Сербия қазақ кәсіпкерлеріне субсидия беруге әзір

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1966

Екі ел тікелей әуе қатынасын құруға уағдаласты.

Сербия қазақ кәсіпкерлеріне субсидия беруге әзір

Алдағы уақытта Қазақстан мен Сербия арасында тікелей әуе қатынасы құрылмақ. Астанада өткен бизнес-форумда қос тарап осыған уағдаласып, арнайы меморандумды бекітті.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан-Сербия бизнес-форумында бекітілген меморандум тікелей әуе қатынасын құру бойынша келіссөздер жүргізуге құқықтық негіз бола алады.

"Меморандум бекітілмей, келіссөздер жүргізу қиын. Өйткені, әр елдің өз заңы бар. Ал меморандум ортақ келісімге келуге құқықтық негіз бола алады. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейтін боламыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Қазақстан-Сербия бизнес-форумында бұдан бөлек, тағы үш меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, екі ел құрылыс саласында ынтымақтастық орнатып, өзара тәжірибе алмасуға ниетті. Сондай-ақ жастар саясаты бойынша бірлесіп жұмыс жүргізуге бейілді. Бұдан бөлек, ғылыми-ветеринариялық салада да байланыс бекімек.

Форумға қатысқан ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев сербиялық кәсіпкерлерді Қазақстанға шақырды.

"Біз өңдеуші өнеркәсіп және шикізат секторына инвестиция салынғанын құптаймыз. Президент жақында Ұлттық банкке экономиканың түрлі саласына 600 млрд теңге бөлуді тапсырды. Бұл салалардың қатарында агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі, өңдеуші өнеркәсіп, шағын және орта бизнес бар. Сондықтан қазақстандық кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылған. Инвестиция салуға қолайлы саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Қазақстан агроөнеркәсіп кешеніне ерекше назар аударуда. Жыл сайын мемлекет ауыл шаруашығы бағдарламаларына шамамен 100 млрд теңге бөліп отыр", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министрдің пікірінше, Сербия Қазақстанның Еуропадағы сенімді серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда байланысы жыл өткен сайын нығайып келеді.

"Сербия халықаралық деңгейдегі біздің бастамаларымызға үнемі қолдау көрсетеді. Былтыр Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналамы 59%-ға өсті. Дегенмен, пайыздық көрсеткішті ақшаға айналдырсақ, аса жоғары емес. Сондықтан сауда-экономикалық байланысты дамыту маңызды. Алдағы уақытта бұл саладағы байланыс жаңа деңгейге көтеріледі деген ойдамын. Оған арнайы құрылған үкіметаралық комиссия септігін тигізуі тиіс", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстан-Сербия бизнес-форумының қадірлі қонағы – Сербия президенті Александр Вучич қазақстандық кәсіпкерлерге субсидия беруге әзір екенін мәлімдеді.

"Біз еркін сауда аймағы туралы келісімге түзету енгізу үшін жұмыс істеудеміз. Әріптестерімізден құс еті, ірімшік, шылым және өзге де тауарларды қоса алғанда ЕАЭО нарығында бірнеше тауарлық позицияда кеденсіз импортты қамтамасыз етуді сұрап отырмыз. Сонымен қатар, 5 мың автомобиль квотасы жайында да сөз қозғадық. Келешекте ынтымақтастық үшін үлкен кеңістік табамыз деген үміттеміз. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Әскери-техникалық салада да бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сондықтан қазақстандық инвесторлардың Сербияға келгенін қалаймыз. Doing-business тізімінде екі ел қатарлас орналасқан екен. Соңғы үш жылда біз бұл тізімде біршама жоғарыладық", – деді Сербия президенті.

Александр Вучич қазақстандық кәсіпкерлерді туризм, қонақ үй бизнесі секілді салаларға қаржы құюға шақырды. Бұл ретте, кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалатынын мәлімдеді.

"Біз мемлекеттік субсидия береміз. Субсидия жаңа жұмыс орнындарының саны бойынша үлестіріледі. Оны ұсынудың түрлі деңгейлері мен тәсілдері бар. Бірлескен кәсіпорын құру арқылы үлкен нарықты бағындыра аламыз. Мәселен, сіздер үшін батыс-еуропалық, ал біз үшін еуразиялық нарық маңызды", – деді Александр Вучич.

Сербия президенті екі ел ақпараттық технологиялар саласында да байланыс орната алатынын жеткізді. Оның айтуынша, бағдарламалық қамтамыз ету саласында сербиялық компаниялар үздіктер қатарында.

Қазақстан-Сербия бизнес-форумына агроөнеркәсіп кешені, химия, туризм, медицина, көлік, телекоммуникация салаларында жұмыс істейтін сербиялық компаниялар қатысты. Олардың қатарында Algotech, Сhemical Agrosava, Akomed, Meat ING Belgrade секілді ірі компаниялар бар. Форумға Қазақстан тарапынан 80-ге жуық кәсіпкер қатысты.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сербия арасындағы сыртқы сауда айналымы 59%-ға өсіп, 42 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде сербиялық капиталдың қатысуымен Қазақстанда шамамен 40 компания жұмыс істейді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу