. Сондықтан, қойылатын талаптарды барынша кеңейту әрі қатаңдату жоспарланып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу