Сергей Терещенко: Шаруа қожалықтарын таратуым қателік болды

2213

"Негізгі қуатымыз... бірінші кезекте ауыл шаруашылығы. Жекешелендіру барысында дұрысы – ірі кәсіпорындардың акциялары әр азаматтың қалтасына табыс болып түсуі керек", дейді Қазақстанның тұңғыш экс-премьер-министрі.  

Сергей Терещенко: Шаруа қожалықтарын таратуым қателік болды

"Жаппай жекешелендіру кезінде ұжымдық шаруашылықтар ("коллективное хозяйство" немесе "ұжымдық шаруашылық", қысқаша "колхоз" және "ұжымшар", "советское хозяйство" немесе "кеңестік шаруашылық", қысқаша "совхоз" және "кеңшар" деп аталатын. – abctv.kz) талан-тараж болып кетті. Бұл біздің үкіметтің ең үлкен қателігі екенін өз басым қазір мойындаймын", – дейді Сергей Терещенко.

Сергей Терещенко – 1991-1994 жылдары Тәуелсіз Қазақстан үкіметі басында отырып, тұңғыш премьер-министрі болды.

Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан үкіметін 9 премьер-министр басқарып, министрлер кабинеті 13 рет жаңартылған екен. Осы уақыт аралығында еліміз 2013-2014 жылдардағы шикізаттық дағдарысты қоса есептегенде, төрт ірі жаһандық дағдарысты бастан кешіп, 3 рет ірі жекешелендіру науқанын өткізген.

Ал 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бүгінге дейін ел экономикасына алыс-жақын шетелден 250 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылыпты. 2 ғасырдай аңсап жеткен тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында үкіметті басқарған Сергей Александрович Терещенко abctv.kz порталына сұхбат берді.

– Сергей мырза, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет басшысы үкіметті сізге сеніп тапсырды. Сол уақыттағы сіз басқарған Үкімет пен қазіргі үкіметтің кәсібилігін, соның ішінде соңғы жылдары қолға алынып жатқан орталықсыздандыру жұмыстарына қандай баға берер едіңіз?

– Егемендікті ала салысымен біз өз күнімізді өзіміз көріп кеттік деу асыра сілтеушілік болар еді. 1991 жылдан кейін де біздің экономика Мәскеуден басқарылып тұрды. Соңғы бірнеше жылда үкіметті орталықсыздандыру, яғни биліктің белгілі бір бөлігін жергілікті атқарушы органдарға жүктеу шаралары өз жемісін бере бастағанға ұқсайды. Қазір мемлекеттің халық алдындағы және бизнес алдындағы бірқатар міндеті жергілікті әкімдіктер арқылы шешіледі.

Ал біздің кезімізде бар ауыртпалық орталық органдарға түсті. Қазір ойлап отырсам, сол кездері қарапайым халықпен қатар, ірі кәсіпорындар да көмек сұрап үкіметке жиі қоңырау шалатын. Қарағандының көмір кен орындары жабылып қалуы мүмкін екенін айтып, екі күннің бірінде қаражат сұрап қоңырау шалатын. Мемлекетте ол кезде ірі кәсіпорынға көмектеспек түгілі, халықтың жалақысын төлейтін қаражат болмады. Осы кезде мемлекет басшысы жаппай жекешелендіруге бет бұрды.

– Тоқсаныншы жылдардың басындағы жекешелендіру кезінде мемлекет маңызды нысандарды шетелдік компанияларға сатуға мәжбүр болды. Қазір де ірі кәсіпорындарды сатып алушы компаниялар негізінен шетелдіктер. Ширек ғасыр ішінде отандық компаниялардың ішкі бизнеске ие бола алатын деңгейге жете алмауына не себеп?

– Ол кездегі үкімет пен қазіргі үкіметтің міндеті мүлде екі түрлі екенін ұмытпау керек. Біздің кезімізде үкіметтің негізгі міндеті елдің күнделікті өмірін қамтамасыз ету еді. Халықты жұмыспен қамту және оларға жалақы төлеу. Осы мақсатта елдегі ірі кен орындары, соның ішінде мұнай-газ саласының кәсіпорындары шетелдік алпауыт компаниялардың меншігіне берілді.

Үкімет осыдан айтарлықтай пайда да тапқан жоқ. Әйтеуір, халықтың бір бөлігін жұмыспен қамтып отырса болды дедік. Ал қазіргі күні үкіметтің мойнындағы басты міндет – ел экономикасының өсу қарқынын арттыру. Алдыңғы қатарлы отыздыққа сүйреу. Оған жету үшін кәсіпорындарды сатып қана отыра беру жеткіліксіз. Үкімет нені кімге сату керектігін білу керек.

Қазіргі жекешелендірудің де 90-шы жылдардағыдан айырмашылығы көп. Қазір жекешелендіру жекелеген кәсіпкерлердің жекешелендіруі емес, халықтық жекешелендіру.

Яғни, мемлекет кәсіпорындарды шетелдіктер былай тұрсын, отандық бизнесмендерге де ойланып сатқаны жөн. Дұрысы, ірі кәсіпорындардың акциялары әрбір азаматтың қалтасына табыс болып кіруі керек.

Дегенмен, қазіргі науқанға қарайтын болсақ, бұрынғыдан айтарлықтай өзгешелік байқалмайды. Қазақ компаниялары жоқ демеймін, бірақ экономиканың басты секторлары, яғни металлургия мен мұнай-газ саласы, негізінен, тағы да сол шетелдік алпауыттардың иелігіне беріліп жатыр.

– Қазіргі таңда жалпы ішкі өнімнің 90%-ға жуығы шикізат үлесінде. Сіздің ойыңызша, елдегі қай сала экономиканың қозғаушы күші болар еді?

– Қазақстанда туризм мен көлік-тасымалы саласының әлеуеті жоғары. Соның ішінде туризмнің қай түрі болмасын, өзінің тұтынушыларын табар еді. Ал үстімізден өтетін Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізі біз үшін үлкен мүмкіндік.

Одан қалды Ақтау портының транзиттік мүмкіндігін толығымен пайдалана алсақ, ауадан ақша жасауға болады. Бұлар, әрине, ел экономикасының көмекші салалары болып қала береді.

Ал негізгі қуатымыз, шикізатты санамағанда, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы. Дәл осы салада еліміздің өзгелерден 3 артықшылығы бар. Біріншісі, ішкі нарықтың шағындығы. Салыстырмалы түрде, халықтың санына сай, біздің тұтынатын азық-түлігіміз де, қазір ғана айтқанымдай, көп емес. Яғни, ішкі нарықты қамтамасыз ету қиын болмаса керек еді.

Екіншіден, жердің кеңдігі. Жайылымдық жердің көлемі мен егістік өнімдерінің экспорты жағынан Қазақстан көш басындағы мемлекеттердің бірі. Үшіншіден, көршілес елдердің зор импорттық сұранысы. Соның ішінде Қытай мен Иран нарығына жеміс-жидектен бастап бидай мен етті қанша сатсаңыз да олар "болдым" демес еді.

– Дегенмен де, өзіңіздің үкімет басқарып тұрған тұсыңызда ұжымдық шаруашылықтар таратылған жоқ па еді? Ал қазір ауыл шаруашылығы министрлігі саланы дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдап, ауыл шаруашылық кооперативтерін құруды ұсынып отыр. Бұл игі істі үкімет тым кеш қолға алған жоқ па?

– 90-шы жылдардың басында біздің ауыл шаруашылығы саласы туралы ұстанымымыз сәл басқаша болды. Үкімет бұл салаға айтарлықтай мән бермеді. Біз ол кезде ауыл шаруашылығы өзге салалар секілді жеке меншікке өткенде ғана дамиды деп ойладық. Дайын тұрған ұжымдық шаруашылықтарды біріктіріп акционерлік қоғам ретінде құру керек еді.

Жаппай жекешелендіру кезінде ұжымдық шаруашылықтар талан-таражы болып кетті. Бұл біздің үкіметтің ең үлкен қателігі екенін өз басым қазір мойындаймын. Бірақ, "ештен кеш жақсы" дегендей, егер қазіргі үкімет кооперативтерді дамытқалы жақса, бұны өткеннің қателігін түзетуге жасалған қадам ретінде қабылдағанымыз жөн.

Сөз соңында алғашқы үкімет басшыдан ширек ғасырда қазақтар неден ұтып, неден ұтылғанын сұраған едік. Сергей Александрович басты жетістік ретінде мемлекеттің егемендігін нығайтып, елдің әл-ауқатының жақсарғанын айта келіп: "Әлемдік деңгейде беделіміздің де көтерілгенін мақтанышпен айтуға болады. Осы уақыт аралығында елге 250 млрд доллар инвестиция салыныпты. Ертеңінен үміт күттірмейтін мемлекетке ешкім де сеніп қаржы салмас еді", – деді.

Ал қай жерде қапы қалдық дегенге: "Қазір біз өз кемшілігімізді өзіміз көре алатын деңгейдеміз. Көзге көрініп тұрған нәрселерді айтып не қылайын", – деп езу тартты.

Сұхбаттасқан Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу